Орынша

Мен оны күнде дерлік көремін. Кешкілік немерелерін ертіп, Атыраудағы Балауса елді мекені тұсындағы Ерік-Мостовой каналы бойымен жәй ғана қыдырып жүреді. Әлгі кішкентайлардың бірі қолынан тартып, екіншісі етегіне оралып әбден мазасын алса да сабырлы қалпынан еш айнымайды. Соншама ұстамдылығы таң қаларлық. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Орынша Бозданқызының бойында кішілер ғана емес, үлкендер де үлгі алатын ұлағат бар-ау. Түбінде тектіліктің белгісі байқалады.

КӨКШЕДЕГІ ҚЫЗМЕТ

Расында да бұл кісімен тілдесудің өзі ғанибет. Ар жағымыз Жылыой жақтан болғасын ба, әуелден таныстығымыз да бар ғой. Облыс орталығында көрші қоныстанып, әңгіме тізгінін ағытқанда да алдымен ескі естеліктерге жол береміз. Ортақ таныстарымызды ойға аламыз. Өткен-кеткендерді жадыда жаңғыртамыз Сөйтіп, суыртпақтап сыр сұрағанымыз бар.

Орынша Бозданқызы 1945 жылы мамырда Жылыойда өмірге келген. Әке-шешесінің он баласының біреуі. Тағдыр ғой, содан қазір ағайынды екі қыз қалған. Алдағы аға да, кейінгі інілер де өмірден өтті. Біразын жақсы білуші едім, кейінірек кеңірек айтуға да болады. Рас, ұрпақтары бар, дәтке қуат болатын да сол. Торқалы той, топырақты өлімде Боздан қарттың ұрпағы алыс-жақыннан ағылып келіп жатады. Сонда барлығы тұтас қол тәрізденеді.

Орынша апамыз 1964 жылы Құлсарыдағы Абай атындағы орта мектептің 11 сыныбын тәмамдады. Кеңестік кезде де осындай оқу жүйесі болатын Кейін ол он жылдыққа ауыстырылды. Ел егемендігін алғасын он бір сынып қалпына келтірілгенімен, анау уақытпен бағамдағанда түбегейлі өзгешелеу. Содан мектеп бітірген соң Ресейдің Кострома қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына жол шегеді ғой. Өмірі ауылдан ұзап шықпаған қызға бұл сапар өте батылдық болатын. Бойға біткен өжет мінезі ме, әлде өзіне деген берік сенімі ме - әйтеуір, бұған дейін картадан ғана білетін қиырдағы шаһарға тартып тұрады. Қабылдау емтихандарын да сәтті тапсырып, студент атанады. Қазақстаннан бес студент болыпты. Төртеуі ұл, ортасында жалғыз қыз өзі. Екеуі жылыойлық. Содан жоғары оқу орнын 1969 жылы бітіргенде бесеуі бес жаққа кетеді. Орыншаға жолдама Көкшетау облысына беріледі. Жанында жерлес жігіт болған екен, мұнда келгесін ол да бөлініп, басқа ауданға аттанады.

Сөйтіп, бұрын-соңды аяқ баспаған жерде Орынша жалғыз қалады. Сәкен ақын жырлаған Көкше жерінің табиғаты тамаша ғой, шіркін! Сексен көл сылдырлап аққанда тұтас симфония дерсің. Маңғаз таулары, сұлу қайыңдары көз сүріндіреді. Тұтаса өскен қалың орманнан ит тұмсығы көрінбейді. Мұның бәрі өзен-көлге жұтаң, суы тапшы, жері қуаң Кең Жылыойда жоқ.

Әйтсе де, жас қызға табиғатты тамашалауға уақыт тапшы. Орталықтан жырақтау кеңшарға тап болады. Негізінде ауыл шаруашылығымен, соның ішінде мүйізді ірі қара өсірумен шұғылданады екен. Соның сүтін мемлекетке тапсырып, белгіленген жоспарды орындап қана отырады. Әйтсе де, Орыншаның байқағаны – шаруашылық көрсеткіші орташа. Мал басы жеткілікті. Сауыншылары да баршылық. Бірақ көршілес құрылымдармен салыстырғанда кейінірек келеді. Кеңшар директоры да жас маманға осы жағын баса айтып, себебін анықтауды тапсырған. Ауыл тұрғындарының дені өткен ғасырдың елуінші жылдары Кеңестер Одағының әр түкпірінен Қазақстанға тың игеру мақсатымен келіп, осында тұрақтап қалғандар көрінеді. Отбасыларын құрып, бала-шағалы болып үлгерген.

Міне, сөйтіп қалыптасып қалған, тұрғылықты тұрғын атанып үлгергендер бастапқыда жас қызға шекесінен қараған. Оның үстіне, ұлты да басқа. Картадан көз талдырып іздегенде де кішкене ғана қара ноқат боп белгіленген қиырдағы Құлсарыдан келіпті. Мұнда нендей билігін жүргізе алсын. Осылай ойлағандар ә дегенде дипломды маманның сөзін де жүре тыңдаған.

Әйтсе де, Боздан қарттың батыр қызы мінез танытты. Оның міндеті – сауылған сүттің сапасын анықтап, сорттылығын белгілеу. Анықтап көрсе, бұған дейін бұл жұмыс бетімен жіберілген. Костромада өндірістік тәжірибе кезінде сиырлардан қандай сүт алынатынын, оның сапасы нендей болатынын көзімен көрген Орынша жаңа жердегі жағдайдың төзгісіз екендігін бірден байқаған. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, малды тамақтандыру да төмен. Одан сапа жақсарушы ма еді? Оның үстіне сауыншылар сиырды толық саумай, жарты шелекпен жүре беретін көрінеді.

Енді жас қыз сауыншылармен бірге таңда тұрып, кешке қатар жататын болды. Қызметті қатты қадағалауға алды. Бұрын сауыншылар жұмысын жүрдім-бардым атқарып, берілген жалақысын алып жүре берген ғой. Ал, шындығында, олардың айлығы алынған өнімнің сапасы мен сорттылығына сәйкес келуі керек. Бұған ешкім назар аудармаған. Бәрі орыс ұлтының өкілдері, жауырды жаба тоқып жүре берген. Оған Орынша төзе алмады. Таңғы-кешкі сауындарды қадағалады. Малды қалай қоректендіріп жатқандығын тексерді. Сүттің сапасы мен сорттылығын дәл анықтап отырды. Бұрынғыдай асыра жаза салуды тоқтатты. Бұл жұмысы салақ сауыншылардың айлығына әсер етті. Олардың арасында күңкіл шыға бастады. Жоғарыға шағымданушылар табылды. Алайда жас маман алған бетінен қайтпады. Кеңшар директорына орын алған олқылықтарды дәлелдеп берді. Содан соң сауыншылар да сабасына түсті. Ресейден оқу бітірген, орысшаға судай жас қыздың осал жан емес екенін түсінді. Енді шелектері салдырлап, Орыншаның соңынан өздері жүгіретінді шығарды.

Осылай сұлу Көкшенің баурайында екі жылға жуық уақыты өтті. Кеңшар көрсеткіші едәуір жақсарды. Бастапқыда күңкілдеп жүретін сауыншылардың өздері енді Орыншаға өзгеше қарай бастады. Қызметі жақсарып, көтеріңкі жалақы тағайындалды. Сыйақы алып, марапат иеленді. Көңілдері көтерілді. Шын бақыт шынайы еңбекте екендігін сезінді. Орыншаны өздерінше атап, бауырларына тартты. Қаршадай қазақ қызы қиырда құрметке бөленді.

Кеңшар директоры да мәз. Бұрынғы ортанқол шаруашылық алдыңғы лекке шықты. Жоспар артығымен орындала бастады, сүт сапасы едәуір артып, сорттылығы көтерілді. Орталықтағы үлкенді-кішілі жиналыстарда аттары аталып, өзгелерге үлгі етілді. Енді ол Орыншадан айрылғысы келмеді. Жұмыс жасағанына екі жылға жақындаса да жас маман кезекті еңбек демалысын алмаған-ды. Қанша дегенмен ауылын сағынды. Қазіргідей шапшаң хабар алдыратын ұялы телефон жоқ. Жазылған хат сонау Арқадан батыстағы Жем жағалауына дейін апталап жүреді. Басшылардан елге баруға рұқсат сұрады. Небәрі он күнге әрең босатты. Шапшаң оралуын қалады. Келмей қалады деп қауіптенді ме екен, күллі құжатын алып қалды. Институт бітіргені жөніндегі дипломын да, еңбек кітапшасын да сонда тастап Орынша ауылға қайтты. Мұнда келген соң Боздан қарт қызын кейін жібергісі келмеді. «Қызым, - деді ол, - біз үлкейдік. Әні-міне деп отырмыз. Ертең олай-бұлай болып кетсек, қиырдағы жерден қалай келмексің? Қоштасуға да үлгермейсің ғой». Әке сөзі қызына да ой салды. Абайлап қараса, еліне елеулі, халқына қадірлі болған кісі едәуір қартайып та қалыпты. Бұрынғы мығым денесінен еті де арыла бастағандай. Он баланы жетілдіру оңай ма, шешесі екеуі барын салып еңбектеніп еді-ау.

ЕЛДЕГІ ЕҢБЕК

Осылай Орынша Көкшеге қайтпады, кейін оралмады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне инженер-гидротехник болып қызметке орналасты. Басшылармен сөйлесіп, бұл істі де ағасы Бағытжан үйлестіріп берді. Бұл мекемеге Шафих Ізбасов жетекшілік етеді екен, қарсылық білдірмеді. Әйтпесе, барлық құжаты сонау Көкшетауда қалды емес пе? Жаңа жұмысының да жауапкершілігі жоғары еді. Ол кезде Жемде су мол. Әр жылдары арнасынан асып, жайылымға жайылады. Қазіргідей жоғары жағынан кез келген жерден бөгеп жатқан жоқ. Әйтсе де шабындыққа да су шығару қажет. Қысқы азықты дайындау керек. Малдың қыстаудан аман шығуы соған да байланысты. Демек, ағын суды кеңшарларға дер кезінде кезегімен бөліп беру қолға алынады. Көктемде келген мол суға таласып қалатындар да табылады. Орынша бұл шаруаға да белсене кірісіп кетті. Өзіне бейтаныстау жұмысты барынша меңгеріп келе жатыр еді, белсенді қыз басшыларға басқа қырынан да танылды. Бойынан өзгені соңынан ерте алатын, басқаға сөзін өткізе алатын қабілет байқалды. Бір күні аудандық комсомол комитеті шақырып, Қаратон кентіне жұмсады. Сонда бір жас отбасы ажырасу алдында тұр екен. Барды. Жас келін көзі жәудірейді. Күйеуін жек те көрмейді. Сәбиі де бар. Себеп – күйеуінің араққа үйірлігі. Тентек судан татпаса, жүре алмайтын секілді. Әйтпесе, оғаш мінезі көрінбейді. Орынша екеуімен де оңаша сөйлесіп, бар ақылын айтты. Ақыры іс насырға шаппай, екеуі татуласты. Содан соң ешқандай шағым да түспеді. Қазір қайда екен сол жігіт пен қыз? Есен-аман немере сүйіп отыр ма екен? Солай шығар...

Көп ұзамай дәл осындай оқиға Шоқпартоғай селосында орын алады. Аудандық комсомол комитеті тағы Орыншаны жұмсайды. Жас қыз бұл тапсырманы да ойдағыдай орындады. Қызық, бұл атқару комитетінің қызметкері немесе мүшесі емес. Ендеше, неге бұл баруы тиіс? Өзінің тікелей қызметі бар емес пе? Мұның сыры кейін ашылды. Аудан басшылары осындай әдіспен сынап жүр екен. Шыны керек, ол кезде Құлсарыда Ресейден жоғары білім алған мамандар өте сирек. Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітіргендердің өздері саусақпен санарлық. Олар да өз мамандықтарынан ауыспайды. Жастар жетекшілігіне тартуға даяр емес.

Міне, осыны ойлаған аудан басшылығы жас қызды сыртынан бақылап, әртүрлі іске жұмсай бастаған ғой. Оның үстіне халқына қадірлі Боздан қарттың қызы болса, жерге қаратпасына сенген де шығар. Қысқасы, 1971 жылдың қазанында бұрынғы Ембі, қазіргі Жылыой аудандық комсомол комитетіне нұсқаушылық жұмысқа шақырылды. Осы орайда Орыншаға шындықты айтуға тура келді. Оның барлық құжаты сонау Көкшеде қалған. Жоғары білімі туралы дипломы да, еңбек кітапшасы да, комсомол билеті де сонда. Енді аудандағылар тығырыққа тірелді. Сенім артып отырған адамының алдынан тосын мәселе туындаса, енді қайтпек?

Дегенмен, мұның да шешімі табылды. Аудан басшылығы облыс арқылы сонау Көкшетауға хат жолдап, жағдайды түсіндіріп, арнайы поштамен құжаттарын түгел алдырды. Сонымен Сексен көлдің мекені сағымданып алыста қалды. Орынша туған жердің түтінін түзу ұшыруға кірісті.

Келесі, яғни 1972 жылдың қаңтарында аудандық комсомол комитетінің кезекті конференциясы өтті. Міне, сол салмақты басқосуда аудан делегаттары Орынша Бозданқызын екінші хатшы етіп бірауыздан сайлады. Ол Жылыой жастарының жетекшісі атанды. Енді жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да еселеп артты. Айтпақшы, қызметіне кіріскен бойда-ақ тосын оқиға орын алды. Аудандағы алыс ауылда біреу қыз алып қашқан. Бұл өте өрескел оқиға ретінде бағаланады. Қылмыстық іс көтеріледі. Саяси астары да жоқ емес. Демек, жастар арасында тәрбие жұмысының төмендігі ғой. Жоғары жақ солай есептейді. Тұтас аудан беделі таразыға тартылғалы тұр. Салмақ тағы да Орыншаға түседі. Аупартком оқиғаны бақылауға алды.

Қатты қиналды. Өйткені, оқиға жұртқа жария боп қалған. Жап-жас жігіт сотталып кетпекші. Қыздың да абыройына нұқсан келмек. Орынша олармен де, әке-шеше мен ағайын-туыстарымен де ашық сөйлесті. Шындығында, жігітте бөтен ой жоқ, қызды жақсы көреді. Тек ол бірден келісім бермеген соң әлдекімнің айтуымен осындай қадамға барған. Құжаттарын даярлап, құқық қорғау орындарының адамдары жүр. Қылмыстық іс ашпақшы. Әйтеуір, әупірімдеп бұл мәселе де оң шешілді. Сол жылдары жастар жетекшілері осындай іспен де шұғылданған. Әр тағдырға жауап берілетін.

Бүгінде кешегі идеологияға, сол кездегі жастар тірдігіне сын көзбен қарау басым. Дүрыс та шығар, әр уақыттың арқалар жүгі түрліше ғой. Бірақ сонау уақыттың жастары бойында патриоттық сезім мықты болатын. «Бір жеңнен – қол, бір жағадан - бас» дегендей, қай істі де ақысыз-пұлсыз қатар тұрып бітіріп тастайтын. Бұл тұрғыда олармен жұмыс жасау жеңіл әрі қызықты еді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Жылыой жастары айтарлықтай шараларды жүзеге асырды. Көркемөнерпаздар үйірмесі облыс асып, республикалық сайыстарда жүлде алды. Әр кәсіпорында дерлік вокальды-инструментальдық ансамбльдер құрылды. Отбсылық әнші-бишілер өмірге келді. Сахнаның сәнін келтіріп жүрген жастар халық театрына тоғысты. Мәдениет үйінде классик жазушылардың шығармалары қойылды. Қысқасы, аудан тірлігі қыз-қыз қайнап жатты. Солардың басы-қасында, әрине, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы жүрді. Жастық жалынымен өзгелерге өнеге көрсетті, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды.

Мұнысы басшылардың көзіне де шалынды. Ауданда Мұсабай Сағынбаев бірінші, Беркін Ізтелеуов, екінші, ал Мира Завершинская үшінші хатшы еді. Олар Орыншаға бұдан да жауапты жұмысты тапсыруға болатынын білді. Сөйтіп, 1974 жылғы желтоқсанда Ембі кеңшары партия комитетінің хатшылығына жұмсады. Бастапқыда сескеніп те қалды. Шаруашылық орналасқан Тұрғызба селосы әкесі өскен орта еді. Мұнда Боздан қартпен қатар жүрген, етене таныс жандар көп-ті. Олардың өзіне сынай қарайтынын да ұқты. Төрт түлікке бейімделген кеңшарда мыңдаған қой бағылатын. Шопандар қысы-жазы соның қамымен жүреді. Қыстақтан жайлауға және кері көшеді. Солардың бәріне бас-көз болып, барынша жағдай жасау керек. Отбасылары азық-түлік, киім-кешекпен толық қамтылуы тиіс. Төрт түліктің азығы тағы бар. Пішен шабу науқанында партком хатшысы да кеңшар директорымен бірге үй көрместен шабындықта жүреді. Өйткені, малды қыстан қоңды әрі шығынсыз шығару – партиялық тапсырма. Оның жауапкершілігі жоғары. Қысы-жазы жайлау мен қыстақтарды аралаған Орынша Бозданқызы мұны ерлермен қатар көтерді. Тынымсыз тірлікпен талай тер төкті. Соның нәтижесі – шаруашылықтың жоғары көрсеткішке қол жеткізуі. Әр 100 саулықтан жүзден асырып төл алу қалыпты көрініске айналды. Шопандар ерен еңбегі үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды. Соның бәріне саяси жетекші де сүбелі үлес қосты.

КӨНЕ ГУРЬЕВ ШАҺАРЫНДА

Содан бір күні шабындық басында жүрген. Қалың өскен шөпті шауып, одан әрі текшелеп жинап жүрген механизаторларға разылықпен қарап тұрған. Ауыл жақтан қара жолдың бойынан қою шаң көрінді. Қолын көлегейлеп қараса, далада жүруге бейімделген жеңіл көлік. Ә дегенше келіп те қалды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев екен. Жанында жергілікті басшылар бар.

Обком хатшысы Орыншаны әуелден таниды. Жылыойда болған азамат қой, бірге қызмет істеген. Жылы амандасты. Мұның шаң қағып, күн сүйген қоңырқай өңіне қарап тұрып: - Орынша, Алматыға жоғары партия мектебіне баруға қалайсың? – деді сұраулы жүзбен. Бұл қарсы еместігін айтты. Ұсынысты кезекті тапсырма ретінде қабылдады.

- Ендеше, биылғы тізім бекітіліп кетті, келесі жылға қосалық. Одан әрі облыс орталығында жұмыс жасауға тура келер, - деп обкомның бірінші хатшысы келер қызметтің де шетін шығарды.

Үлкен кісі сөзінде тұрды. Сөйтіп, 1977 жылғы қыркүйекте Орынша Бозданқызы Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы атанды. Бұл оқу орнына қабылданудың өзіндік тәртібі бар екен. Тиісті құжаттарын тапсырғанымен, міндетті сұхбаттан өту керек. Емтихан қабылдаушы төрт-бес қазақ. Бәрі орысша сөйлейді. Ресейде жоғары білім алған Орыншаға бұл тіл жат емес, жете меңгерген. Бірақ әлгілердің орысша қойған сауалдарына қазақша жауап берді. Өжеттігі ғой, ана тіліне нұқсан түсірмеді.

Екі жылдық оқу да аяқталды. Енді Орынша Бозданқызы қос жоғарғы білімі бар, саяси шыңдалған маман еді. Ол 1979 жылғы шілдеде Гурьев облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушы болып қабылданды. Енді жауапкершілік еселене түсті. Күллі аймақтың қызметін қадағалау қажет болды. Егіншілер мен малшылардың, балықшылардың барлық көрсеткіштері қолына өтті. Сол кезде Гурьев балық зауытының, «1 Мамыр» кеңшарының даңқы республика асып, одаққа жайылды. Біріншісі дәмі тіл үйірер бекіре балығымен мақтанса, екіншісі қауын-қарбызын шетелге шығарды. Оның бер жағында асыл тұқымды мал шаруашылықтары қаншама... Кезінде Көкше жерінде сүті мол сауын сиырларды көрсе, енді содан кем емес төрт түлік облыста да жеткілікті екеніне көз жеткізді. Тек бағымы үйлессе, қайтарымы да қомақты болғалы тұр. Жылыойлық қыз маман ретінде соған да назар аударды.

Сол уақытта бау-бақша шаруашылығы мен оның өнімдерін даярлау қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті бар еді. Дәлірек айтқанда, енді құрылып жатқан. Міне, 1981 жылдың желтоқсанында Орынша Бозданқызын соның төрағалығына сайлайды. Бұл да түсінген жанға аса ауыр міндет еді. Енді облыс халқын бау-бақша өнімдерімен қамту жүктелді. Сол жылдары шаһардағы кәсіпорындар мен мекемелер ауыл шаруашылығы құрылымына шефтік көмек көрсетіп, есесіне арзан бағасына өнімдерін алатын. Турасын айтқанда, қала мен даланың балталаса бұзылмас берік байланысы солай қалыптасатын. Науқандық шара кезінде кеңшарларға жұмыс қолы көбірек керек болады. Бірақ олар еш қысылмайтын. Өйткені қаладан көмек келеріне сенімді еді. Сол кездегі Кеңестер Одағының туында орақ пен балға белгіленсе, бұл – жұмысшы мен шаруа табының бірлігі. Қазір сол ынтымақтастық бұзылған. Қала жасы дала жұмысынан бейхабар. Содан соң дихан мен шопан еңбегі қайдан бағалансын? Екеуінің арасына әлдеқашан сына қағылған.

Жә, бұл сөз ретінде айтылып жатыр. Ал, Орынша Бозданқызы облыстық кәсіподақ ұйымын басқарған уақытта ешкім де көкөністен кенде қалған жоқ. Ұйымдастыру жұмыстарымен Алматы, Мәскеуге дейін барды. Талай табалдырықтан аттады, есікті тоздырды. Үлкенді-кішілі лауазым иелері алдына толғаулы мәселені төтесінен қойды. Әйтеуір, істі тындырып жүрді. Содан 1983 жылғы желтоқсанда обком оны аппаратқа қайта шақырды. Кәнігі маман мұнда да керек-ті. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөліміне нұсқаушы етіп тағайындады. Бұл кезде жылыойлық қыз тәжірибесі толық, білігі мол, білімі жеткілікті маман еді.

