Жуырда ауданымыздағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп жанынан жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттырып, оқушылар арасындағы сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру мақсатында алғаш рет «SözCraft» поэзиялық-журналистикалық жобасы құрылды. Оқушыларды журналистика мен поэзия әлеміне жақындатып, оларды шешендік өнерге тәрбиелеуді көздеген жоба кезекті жоспарына сәйкес өткен жұма шәкірттерді ауданның жас қаламгерлерімен жүздестіріп, іс-шараны еркін сұхбатқа айналдырды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, қазіргі заман талабына сай ой еркіндігін дамытуды көздеген «SözCraft» жобасы 5–11 сынып оқушыларына арналған және болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді де басты миссияларының бірі ретінде айқындаған. Мұнда қазіргі уақытта мектеп ордасындағы қара өлеңге қызығушылық танытып, журналистика саласына құмартқан 20-дан астам оқушы мүшелік етіп, тіпті куәлік те алып үлгерген. Іргесі жуырда ғана қаланса да, жобаның мүшелері мектеп ішін түрлі жаңалықтармен қуантып, бірлескен жұмыс негізінде 2 беттен тұратын газет те жазып шығарған. Бұл арқылы олар тілшілік өмірге мектеп табалдырығында жүріп-ақ етене араласып, болашақ мамандықтарының ішкі атмосферасын осы бастан сезінуде. Жоба аясында өткен жұма қазақ поэзиясына өзіндік үлес қосып жүрген жерлес ақындар «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Әлібек Амандықов пен жас тілші Диана Ізбасарқызымен «Ақын – елдің ардағы» тақырыбында тағылымды кездесу кеші өтті. Шараға жоба мүшелері, өлеңге, сөз өнеріне қызығушылығы бар оқушылар қатысып, рухани әсерге толы кештің куәсі болды. Жиын барысында жоба жетекшісі, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Жазира Бисекенова сөз сөйлеп:
- Жобаның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің бойындағы шығармашылық қабілетті шыңдап, ана тіліміздің қадір-қасиетін терең ұғындыру. «SözCraft» бұл тек өлең жазу немесе мақала дайындау алаңы ғана емес, ең алдымен ойды еркін жеткізуге, сөзге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейтін орта. Балалардың бойындағы талантты дер кезінде байқап, бағыт-бағдар беру – ұстаз ретінде біздің басты міндетіміз. Өйткені өздеріңіз білесіздер, баланың болашағы үшін, оның дұрыс мамандық таңдауы үшін, қала берді өз қабілетін табуы үшін ұстаздың алар орны ерекше. Сол үшін жобаның әр мүшесі өз ойын ашық айтып, пікір білдіріп, қоғамдағы өз орнын таба білсе деген ниеттеміз,-деді ол.
Кездесу барысында ақындар өз шығармаларынан үзінді оқып, поэзияға келу жолдары, шабыт көздері, сөздің салмағы мен жауапкершілігі жайлы ойларымен бөлісті. Жасөспірімдер тарапынан қойылған сұрақтар да мазмұнды әрі ойлы болды. Әдебиетке деген алғашқы қадам, өлең жазудағы қиындықтар, журналист пен ақынның ортақ тұстары, тіл мәдениетін жетілдіру жолдары туралы әңгімелер оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті. Олар арнайы келген қонақтарға «Шабытты қайдан аласыз?», «Журналистика саласының қиыншылығы қандай?», «Қай ақындарды үлгі тұтасыздар?», «Өз өміріңізді бір сөзбен сипаттау керек болса, ол қандай сөз болар еді?», «Өлеңдер көбіне қай мезгілде, қай уақытта жазылады?» сынды сұрақтар қойып, соған сәйкес жауаптарын алып жатты. Тағылымды кездесу барысында қазақ поэзиясына құмартқан бір топ ұл-қызбен жүздескен Әлібек Аманжанұлы «SözCraft» жобасының құрылғанымен құттықтай отыра, өз тілегін жеткізіп:
- Жас өрендердің сөз өнеріне деген қызығушылығы қашан да қолдауға лайық. Өлеңге, көркем сөзге бет бұру – жай әуестік емес, бұл ұлт рухына, ана тілінің тереңіне үңілу деген сөз. Осындай жобалар арқылы жас буынның бойында тілге деген құрмет, сөзге деген жауапкершілік қалыптасары анық. «SözCraft» – болашақ ақындар мен журналистердің алғашқы мектебі боларына сенемін және өзге де білім ордалары осы жобаны жалғастырса деген ниетім бар. Өйткені қаламды серік еткен әр шәкірт өз ойын батыл айтып, шындықты сөзбен жеткізе білсе, ел ертеңі де еңселі болмақ,-деді ол.
Кеш барысында «Кең Жылой» газетінің тілшісі Диана Ізбасарқызы да оқушылармен еркін сұхбаттасып, шығармашылықта ең бастысы – ізденіс пен табандылық екенін атап өтті. Сонымен қатар поэзияның адам жанына әсер ететін ерекше күш екенін тілге тиек етіп, оқушыларды ұлттық әдеби мұраны қадірлеуге шақырды. Оның айтуынша, өлең – тек ұйқас емес, ол – ой, сезім, махаббат және рух.
Кездесудің негізгі мақсаты оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық рух пен әдеби мұраны дәріптеу, эстетикалық талғам мен рухани құндылықтарды қалыптастыру, тікелей қарым-қатынас арқылы шығармашылыққа баулу және тіл мәдениетін дамыту болды. Бұл тұрғыда шара өз мақсатына толық жетті деуге болады. Себебі жоба қатысушылары көкейінде жүрген сауалдарына жауап алып, әдеби ортадағы еркін әңгіменің мәнін терең сезінді. Жоба – жастар мен шығармашыл тұлғалар арасындағы рухани байланысты нығайтып, әдебиет пен журналистикаға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды алаң. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, туған тілдің қадірін терең ұғынуына жол ашады. Ал сөз қадірін білген ұрпақ елдің ертеңі болары анық.
Д.ДЕРБІС



