Өнер – жүректен туатын жарық. Ол баланың бойындағы шырақты жағар шын құдірет, шабыт пен шеберліктің тұнығы. Сәуір айында Шолпан Оңғарбаева Ботайқызы басқарып отырған №3 Жалпы орта білім беретін мектептің мектепалды даярлық 0 «Б» тобының оқушылары республикалық “Дарын” өнер байқау орталығы ұйымдастырған онлайн байқауға қатысып, актерлік шеберлік және жеке би жанры бойынша I орынға ие болды. Осы жетістік арқылы Талғар қаласында шілдеде өткен республикалық байқаудың финалына жолдама алды.
Дарын Сағынұлы, Зиннұр Ерланұлы, Төлеген Жасұланұлы, Асылым Құмарқызы, Айкөркем Қанатқызы, Айша Қуандыққызы, Иманәлі Талғатұлы құрамында болған 5-6 жастағы өнерпаз бүлдіршіндер тобы Қайрат Рысқұлбековтің өмірінен көрініс сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай әртістер сахнада сенімділікпен өнер көрсетіп, әділ қазылардың жоғары бағасына ие болды. Бұл олардың тек өнерлі ғана емес, елін сүйетін, ерлікке тағзым ететін ұрпақ болып қалыптасып келе жатқандығына дәлел болды.
Сонымен қатар, 5 жастағы Асылым Құмарқызы осы байқауға “Хореография” жанры бойынша жеке орындаушы ретінде қатысып, “Кесе” биімен сахнада тағы бір өнерін паш етті. Шеберлігі мен ерекше харизмасының арқасында Асылым көрерменнің де, қазылардың да көңілінен шыға білді.
Байқау қорытындысы бойынша жас бүлдіршіндеріміз І орын иеленіп, “BAQ Star” киностудиясының кастингіне қатысуға арнайы жолдаманы жеңіп алды. Бұл ел ертеңдерінің шығармашылық жолындағы алғашқы жарқын қадамы екені сөзсіз.
Аталған байқаудағы осы зор жетістіктердің артында ұлағатты ұстаз, мектепалды даярлық тобының жетекшісі Нұрайна Табылғанова Алпамышқызының қажырлы еңбегі жатыр. Ол бүлдіршіндердің әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, олардың бойындағы дарынды танып, кәсіби деңгейде сахнаға дайындап шығарды. Еңбегі елеусіз қалмай, Н.Алпамышқызына Түркия еліне жолдама табысталды. Бұл ұстаздың биік кәсіби шеберлігінің нақты дәлелі.
Мен, осы балалардың бірінің әжесі ретінде, байқау финалына еріп барған үлкендердің бірі болдым. Шіліңгір шілденің аптабына қарамастан, барлық ата-аналар бірге қолдау көрсетіп, сахнадағы әрбір баланың өнерін жүрекпен қабылдадық. Балалардың сахнадағы еркіндігі, батылдығы бізге үлкен қуаныш пен мақтаныш сыйлады.
Ұстазымыз Нұрайна Алпамышқызына, барша ата-ананың атынан алғысымыз шексіз! Осындай тәрбиелі, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп, мектебіміздің абыройын асқақтатқаны үшін шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жеңіс – мектеп пен ата-ананың, шәкірт пен ұстаздың бірлескен жемісті еңбегінің айқын нәтижесі. Жас өнерпаздарға да шығармашылық шабыт пен жарқын болашақ тілей отыра, мектебіміздің де мерейі үстем бола бергей!
Бір топ ата-ана атынан Алима Қаржаубаева