Сазды әуеннің саңлағы

Сазды әуеннің саңлағы
Фото: Ш.Батырқожа

Бір тыңдағаннан-ақ мәтіні туған жердің қасиетін ұғындыратын, сазы өскен өлкеңді ойлап сары ала мұңлы сағынышқа батыратын Жылыойдың әнұранына айналған «Кең Жылойым» әнінің шыққанына да бүгінде жарты ғасырдан асты. Бұл ән балапан қанаты алғаш қағылғаннан-ақ тыңдарманның жүрегінен ойып тұрып орын алған. «Жаса, Жаса, Кең Жылойым, Мекені жастар менен жыр мен тойдың» деп қайырмасында шырқалғандай, шалқар шабыттан туған шығарма авторлары да ән дүниеге келер уақытта туған жердің төсінде жастық шақтың думанын бастан кешіріп жүрген жалынды жастар еді. Бүгінде елі сүйетін, жерлестері сыйлайтын, бір ғана әнмен абыройлары асқақтаған талантты авторлар самайына ақ кірген сыйлы ақсақалдарға айналды. Солардың бірі - әннің әуенін жазған сазгер Қуаныш Бекенов.

Бүгінде  сазды  әуеннің  саңлағы 75 жасқа толып, мерейлі төл мерекесіне орай аудандық кітапханада «Әуендер әлеміндегі сазгер» атты кездесу шарасы болып өтті. Ең алдымен, шара тізгінін ұстаған жүргізуші Айгүл Амантайқызы сазгердің өмірбаянымен көрермендерді таныстырып өтті.

Әнші, сазгер Қуаныш Бекенұлы 1948 жылы тамыз айында Қосшағыл поселкесінде м ұнайшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Майлан Бекенов – Қосшағыл мұнай өндірісін алғаш игерушілердің бірі. Болашақ сазгер алғашқы еңбек жолын 1965 жылы бастады. 1966 жылы Лермонтов атындағы жұмысшы жастар мектебін тәмамдап, 1971 жылы мамыр айында арнайы шақыртумен Құлсары мұнайшылар клубының көркем өнерпаздар ұйымының жетекшісі қызметіне ауысты. Сол жылы «Жалын» вокалды аспаптар ансамблін құрып, жетекшісі ретінде алғашқы концертін береді. Одан басқа, Қуаныш ағай жетекшілік еткен 80-жылдардағы ағайынды «Бекеновтердің» отбасылық ансамблінің, «Жайдарман» қыздар ансамблінің сол кезде атағы дүркіреп тұрды. Бүгінде бір өкінерлігі, сол өнерлі ұжым мүшелеренің көбі дерлік өмірден өтті. Ал туған халқына с азымен шабыт сыйлаған өнер иесіне «сазгер» деген атақты халық берген. Ал жұрты мойындаған шын талантқа бұдан асқан қандай бақыт керек?!

Қуаныш Бекеновтың өнер мен мәдениет саласына қосқан үлесі зор. Сол үшін «Бүкілодақтық көркем өнерпаздары байқауының І фестивалінің лауреаты», «Бүкілодақтық халық творчествосы ІІ фестивалінің лауреаты» төс белгілерінің иегері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы атанды. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, сазгердің мерей-тойына орай кездесу шарасын ұйымдастырудағы көзделген мақсат - жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін, өлкені білуге деген ұмтылысын, танымдық қызығушылықтарын арттыру, жергілікті өнер жұлдыздарының еңбегін насихаттау.

Кеш барысында 50 жыл бірге өмірде де, өнерде де жарасымды жұп болған Қуаныш Бекеновтің жары Балзия Мусиеваға да сөз беріліп, жастық шақтан сыр шертетін естелік әңгімелермен бөлісті. Сазгердің жары да керемет дауыстың иесі, күміс көмей әнші. Қуаныш ағай екеуі тойда танысып, шаңырақ көтерген. Содан бергі 50 жылда ұл-қыз тәрбиелеп, ұрпақ қызығын көріп, бірге ән шырқап, жан жарастығын тапқан үйлесімді жұп болып ғұмыр кешіп келеді.

Шарада Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Қонаш Қалдыоразов, ақын Бүркіт Базарбаев , аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов, Қосшағыл округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Жексен Имашев, сыныптас құрдастары Мерген Нұрханов, Базарбай Дермишев, Жақсылық Шентеміров, Жаңылсын Бейсенова, ағасы Серік Смайловтар құттықтау тілектерін жеткізіп, естен кетпес естеліктермен бөлісті.

Басты кейіпкерлері өнерлі жұп болған кездесу кешіне келген қонақтар да өнерден құр алақан болмай шықты. Кеш соңында Жылыой өңірінің әнұранына айналған Қ.Бекеновтің шоқтығы биік шығармасы «Кең Жылойым» әнін барлық оқырмандар орындарынан тұрып, қосыла шырқады. Табиғи дарыны мен ерен еңбегінің арқасында өнері өрісін кеңейткен, дарыны танымалдыққа жеткізген кеш ие сі Қ.Бекеновтің игі қасиетін көпке үлгі ету, таныту мақсатында өткізілген шараның соңында кітапхана директоры , « Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Балзия Кенжебекова Бегленқызы қорытындылап, кеш иесіне алғысын айтып, естелік сыйлық ұсынды.

Шаттық БАТЫРҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT