Өрісі кеңейген өнегелі әулет

Қазақстанда адамгершілік қасиеттерді дәріптеп, отбасы мәртебесі мен ұлттық құндылықтарды арттыруға бағытталған дәстүрлі «Мерейлі отбасы - 2025» конкурсы биыл да өз жалғасын тапты. Жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты түрде өткізілетін бұл байқау – мерейі үстем, үлгілі отбасылардың танылуына жол ашып келеді. Осындай игі шарадан киелі мекен - Кең Жылыой өлкесі де қалыс қалмады. Сол арқылы өңірімізде де өнегелі әулеттердің аз еместігін көріп келеміз.

Құлсары қаласында «Мерейлі отбасы - 2025» ұлттық конкурсының аудандық кезеңіне бұл жолы ауданымыздан төрт отбасы қатысып, өзара бақ сынасқанын газетіміздің өткен сандарында жазған едік. Байқау барысында бірлігі жарасқан, өнегелі өмірі мен өнерімен үлгі бола білген екі отбасы жеңімпаз атанған-ды. Солардың бірі - Майкөмген ауылынан келген Андамасовтар отбасы еді. Бүгінгі мақаламыз да сол қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған шалғай ауылдағы жұлдызы жанған жанұя жайлы болмақ.

Андамасовтар әулеті – қазақтың дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын берік ұстанып, өнері мен талғамы қатар өрбіген абыройлы отбасы. Бүгінде бұл отбасының шаңырақ көтергеніне 36 жылдан асқан. Осы жылдар ішінде қаншама қиындыққа төтеп беріп, мызғымас беріктік қалыптастырған бұл отбасының әрбір мүшесі ел ішінде абыройлы, өз мамандығының шебері болған жандар.

Айталық, отбасының тірегі – Алмаз Андамасов. Ол ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде тарих пәнінен дәріс беріп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Алмаз мырзаның жары Райхан Тегісбайқызы да – Майкөмгендегі №17 орта мектепте 35 жыл қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі тәрбиеші маман. Бұл үлгілі әке мен ана бүгінде бес қыз тәрбиелеп, оқушыларға ғана емес, өз ұрпағына да отбасында саналы тәрбие мен сапалы білім беріп келе жатқан ардақты ата-ана.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, қос ұстаздың жанұясындағы желкілдеп өскен нәзік жандар арасында да ата-анасының жолын қуғандар бар. Отбасының үлкен қызы Динара Алмазқызының №17 мектептің директоры қызметін атқаруы – соның айғағы. Ортаншы қыздары: Альфия мен Гаухар. Бірі - психолог, бірі медбике болып, денсаулық сақтау саласында халыққа қызмет етіп жүр. Ал Жаңылсыны ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса, ең кенже қызы Әнел – 9-сыныптың озат оқушысы.

Осынау тәрбие мен білімді қатар ұстанған Андамасовтар отбасы биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында жеңіске жетті. Байқаудың қызығы мен қиындығы, сондай-ақ жеңіске жету жолы жайлы толығырақ білу үшін отбасының үлкен қызы Динара Андамасовамен тілдескен едік. Ол әуелі өз әкесі мен анасы туралы ерекше ықыласпен баяндады:

– Әкеміз Алмаз Жұпқалиұлы 1965 жылдың 16 қаңтарында Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Жұпқали мен анасы Шара ол кезде жас студент болатын. Екеуі де жоғары білімді жандар: әкесі - мал дәрігері, анасы - мұғалім. Әкеміз Алмаз да анасының жолын қуып, мектепті бітірген соң Ақтөбе педагогикалық индустриалды колледжіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Кейін өзі тұрған Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты. Жұмыс істей жүріп, Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің тарих факультетінің сырттай бөлімін бітірді. Осы жылдар аралығында Құлсары қаласындағы ішкі істер бөлімінде тергеуші қызметін де атқарған. Отбасы жағдайына байланысты Майкөмген ауылына қоныс аударып, №17 жалпы орта білім беретін мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып келді. Әкеміздің мінезі жұмсақ, өте білімді, білікті ұстаз. Оқушыларға жоғары деңгейде дәріс беріп, талай шәкіртке өмірлік жол сілтей алды. Түрлі жарыстарға қатысып, жоғары деңгейде танылды. Ал анамыз Райхан Тегісбайқызы 1968 жылдың 1 қаңтарында Ақкиізтоғай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Тегісбай мен анасы Айман мал шаруашылығымен айналысқан. Мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін Гурьев қаласындағы педагогикалық колледжге түсіп, «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша білім алды. 1988 жылы оқу орнын тәмамдап, туған ауылындағы «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші болып алғашқы еңбек жолын бастады. Отбасы жағдайына байланысты Майкөмген ауылына қоныс аударып, қазіргі таңда осы ауылдағы №17 жалпы орта білім беретін мектепте 35 жыл тәрбиеші болып қызмет етіп келеді. Бүгінде әкеміз бен анамыз 5 қыздың ата-анасы, мейірімді де еңбекқор жандар, - дейді ата-анасы туралы тебіреніс үстінде.

Расында да, екі жанның тағдыр жолы тоғысып, бір шаңырақ астында бас қосып, бүгінде 5 қыздың ата-анасы болып отырғаны – үлгі боларлық жайт. Олар бір-біріне тірек болып, қиындықты бірге еңсеріп, берекелі отбасы құра білді. Қазіргі таңда бес қызы да ата-анасының үмітін ақтап, мақтанышына айналып отыр.

Осы туралы да айта кеткен Динара ханым, бір-бірімізге әрдайым қамқор болатын бір үйдің тату қыздарымыз деп әңгімесін жалғастырды:

- Үйдің үлкен қызы өзім. 1989 жылдың 19 тамызында дүниеге келдім. Қазіргі таңда тұрмыста, бір қызым мен үш ұлымды тәрбиелеп отырған көп балалы анамын. Бүгінде ата-анамның талай жылдан бері еңбек еткен, №17 жалпы орта білім беретін мектептің директорымын,– деді ол.

Қазақ халқы «Қыз-өріс» деп өмірге келген қыз баланы ұлдан бетер қадірлеген. Әрдайым төрінен орын бергізіп, «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деп құрметтеген. Ал пайғамбарымыз үш қыз тәрбиелеп, қатарға қосқан ата-анаға жұмақтың бағын уәде еткен. Осындай қыздарымен өрісі кеңейіп отырған Андамасовтар отбасы жақсы жермен құда-құдандалы болып отырған құрметті әулет. Осындай отбасылық құндылықты дәріптеген жанұясы жайлы, бауырлары туралы Динара Алмазқызы ерекше ықыласпен баяндады:

- Менен кейін отбасымыздың тағы бір нәзік гүлі Альфия Андамасова 1991 жылдың 10 мамырында дүниеге келді. Қазіргі таңда екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Альфия бала кезінен білім мен ғылымға жақын болды. Әрдайым білім саласындағы жетістіктерімен ата-анамызды қуантып жүретін. Бүгінде аудандық орталық ауруханада психолог қызметін атқарады. Одан кейін отбасымызды тағы бір мәрте қуанышқа бөлеп, 1997 жылдың 20 желтоқсанында Гаухар есімді сұлуымыз дүниеге келді. Кеше ғана отбасымыздың еркесі болып жүрген ол да бүгінде бір әулеттің келіні. Әрі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған ана. Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада медбике қызметін атқарып, халықтың ризашылығына бөленіп жүр. Одан кейін 2000 жылдың 27 мамырында отбасымыздың төртінші қызы Жаңылсын дүниеге келді. Жаңылсын бала күнінен өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Сол дара мінезі оны тек алға жетелеп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атанды. Бүгінгі таңда тұрмыста әрі бір ұлдың анасы. Ал 2010 жылдың 4 қазанында отбасымыздың кенже қызы Жұпқали Әнел өмір есігін ашты. Әнелдің болмысы жаңашылдық пен мейірімге толы. Қазір кенжетайымыз №17 жалпы орта білім беретін мектептің 9 сыныбында оқиды. Ол өзінің мектебінде белсенді әрі озат оқушы. Оның бойындағы өжеттілік ата-анамызды әрдайым қуантып, төбесін көкке жеткізіп отырады,- деп бауырларына деген мақтанышы мен махаббатын жасыра алмады.

Шаңырақтағы ата-анасының қадірін ерекше бағалап, Динара Алмазқызы өз сөзін былайша қорытындылады:

- Біздің отбасымызда ең басты құндылық – бірлік пен сыйластық. Әр жұма сайын жиналып, бірге кешкі ас ішу, ата-анамызға қолғабыс көрсету – дәстүрге айналған әдемі үрдісіміздің бірі. Сондай-ақ үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, айналаға үнемі жақсылық жасау – өмірлік ұстанымымыз. Расында да отбасы - адам баласына берілетін ең үлкен сый. Біздің үйде қыз баланы ерекше сыйлап, айрықша қадірлейді. Жастайымыздан ата-анамыз өзімізді бағалап, құрметтеуді үйретті. Әкеміз «менің қыздарым» деп әрдайым мақтанышпен айтып отыратын. Олар бес қызын да ешкімнен кем қылмай, бар жақсылығын аямай өсірді. Армандарымызға қанат бітіріп, «қолдау» дегеннің не екенін өз ісімен көрсетті. Ал бүгінгі күні біз, қыздары, әкеміз бен анамызға қамқор болып, жетістіктеріміз арқылы олардың төбесін көкке жеткізіп, жүздеріне шаттық сыйлап келеміз. Әрбір перзенттің ата-ана алдындағы ең үлкен міндеті осы шығар,- деді.

Иә, расында отбасы деген адамның алтын тірегі, рухани тұғыры. Ол бір күнде құрылып, әп-сәтте жараса салатын дүние емес. Нағыз отбасы жылдар бойғы түсіністік пен төзімнің, сүйіспеншілік пен сыйластықтың нәтижесінен құралады. Қиындыққа бірге төтеп беріп, бір-біріне демеу бола білген шаңырақ қана берік болмақ. Демек, Қазақстанда ұйымдастырылып жүрген бұл байқау жай ғана сайыс емес, жылдар бойы жинақталған құндылықтарды дәріптейтін рухани алаң. Бүгінде Андамасовтар отбасы осы құндылықтарға нақты үлгі бола алған жанұя.

 

Әйгерім Ғалымжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT