Сөз бен саз үндескен сәт

Поэзия - жүректен төгілген шұғылалы шуақ, жан дүниенің ішкі лүпілін сырлы сөзбен өрнектеген өмірдің нәзік әуені. Ал әсем ән сөздің сазға айналған шағы, сезімнің әуен болып шарықтауы. Осы қос құдірет бір жерге түйіскенде көрермен құлағының құрышын қандырып, рухани азық сыйламақ. Мұндай тамаша кеш қаламыздағы «Жансая» саябағында аудандық орталық кітапхана мен «Мұқаба» әдеби-поэтикалық клубының ұйымдастыруымен өтті. Әсем ән мен өрнекті өлең қала тұрғындарына керемет әсер сыйлап, әдемі кештің куәсі болдық.

Поэзия мен ән - екеуі егіз ұғым. Бірі үнсіз сырласса, бірі үнмен мұңдасады. Ол көзге көрінбейтін, бірақ жүректі тербейтін сәуле. Аудан жастары жұманың кешінде қаладағы V ықшам аудандағы саябаққа жиыла бастады. Рухани кешке шөлдеген тұрғындардың да қарасы қалың болды. Бір қызығы, ойын алаңында жүрген ел ертеңі де қызықтан құр қалмайын дегендей, парасатқа толы поэзияға құлақ түріп, жастар арасында хит болып жүрген әндерді қосыла шырқады.

Кештің шымылдығын түрген Нұрлыбек Амандық, Анар Арманқызы, Әлібек Амандық сынды ауданға танымал жас ақындар өз туындыларын оқып, құлақ түрген көрерменді елең еткізді. Қара сөзге қанат бітірген көркемсөз оқу шеберлері Жандарбек Саламатұлы мен Жадыра Қаздаевалар да ерекше әсер сыйлап, көкжиегімізді кеңейтіп, ойымызды сан саққа самғатты. Көрермен арасынан көптің алдында қара өлеңді нақышына келтіре оқығандар да жетерлік. Ал, «Біздің Vibe» деп аталатын аудан жастарынан құралған топ бірнеше аспапта халықтың құлағында жүрген әндерді шырқап, әсем әуенді Жылыой көгіне қалықтатты. Одан бөлек, Асқар Қоңыров, Нұрлыбек Құсман бастаған жүректің шері мен қуанышын ноталарға жүк етіп, тыңдаушыны көз жасына да, күлкісіне де бөлей алатын құдірет иесі атанған әншілеріміз де бұл кеште бой көрсетіп, қошеметке бөленді. Аудандық кітапхана ұжымы өткізген интеллектуалдық «құпия сөре» ойыны жанды дауыстағы әдеби кештің көркін одан әрі кіргізе түсті. Жұмбақ авторды немесе туындыны дөп тапқан адамға адамзаттың асыл қазыналарының бірі кітапты сыйға тартты. Бұл бәсекеде үлкендерден гөрі кішкентай оқырмандар да белсенділік танытып, сайыстың шырайын кіргізді.

«Мұқаба» әдеби-поэтикалық клубының жетекшісі Әлібек Амандық:

- Осыған дейін де біршама шараны өткіздік. Бұл кештің де орны ерекше. Себебі жанды дауыста, осындай лайв форматта кездесулер ауданымызда өте сирек өтеді. Тыңдарманмен тікелей байланыс орнатып, оның жанымен үндесе білу – ақынға да, әншіге де бір бақыт. Бүгінгі кеште соның куәсі болдық. Тұрғындар да белсенді араласты десем, артық айтқандық болмас. Алдағы уақытта мұндай кештердің арасын үзбей, жиірек өткізуге тырысамыз,-деді ол өз сөзінде.

Иә, поэзия кештері - рух пен сезімнің үндестігін паш етер шуағы мол шара. Бұл жай ғана өлең оқу немесе ән айту емес, бұл жүректердің табысуы, өнер мен өміpдің тұтасуы. «Жансая» саябағында өткен бұл рухани мереке көрерменнің жанын баурап, санаға сәуле құйды. Қарапайым кештей көрінгенімен, шарадан әрбір жан өзіне бір шабыт, бір тыныс алды десек, артық айтқандық емес. Демек, сөз бен саз қатар өрілген мұндай кештердің жалауы желбіреп, ел жүрегінен мәңгілік орын аларына сенім мол.

 

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT