«Әр өлеңі – бір әлем»

Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғасыр ақыны, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті. Жыр сүйер қауымның көңілінен шыққан поэзия кешіне жиналғандардың қарасы көп болды. Олар ақынның алапат жырларынан сусындап, тынымсыз тірліктен бір демалғандай болды. Ел жүрегінен орын алған ақиық ақынның өлеңдерін келешек ұрпақтың жүрегіне жеткізе отырып, дарынды жастарды тәрбиелеу, шығармашылығын насихаттап, өлеңдерінің әдеби-лирикалық ерекшеліктерін көрсете білуді және кейінгі буынның өлең оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен шара көп көңілінен шықты. Онда аудан өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындаса, көркемсөз оқу шеберлері махаббат жырларын жүректерге жеткізе білді.

Кеш шымылдығын ауданның жас ақыны Нұрлыбек Амандықов ашып, Мұқағали Мақатаевтың бейнесінде «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай» шығармасын көркем нақышпен орындап шықты. Одан әрі ақынның «Мен деп ойла», «Жарығым-ай», «Анашым», «Шеше, сен бақыттысың», «Айтатын саған сырым бұл» әндері бірінен соң бірі шырқалып, тыңдарман көңілінен орын тауып жатты.

Қалың жұртшылықты сезімге толы өлеңдерімен баурап алған мұзбалақ ақынның махаббат жырлары қалай ұмыт қалсын, кештің сәнін кіргізген де осы махаббат өлеңдерінен композиция еді. Оны Махамбет Асанов пен Диана Ізбасаровалар тамаша орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. Ал ақынның Отан, туған жерге арналған өлеңдерін, атап айтсақ, «Үш бақытым» өлеңін Дана Дәулет, «Елім барда» өлеңін Жаннұр Жәрдем, «Отан» өлеңін Өркен Жақсыбайлар мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ Тұрғызба мәдениет үйінің бір топ өнерпаз өрені ақынның сөзіне жазылған «Бақыт деген сенің бала күндерің» атты әнін шырқап, жыр кешіне жиналған жанның жүрегін тебірентті. Әрбір жүректен орын алған «Шәмілге жазған хаттардан» өлеңі де шетте қалмады. Оны Әлібек Амандықов көркем орындап, кештің сәнін кіргізді. Қара өлеңге құмар жастардың оқыған жырлары зор қошеметке бөленіп, Мұқағали ақынның аты тағы бір жанданды.

Кештің қонағы болып, жаңашылдыққа толы бағдарлама жөнінде ой өрбіткен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров өз сөзінде:

-Біз бір жүйеде ойлап үйренген және «осындай болуы тиіс» деп өзімізше дағды қалыптастырып алдық. Алайда бұл кеш өзгеше болды. Оған дәлел алдын ала шақырту билеттерінің, арнайы шақыру форматындағы бейнеролик түсіріліп әлеуметтік желілерде таратылуы, жастардың еркін форматта шығуы, жанды дауыста ән шырқалуы, сахнадағы өнерпаздардың есімдері мен туындының хабарланбай-ақ лэд экраннан көрсетілуінің бәрі де көрермендерге ерекше әсер берді. Қатаң жүйенің сынуы осындайдан басталады. Осы жұмысты ұйымдастыру жолында идея авторлары мәдениет үйі директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлсезім Ғабиденқызы мен Бибігүл Төлегенованың еңбектерін ерекше атап өткенім азаматтық парызым болар,-деді. Ал Майкөмген мәдениет үйінің басшысы Нұрлыбек Ермекбайұлы өз сөзінде:

-Көптен бері көңілге нұр әрі рухани азық сыйлаған тамаша кештің куәгері болдым. Кеш керемет өтті. Қу тіршіліктің күйбеңінен шығып, бір сергіп қалдық. Мұқаңның поэзиясы әуелден жастар арасында танымал. Оның бір өлеңін жатқа білмейтін қазақ кемде кем шығар. Өзім де поэзия кештерінен қалмауға тырысамын. Қазақ ақын-жазушыларының есімдері жиі осылай ұлығыланып тұрса, мәдениетке бір үлесімізді қосқан болар едік. Шаралар жалғасын таба берсін,-дейді пікір білдіріп.

Кеш Бекет Аманқостың орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Отан» әнімен аяқталып, жиналғандар тік тұрып қошемет білдірді. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның туған күніне орай өткізілген шара осылайша әдемі аяқталып, шығармашылығы тағы бір дәріптелді.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT