Қадірлі Жамал қыз, жасыңда қандай болдың екен? Қазіргі егде тартқан шағыңдағы келісті кескін келбетің, томпиған бет-бедерің, нұры сөнбеген жарқыл жанарың, пісте мұрның, ақбұғақты тамағың, оймақтай ернің қай еркекті де өзіне тартып тұрарын айтар ем. Жасыңда жүрегің жалын атқан, көркің көркем, сымбатың сырлы, жүзің нұрлы, жанарың жарқылдаған, жайдары жанды, майда мінез, сұлудың сұлуы болған шығарсың! Сән-салтанатың жарасқан, көрік-келбетің келіскен, жас шағыңда талай бозбаланы ынтызар етіп ынтықтырған, бойжеткен болған да шығарсың! Мен сенімен жай кездестім. Әбден бәрі апа-сапа болған шақта, біріміз тұрмыс құрған, екіншіміз үйленген шақта ұшырасыппыз. Бірімізді біріміз танымаппыз. Кездескен соң білісе келе, таныса келе, нағашылы-жиенді жандар екендігіміз анықталды. Сен қыздан, мен ұлдан туған перзенттер екенбіз. Әй, бәсе, деймін іштей! Әкесі Ыбырайға да, анасы Райға да келіңкіремейді, сонда кімге тартқан деп ой кешемін ғой әлгі! Ойлап, ойлап, ой, Жамал дегенің Қанияға тартқан екен ғой деп өзімді-өзім сендірдім. Қания – менің апам. Бабам батыр Бәлтектің үкілеген үш перзентінің ортаншысы. Батыр баба ұрпақтарының үлкені Өмірбай, ортаншысы Қания, кішісі Есқожа болатын-ды. Қания апамыз ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Шеркеш-Қосым ауылындағы Отарбай деген азаматқа ұзатылыпты. Сол әулетті үш ұлмен жарылғапты. Туғаны көп те болған шығар, ал тұрғаны Баймұқан, Ыбырай, Бозай екен. Сол апамыздың ортаншы ұлы Ыбырайдан сен дүниеге келіпсің, Жамалжан! Туған жыл, ай, күнімізді салыстырғанда менің сенен жас жарым үлкендігім бар. Яғни, нағашы ағаң болып келемін. Сен де сол сұрапыл соғыс жылдарында Ыбырай жиен мен Райдай жайсаң жеңгеміздің құтты қадам мешітінде «іңгәләп» дүниеге келіпсің–ау, Жамалжан. Бұл соғыс жылдарының дәл орта кезеңі болса керек. Ол кезде менің қымбатты апам Қания бар кез. Қызғалдақтай үлбіреген сені қолына алып күн нұрына тосып, қош иісіңе қанбай, мейірлене сүйе береді екен. Қайран, ана «көкірек ұрпағым дүниеге келді» деп қуана беріпті–ау. «Қыз - ырыс» деген, «дүниеге ырысым келді» деп қуанған әже сені екі жыл ғана әлдилеп, аялап, аймалап, дүрия дүниемен қош айтысып, Алласына аттаныпты-ау! Бұл Жеңістен кейінгі кезең болса керек. Өмірден озарында апамыз: «Жамалжаныма жан жетпейді, өнегелі өсіріп, өмір өріне ұлағатты ұшыра біліңдер», - деп ұлы Ыбырай мен келіні Райға аманаттапты-ау. Сен атаң Отарбайды көрмесең де, әзиз әжең Қанияның бауырында әлдиленіп, әженің қош иісіне қанығып өсіпсің. Қандай бақыт, қандай рақат! Содан бері талай қыс пен көктем, жаз бен күз зырғып өте шықты. Сен болсаң талайлар жете алмаған кемелді, қуанышты, қызықты қариялыққа жетіп отырғаныңның өзі мен үшін үлкен де үрдісті қуаныш. Сен бүгінде Баймұқан, Ыбырай, Бозай әулетіндегі қыздың үлкенісің. Әр бауырың апамызға көрісеміз деп сағына, аңсай барады. Алла тағала ұрпақтардың сол ұлағатынан айырмасын! Қадірлі Жамал қыз, сенің өнегелі өмірің, еселі еңбек жолың, барша бауырларыңа, ел, халыққа қашанда үлгінің үрдісіндей көрінері аян. Орталау мектепті бітірісімен, арнайы мамандық алмақ болып білім іздеп, сапарға шықтың. Арман соқпағы сені Қызылорда қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеден бір-ақ шығарғаны белгілі. Сол оқу орнын үздік тәмамдап, ұстаз атанып, өмір керуеніне ілескенің өзің үшін зор бақыт, ата-ана үшін үлкен қуаныш болатын-ды. Училищеге түскенде оң-солыңды толық танып болмаған үлбіреген жас қыз болсаң, диплом алып шыққанда өмірдің қилы-қилы кезеңін айыра білдің, жақсы-жаманды тани білдің, саналы, ойлы, ақылды ару болып қалыптасқаның ерекше байқалып еді. Жас ұстаз боп алғаш класқа кіргенің, жәудір көз, ақ жүрек сәби шәкірттердің адал сезіммен сені қабылдауы есіңде шығар. Қай істің де алғашқы сәті адам көкірегінде сақталып, мәңгі есте қалады ғой. Еселі еңбегің, тынымсыз ізденісің сені аз жылда ұлағатты ұстаздар қатарына қосты. Әрине, жеткен жетістікке ие болған, табысқа тоқмейілсімеу ақылды адамның ардақ тұтар ізгілікті ісі болмақ. Сен бір жетістіктен соң екінші жетістікке жетсем деп армандадың, алға ұмтылдың, ізденісіңді молайтып, еңбегіңді еселей түстің. Ерінбедің еңбектен, жерінбедің жеңбек боп. Ақыры Жеңіс биігінен көрініп, ел құрметіне бөлендің. Қыз арманы және басты мақсаты, асыл мұраты мына өмірден өзінің теңін тауып, бақытын іздеу екені белгілі. Ол бір басының екеу болып, өзіне лайықты азаматпен тұрмыс құру ғой. Сен, Жамал қыз, бұл бақытыңды да өзің оқыған Қызылордадан тауып, кезіктің емес пе? Иә, солай! 1964 жылдың сәуір айы болатын-ды. Дала бедері гүлдермен көмкеріліп, өзен-көлдерде аққу қалықтап, қаз қонған шақта Әлібай Орғараұлы есімді азаматпен бас қосып, қуаныш қызығына, махаббат ләззатына бөлене бергенің де есіңде шығар. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, өз шаңырақ-отауларыңның түтіні бірден түзу ұшып, қуаныш-қызық көбейіп, отбасының береке-бірлігі арта түсіп, ел-жұртты қуантты. Сенің жар таңдауда жаңылыспағаныңа ата-аналарың да, барша бауырларың да ерекше шаттанғаны белгілі. Сөйтіп, отбасылық өмірдің қызығын көре бастадыңыз. Әлібайыңда өзің армандағандай талғамыңа сай жігіт болып шықты. Сүйіспеншілікпен басталған жастар өмірі бақытты, берекелі келері тағы ақиқат. Әлбетте, Жамал қыз! Отбасын құрған адамның қай уақытта тәтті тілегі, асыл арманы – ұрпақты болу екені тағы белгілі. Әрине, шапағаты мол кең Алла Әлібай екеуіңді қуанышқа кенелтті. Тәтті тілектеріңді құдіреті күшті Құдай тағала қақас қалдырмады, қапысыз қанағаттандырды. Ұлағатты ұлын, қылықты қызын бере білді. Сенің алтын құрсағыңнан талай тәтті ұрпақ дүниеге келді. Екеуіңнің бауырларыңнан жаралып, дүниеге келген бес перзент балбыраған бақыттарың да, жарқыраған жақұттарың да, қызығы басылмас қуаныштарың да бола білді. Бұған ата-енең де, төркін жұртың да қуанып, ризашылық сезіммен алғыстарын айтып жатты. Алайда өмір құбылысы әр алуан болып келеді. Жасыратын несі бар, мейірімді Алла тағаланың өзі кейде қатал. Қуантып сұрағаныңды өзі береді, ал кейде жанды жаралап, өзі қайтып алары бар. Бүгінде сен жан сыңарың Әлібайдан қапыда айырылған жесір анасың, Ләззаттай қызыңнан айырылған жетім анасың... Екеуінің де фәни жалғаннан татар дәмі таусылып, бағзы дүниесіне кетуі сені есеңгіретіп, қайғы-қасіретке душар еткені қандай қиын еді, десеңізші, Жамалжан. Бірақ қандайма қайғыны да, нар қылықты, парасатты, ақылды әйел көтерудей-ақ көтере біліп, ұрпақтарына, бар әулетіне басшы бола біліп, болашаққа бастайды. Сен, Жамалжан, нар бола білдің. Сенің сол жоғары қасиетіңді жоғары бағалаймын және өзіңді қашанда ардақ тұтамын. Бұл – нағашылық ақ пейіліммен айтылған адал сөзім. Шүкірсің, қалған ұрпақтарыңның қызық-қуанышын көруді Алла нәсіп етсін! Бүгінде қыз-күйеулерің Галина, Майра мен Бауыржан, бала-келіндерің Ғалымжан мен Эльмира, Жандос пен Ақмарал жанашыр жақұттарың, бал дәмді бақыттарың деп білемін, Жамалжан! Солардың қызық-қуанышы сенің кетік көңіліңді толтырсын. Әлібайың көрмеген қызық-қуанышын саған көруді нәсіп етсін, кең Алла! Ендеше, қылықты қыздарың күйеулерімен, ұлықты ұлдарың келіндерімен бірге бақытты да бақуатты күндер кешіп, қуаныш құшағында, бақыт биігінде тәтті де татымды тірліктің иесі атана бергін, Жамалжан! Әманда денің сау, басың аман болып, балаларыңның ортасында ақбас Алатаудай еңселі күйіңде отыра бергін. Ұрпақтың ұлағатын, қайырлы қызметін көріп, немере, шөберелерді шөпілдете сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп, қош иістеріне мейірің қанып, айналаңа топтастыра жинап, әсем де әдемі әже атанып, сыйың артып отыруды шапағаты мол Алла нәсіп еткей! Ұлықпан хәкім айтқандай, «ұлағатты ұрпағымен мың жасаған» Жамал туралы ойлай отырып ойға қалдым. «Ой ойға жетелейді» деген. Жамал қыз Жылыойдың тумасы болып осы өңірде өскенімен, бүгінде шалғай мекен - Қызылордада тірлік етіп, өмір кешіп келеді. Ұлағатты перзент қашанда туған жерін сағынып, атамекенін аңсап жүрері ақиқат. Кейінде қалған төркінге, барша бауырға киелі мекен - Кең Жылыойына деген сарытап сағынышы жүрегінде сақталып, әлдиленіп жүрері – шынайы шындық. Қонаш Қалдыоразұлы, ардагер журналист, жазушы.
Ұшып кеткен қарлығаш...
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 185
