Жылыой төрінде тағы бір әсем сазға бөлеген ерекше кеш өтті.
«Кең Жылыой» мәдениет үйінде жергілікті талант, ән әлемінде өз үні мен өрнегін қалыптастырып келе жатқан Жайна Нұрханованың «Аққу-Арман» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл – өнерге деген сүйіспеншіліктің, тыңдарманға деген құрметтің және туған жерге деген іңкәрліктің салтанаты болған сәт.

Сахнада орнаған жылы жарық, фольклорлық ансамбльдің ұлттық әуендері мен вокалды инструментальды ансамбльдің заманауи ырғақтары кештің көркін аша түсті. Кеш иесі Жайна Нұрханова қазақ эстрадасының классикалық және халықтық туындыларын өз нақышында орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әншінің жанды дауыстағы орындауы зал толы көрерменнің көңілін тербеп, әр туындының шынайылығын сездірді.
Кешке Атырау қаласынан арнайы келген «Ғажап band» вокалды инструментальды ансамблі мен жергілікті өнерпаздар және «Көңілашар» халықтық фольклорлық ансамблі қатысып, сахнаны әсем сазға бөледі. Бірі дәстүрлі әнмен, енді бірі заманауи бағыттағы туындылармен кештің сәнін кіргізді. Салтанатты кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы сөз сөйлеп, әншінің шығармашылығына табыс пен биік белестер тіледі. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бүркіт Сембайұлы сөз алып, өнер иесіне шабыт пен руханият жолындағы ізгі тілегін білдірді. Кеш иесіне мәдениет басқармасы атынан алғыс хат және аудан атынан естелік сыйлық табыс етілді.
Жайна Нұрханова өз сөзінде:
-Бұл кеш мен үшін үлкен жауапкершілік пен қуаныш. Ән арқылы туған жеріме алғысымды жеткізгім келді. Әр тыңдарманның жүрегіне жылы сезім сыйлау – менің басты мұратым,-деп жүрекжарды лебізін білдірді. Көрермен де әншінің өнеріне риза болып, қол шапалақтап, жылы лебіздерін білдірді.
- Жайна Нұрханованың дауысы табиғи, шынайы. Әр әнінде бір тарих, бір сезім бар. Осындай өнер иелері көбейе берсе екен,-дейді көрермен Бөбек Лауадинқызы.
Кеш соңында өнер иесі-«Атамекен Кең Жылыой», «Ертеңіме сенемін» әндерін шырқап, залды ерекше әсерге бөледі. «Өнер – халық қазынасы» десек, осындай кештер рухани өмірдің айнасы, жас ұрпаққа үлгі болар бастама. Жайна Нұрханованың шығармашылық кеші Жылыой мәдениетінің биіктігі мен өнердің өміршеңдігін дәлелдеген жарқын сәт болды.
Өз тілшіміз


