Пір Бекеттің Ақмешіті

Пірдің соңы Бекет Атамыздың кіндік қаны тамған Ақмешітке жыл сайын он мыңға жуық адам келіп, зиярат етеді.

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы: - Әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес,-деген болатын.

Бес жерасты мешітін салып, шәкірт тәрбиелеген Бекет Атаның тұңғыш мешіті - Жылыой өңіріндегі өзінің кіндік қаны тамған Ақмешітте. Қазіргі Бекет Ата мешітінің имам - шырақшысы Ислам Мырзабековтың деректері бойынша Бекет Ата бұл мешітті 1771-1774 жылдарды салып бітірген. Күтімсіздіктің және кеңестік керікеткен саясаттың кесірінен Ақмешіт 20 ғасырдың отызыншы жылдары құлап қалыпты (әлде қасқөйлер әдейі құлатқан).

Жар құлағы жастыққа тимей Бекет Атаның жоқшысы болған ауыл ақсақалы марқұм Рза Шықыбаевтың табандылығы арқасында 20 ғасырдың аяқ тұсында ауданға әкім болып келген Төкен Танаұлының ұйымдастыруымен 1998 жылдың 25 қыркүйегінде Бекет Ата Ақмешіті қайтадан бой көтерді. Бұл күндері тарих қойнауына кеткен сол кезеңдегі бұл халықтық құрылыс асқан табандылықтың, қажымас қайраттың, ұтырлы ұйымдастыру жұмыстарының жемісі еді.

Аудан әкімі Төкен Танаұлы Жұмағұлов қолға алған сауапты, ұлы ісіне облыс әкімі Равиль Шырдабаевты, оның орынбасары, жерлесіміз Есенгелді Нұршаевты қатыстырудың жолын тапты, аудандағы барлық мекеме, ұйымдарды жұмылдырды. Көрші Маңғыстау облысынан шеберлер Алиұлдары Қуан, Тұрды, Дат, Крамадинді, олардың серіктері Төленов Аманкелді мен Садықов Сәрсенді алдырып, Атаның әкесі Мырзағұлға, анасы Жәнияға, баласы Тоғайға зәулім күмбезді кесене, жаңа үлгідегі үш бөлімді мешіт үйін тұрғызды. Бүған дейін Төкен Танаұлының бастауымен шырақшы үйі, түнекүйі, қонақүйлер салынған болатын.

Қазір халық сонау бір жылдары бүкіл аудан болып қолға алған қажырлы еңбектің игілігін көріп отыр. Пірдің соңы Бекет Атамыздың кіндік қаны тамған Ақмешітке жыл сайын он мыңға жуық адам келіп, зиярат етеді. Үстіміздегі жылы Бекет Атаның туғанына - 270 жыл. Оны бүкіл еліміз тойлағалы жатыр.

Бұл айтулы күнді өз дәрежесінде өткізу - аудан үшін үлкен сын. Қазір мерекеге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Үлкен қонақ үйінің құрылысы бітуге таяу.

Көптеген мәдени- тәрбиелік шаралар өткізу белгіленді.

Нұрдәулет Ақназаров,

мәдениет ардагері, журналист

Жылыой ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521