Жақында жарық көрген ардагер-ұстаз Наурызбай Төлеуовтің «Ұрпағыма, ұрпағымның ұрпақтарына» атты кітабы бір әулеттің ғана емес, қазақ елінде ғибратты ғұмыр кешіп жатқан барлық абыз-ақсақалдар әулетінің шежіресі іспеттес. Өйткені бір ғана шежіреден халықтың тұтас бір тарихы қалыптасады. Ұрпағының ұлағатты болуын, оның болашағын ойлаған әрбір адам артына осындай мол мұра қалдырса керек. Бұл еңбекті жазушы ұстаз өзінің туындысында арғы тегі, бастан кешкен оқиғалары мен өміріне өзек бола білген тұлғаларды тілге тиек етеді. Бірнеше қоғамдағы ойлар қозғалып, кей дерттердің жарасын ашады.
Кітаптың алғашқы беттерінде «Әр ата-ана ұрпағын жалғастыру үшін ұл баланы аңсайды, армандайды. Егер ұл бала болмаса, сол атаның аты өшіп, шаңырағы құлады делінеді. Бұл жағдай шежіреде де, өмірде де байқалады. Сондықтан, ата-текті, олардың қалай өмір сүргенін, қандай болғанын білу - келер ұрпақ үшін өте маңызды» деп жазады. Байқағанымыздай, бұл жерде қоғамдағы үлкен бір өзекті мәселе қозғалады. Себебі, әлі күнге дейін әйелін ұл тумағаны үшін кінәлап, Құдайдың берген қылықты қызына қырын қарайтын еркектер көп. Одан бөлек, өзінің ата-тегін біліп, тарихын жаттап, өткеннен сабақ алу - әр ұлт үшін маңызды. Себебі, қазақ «Жеті ғасыр тарихын білмеген ел жетесіз, жеті атасын білмеген ер жетесіз» деп тегіннен тегін айтпаған.
Туынды авторы ұстаздық жолы туралы да кітабына арқау етеді. Тіпті «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, үлкен жетістіктерге жеткен оқушыларына арнап «Түлектерден айналдым» өлеңін жазып, іштегі ыстық сағынышы мен тебіренісін қалың оқырманға жеткізеді. Жалпы кітаптың көлемі шағын болғанымен, зер салып оқығанға көтерер салмағы ауыр, берері тағылымы мол. Өңірге белгілі ұлағатты ұстаздың жүріп өткен өмірі мен еңбек жолы кез келген парасатты педагог пен шәкіртке ой салып, бағыт-бағдар сілтері сөзсіз.
Е.Алтайұлы