Республика күнін өзіне тән тойлау дәстүрін қалыптастыру керек – қоғам қайраткері

Республика күні мерекесінің өзіне тән тойлау дәстүрі қалыптасқаны жөн. Бұл туралы Сенаттағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңы отырысында мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл маусым айында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазандағы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс біраз жылдан бері тойланбай келген мерекемізбен қайта қауышуға мүмкіндік берді. Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Атап айтқанда, ұлттық мереке – Республика күнін 25 қазанда атап өту елге ұнайды. Осы күні Тәуелсіздіктің басты құжаты Қазақстанның Егемендігі туралы декларация (1990 жылы 25 қазанда) қабылданды. Бұл мерекенің өзіне тән тойлау дәстүрі қалыптастырған жөн», - деді Өмірзақ Озғанбаев «Егемендік және Қазақстанның саяси-құқықтық трансформациясы» тақырыбында өткен жиында.

Осы орайда ол ұлттық мерекені лайықты деңгейде атап өтуге тиісті ведомстволар мен мамандар атсалысуы керек екенін атап өтті. Бұл күні елдің тұлпарларын анықтайтын бәйгелер, түрлі спорт жарыстары өткізілуі керек.

«Бұл кезде егін жиналып бітеді. Халықтың көңіл-күйін көтеруде осы мерекемен байланыстыруға болады», - деді Ө. Озғанбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Ұлттық мүдде» диалог алаңы отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 25 қазан еліміз үшін азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге қол жеткізген күн ретінде қадірлі екенін атап өтті.

Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке ретінде тойлауды ұсынды.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек», - деді Президент.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521