Қазақ поэзиясының биік тұлғаларының бірі, ауданның мақтанышына айналған Сәулеш Тәжіқызы Шәтенова – әдебиет әлемінде өзіндік орны бар қаламгер. «Мені әдебиетке жетелеген - журналистика» дейтін ақын шығармашылықпен бірге ақпарат саласында да ұзақ жылдар бойы тер төгіп, журналистика өнерінің қыр-сырын терең меңгерген тұлға ретінде елімізге танылды.
Сарықамыс топырағында дүниеге келген қарапайым қыздың шығармашылық жолға келуіне отбасының да ықпалы зор болған. Мұнайшы отбасының тәрбиесі, ауылда алаңсыз өткен балалық шақ, ауыл даласының сайын тынысы – бәрі де кейін оның өлеңдерінде жырлайтын жылы естеліктеріне айналды. 1986 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң, туған өлкесіне оралып, аудандық «Кең Жылой» газетінде еңбек жолын бастаған. Уақыт өте редакторлық қызметке дейін көтеріліп, ондаған жыл бойы аудан өмірінің тыныс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын жазып, талай жас журналиске жол көрсеткен ұлы ұстаз ретінде қалыптасты.
Сәулеш Тәжіқызының поэзиясына тән басты ерекшелік – шынайылық, тылсымдылық. Оның жырлары оқырманды жасандылықсыз, жүректен шыққан табиғилығымен баурайды. Бояуы қанық бейнелеу, қазақы салттың үні, ананың аяулы мейірі, туған жердің иісі – ақын шығармаларының алтын өзегін көрсететіндей. Ақын үшін шығармашылық жолдағы ең үлкен үлгі алатын адам – қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова еді. Жазушының биік таланты, ақын мен жазушыға тән ерлігі, жас ақынның нағыз ақын болып қалыптасуына үлкен бағдаршам болған еді. Ақиық ақын, ұлы тұлға Фариза апамыз шығармашылық жолында Сәулеш Тәжіқызын талай мәрте жігерлендіріп, әркез қолдап, шабыт берген.
Сәулеш Тәжіқызының шығармашылық қоржыны қомақты. Ақынның алғашқы «Сәулелі сәт» және «Күн тозаңы» кітаптары жарық көрген сәттен-ақ оқырман бірден жылы қабылдаған болатын. Бұл жинақтардағы әр өлең өмірден алынған көрініс, жан әлемінің терең иірімдері. Бұған қоса, «Алыста қалған Ауғанстан» атты кітабы – қоғамды жинақы да салмақты оймен толғантқан туынды. Онда соғыс тақырыбы әйел жүрегінің нәзік көзімен суреттеліп, адамның тағдыры, сағыныш пен сындарлы шақтар астасып жатады.
Ақын өлеңдері шекара асып, өзбек, қырғыз, әзербайжан, түрік ақындарымен бірге шығарылған «Көкжалдар» халықаралық антологиясына енуі және «Үнсіз айқайлау» кітабының көршілес елімізде жарқ етіп шығуы да ақын шығармашылығының кең ауқымдылығын көрсетеді.
Ақынның үні – ұлттық рух пен нәзік сезімнің жарасымы. Өлеңдеріндегі өзіндік өрнек, бояуы қанық поэтикалық нақыш, ғасырлар бойы үзілмеген қазақы дәстүрдің сарыны оның шығармаларына айрықша леп береді.
Сәулеш Шәтенованың шығармашылық еңбегі қай кезде де лайықты бағаланып келеді. Ол Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен, «Жыл журналисі» және «Жылдың үздік журналисі» номинацияларымен, Ұлттық комиссияның «Әйел басқарған үздік мекеме» дипломымен, республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесімен марапатталды. 2018 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты» медалі мен Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасын иеленді. Сонымен қатар «Киелі мекен – Кең Жылыой» төсбелгісімен, аудан мен облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, түрлі сала ұйымдарының марапаттарымен бірнеше рет бағаланды. 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медалі, 2023 жылы «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісі, 2024 жылы «Жылыой ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.
Өмірін өлеңмен өрнектеп, журналистика саласымен шыңдалып, халқына қызмет етуді парыз санаған Сәулеш Тәжіқызы – сөзге адал, шығармашылыққа жүрекпен берілген қалам иесі. Оның әрбір туындысында ұлттық рух, адамгершілік болмыс, жүректің терең иірімдері астасып жатады.
Уақыт сынынан сүрінбей өткен оның еңбектері – кейінгі буынға үлгі, әдебиет көшінде өзіндік орнын айқын көрсеткен жарқын мұра.
А.Ерденқызы



