Таңда туған жұлдыздай жарқ еткен қайран дарын!

Туған жерінің бозторғайындай жас дарынның қазасына Жылыой жұртшылығы қайғырды.

Аймаққа танымал талантты әнші Дәурен Бисенбайұлы Бигелдиев Құлсары қаласында 1986 жылы 6 сәуірде дүниеге келді. Тума талант он жасынан бастап облыстық, аймақтық, республикалық өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Дәурен шырқау көкке жетер қоңыр дауысымен талай музыка білгірлерін тамсандырды.

2003 жылы республикалық «SuperStar.kz» мега жобасының аймақтық іріктеуінен өтіп, бүкіл елімізге танымал жобаның конкурсанты атанды. Ал 2005 жылы «Жас қанат» байқауының лауреаты болды. 2005 жылы аймақтық «Күміс көмей» жас орындаушылар байқауының лауреаты атағын иемденді. Ол өнер биігіне тоқтаусыз самғады. 2008 жылы Санкт-Петербургтегі қазақ диаспорасының қолдауымен өтетін әншілер байқауына Атырау аймағы бойынша таңдап алынған өнерпаз еді.

Дәурен Бисенбайұлы осылайша өзінің дарынымен өнер бәйгесінің алдында келе жатты. Әттең, 2013 жылдың 10 наурызы күні небәрі 26 жасында кенеттен дүниеден өтті. Туған жерінің бозторғайындай жас дарынның қазасына Жылыой жұртшылығы қайғырды. Тірі болса ол биылғы сәуір айында 35 жасқа толар еді. Дәуреннің әкесі Бисенбай Бигелдиев кезінде «Кең Жылой» газетінде еңбек еткен, шебер фототілші еді.

Жақында Дәуреннің анасы Дәмет апай әншінің біз білмейтін тағы бір қырын ашты. Ол – марқұм Дәуреннің ақындығы. Кезінде жас әнші өзінің өлең жазатын қабілетін жария етпегенді жөн көріпті. Қарапайымдығынан болар. Алайда бүгінде оның қолжазбасындағы жырларды оқып, олардың жан сырын бейнелей білген шынайы шығармалар екенін білдік. Таңғы жұлдыздай жарқ етіп, беймезгіл сөнген таланттың бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз. Оның есімі туған жерінің әркез жадында.

«Кең Жылой» газеті редакциясы

Сағындым сені, жарығым!

1986 жылдың 6 сәуірінде шыр етіп дүниеге келген Дәуренім жер бетінде жүрсе биыл 35 жасқа толар еді-ау! Әттең- ай, жалған дүниеге сыймай алшаңдап жүрген жарығым, жұлдыздай жанып жарқ етті.

«Дүние қызық құр жалған, жоқ боп кетуім қас-қағым»,-деп өзі айтпақшы, небары 26 жасында кете барды. Оның мінезі ерекше еді, ерке, қырсық, көңілге қарамай айтып тастайтын да, қателігін түсініп тез кешірім сұрайтын. 10 жасынан бастап ән айтып, талай жүлделі орын алып, аймаққа танымал әнші болғанын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Атырау облысы бойынша Санкт-Петербургтегі Қазақ диаспорасының шақыртуына қаражат мәселесімен қатыса алмай, қатты өкінген еді.

Иә, бәрі өтті де кетті ғой, енді Дәуренімнің бойындағы бір-екі қасиетін, талантын мен кеш байқадым. Суға мықты жүзеді екен және өлең жазады екен жасырып. Үнемі қоңыр блокнотқа бірдеңе жазып отырады да, жасыра қояды. Көбіне балконда отырып, кейде құрылысы бітпеген дүкенімізге кіріп, ішіндегі ескі дивандарға отырып жазып жүрді. Тамаққа шақырғанда сол жерден табылатын еді. Тығып қойған жерінен қолжазбасын тауып оқып көрсем, әжептәуір екен. «Мынау жақсы қасиет қой, неге ұяласың, қайта әуен жазғызып, өзің орындап жарыққа шығар»,- дедім.

«Ермек үшін жазып жүрген шатпағым ғой. Мама, ешкімге айтпашы, ренжимін»,-дегесін солай қалды. Кейін сол блокнот жоқ болып кетті. Жоғалтып алды ма, әлде өзі жоқ қылып жіберді ме, білмедім. Біреуге беріп жіберуі де мүмкін, өте шашпа еді. Концертке киетін костюмдерін сұрағандарға беріп жібереді де кейін қайтып алмайды. Қолыма түскен азғантай өлеңдерін баламның туған күнінде оқырмандарға ұсынып отырмын. Мынау алмағайып заманда, қазір бар адам қазір жоқ кезде, баламның халық білмейтін бір қыры ғой, ішімде кетпесін деген оймен.

Жарығым-ау, жатқан жерің жарық, иманың жолдас болсын деймін ғой. Бірақ сен мен үшін әлі қасымдасың.

Анасы Дәмет САТАНОВА

Дәуреннің қаламынан шыққан өлеңдерді газетіміздің №15 санынан оқи аласыздар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521