Түркиядан жүлдемен оралды

Сәуір айының 20-25 жұлдызы аралығында Түркия мемлекетінде «Фоча» І Халықаралық балалар байқауы өткен болатын. Әлемнің 12 елінен қатысқан өнерлі балалар байқауынан жылыойлық Нұрасыл Ізден І орынды жеңіп алып, елге жүлдемен оралды.

Ол байқауда қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза- Әлінің «Қазақ осы» әнін қалың тыңдарман алдында жоғарғы деңгейде орындап, көрермендерді таңқалдырды. Енді алдағы уақытта Болгарияда өтетін халықаралық байқауға жолдама алды.
Измир қаласының маңайында орналасқан Фоча қаласында өткен өнер сайысына Қазақстаннан 20-дан аса қатысушы өнерлі өрендер қатысты. Румыня, Түркия елдерінің намысын қорғаған балалар да жерлесіміз Нұрасылға өнер жолында бәсекелес болды. Көріп отырғандарыңыздай, жеңіс оңайлықпен келмейтін, жүйріктің жүйрігі озар нағыз бәсеке еді. Бірақ қаршадай жылыойлық бала сенім жүгі ауыр екенін сезінді. Аудан, қала берді ел намысын арқалап, шетел асқан жеткіншекке жерлестері, ата-анасы зор қолдау мен сенім білдірген еді.
Түркия еліне аттанбас бұрын Нұрасыл өзінің бағын Алматы қаласында өткен «Мен де жұлдыз боламын» байқауында сынап көріп, 1-ші орынды иеленген. Ал байқаудың өтетін уақыты мен шарттарын олар әлеуметтік желідегі инстаграмм парақшасынан көріп қалып, өз еркімен қатысуға өтініш білдірген.
Өнерлі бала Нұрасыл 2007 жылы Қосшағыл ауылында туған. Қазір ол 9-сыныпты 4 пен 5 деген жақсы бағаға аяқтағалы отыр. Әкесі Сисенбай Ізденұлы мен анасы Жәмила Қанатбаева қашан да ұлдарын қолдап, қай байқау болмасын тақымын қысып, белін буып ерекше дайындықпен аттандырады. Нұрасылдан бөлек оның отбасында өзінен үлкен бауыры бар. Қазіргі таңда ағасы медицина саласында еңбек етеді. Яғни, отбасындағы екі бауыр екі түрлі мамандықтың жолын қуып, өз саласының кәсіби шебері атанғысы келеді екен.
Кейіпкеріміз 2017 жылдан бастап Т.Құлтумиев атындағы №1 балалар саз мектебінің Қосшағылдағы филиалына дәстүрлі ән сыныбына баратын. Алайда, ауылдағы саз мектебі филиалының жабылып қалуына байланысты Құлсарыға келіп ұстазы Айбек Қабыланбековтен дәріс алып жүрді. Нұрасыл биыл тек мектепті ғана емес, саз мектебін де аяқтап, бес жылдық білімі бар түлек атанғалы отыр. Оның ендігі мақсаты - Ақтау қаласындағы оқу орындарының бірінде өзі таңдаған өнер жолы бойынша білім алу. Анасының айтуынша, баланың бойына өнер өз жұртынан да, нағашыларын да дарыған екен. Әкесі де домбыраның құлағында ойнайтын, өнерге жақын азамат болып шықты.
Қосшағылдық дарынды жасөспірімге Болгарияда жеңіске жеткейсің деген ақжолтай тілек айтамыз.


Ш.ХАМИТОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521