Ал, обкомның кері шақыруы келесі қызметтік өсу сатысы алдындағы баспалдақ екен. Жылыой мен Махамбет, кейін Қызылқоға аудандық партия комитеттеріне қызмет ұсынылды. Бәрінен бас тартты. Содан обкомның бірінші хатшысы Асқар Құлыбаев 1988 жылы Гурьевтегі балық өнеркәсібі мекемесіне партком хатшылығына жібермек болды. Әрі ойланып, бері толғанып оған да бармады. Сол жылдары облыста балық шаруашылығына қатты маңыз берілді. Оның өнімдері республика мен одақтан асып, шетелге таратылды. Сыртқа шығарылған уылдырық елге валюта есебімен оралды. Жүздеген балықшы науқан кезінде Жайықтан ау тартты.

Браконьерлік те белең алды. Онымен күресу үшін сәуір-мамыр айларында Гурьевке өзге қалалардан қосымша милиция жеткізілетін. Курсанттар әкелінді. Шыны керек, заңсыз балық аулаушылармен күрес кезінде оқ атылып, адам шығыны да орын алатын. Шаруашылық басшылары да жеңұшынан жалғасып, қарабасының қамымен жүретін. Обкомға түсіп жататын мәліметтер бойынша Орынша мұның бәрінен хабардар еді. Ол мұндай қиындықтардан қорыққан жоқ, кезінде талайын көрді ғой. Бірақ балық шаруашылығының қыр-сырын білмейтін. Саяси тұрғыдан басқарар, әйтсе де мекеменің жұмысын да жеткілікті білуі керек қой.

Сөйтіп жүргенде осы жылы Атырау мен Маңғыстау облыстары біріктірілді. Обком қызметкерлердің қазыналы түбекке де баруын талап етті. Себеп-салдар көп есепке алынбады. Ал, Орыншаның кішкене балалары бар еді. Оларды тастап, жүздеген шақырым сапарлауға мүмкіндігі келмеді. Басқа жұмыс іздеуге тура келді. Обком құнды маманынан айрылғысы келмесе де, санасуға мәжбүр болды. Сөйтіп, 1994 жылғы мамырда Атырау қалалық салық комитетіне орналасты. Ол үш жылдан соң облысқа қосылды. Осы жерден 2003 жылы зейнеткерлікке шықты.

«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, мұнда да абыройсыз болған жоқ. Көппен тіл табыса алатын қасиеті, кіршіксіз ақ пейілі, қызметіне адалдығы жаңа орында да тез танылып, әріптестері ортаға тамаша жан қосылғанын ә дегенде байқаған. Сол риясыз қарым-қатынас әлі сақталып келеді. Орынша Бозданқызының 80 жастық мерейтойына облыстағы салық қызметкерлерінің ардагерлерімен қатар кейінгі буын өкілдері де түгел қатысты. Облыстық «Атырау» газетіне жүрекжарды құттықтау лебізін жариялапты. Егде тартқанда елге еленгеннен артық нендей бақыт керек!

Осы шағын мақалада да аймаққа белгілі, оның дамуына сүбелі үлес қосқан біраз адамның аты аталды. Ал, Орынша Бозданқызы өмір жолында жолыққан жақсы жандар аз емес. Ол облыстың бұрынғы басшылары Оңайбай Көшековпен де, Есен Тасқынбаевпен де, Равиль Шырдабаевпен де, Сағат Түгелбаевпен де, басқа да тұлғасы таудай тарландармен қызметтес болды. Солардан тәлім-тәрбие алды. Кейін өзінің өнегесін өзгелерге үйретті.

Айттым ғой, біз Атырауда көрші тұрамыз. Күнделікті күйбең тіршіліктен де уақыт тауып, ара-тұра дастархан басында тоғысамыз. Ол жәйлап қана естеліктер тығынын ағытады. Мен қостаушымын. Апайдың Мәмбет інісі менің құрдасым еді, мектепте қатар оқығанбыз. Мол пішілген, кең иықты жігіт еді. Ал, Бағытжан Бозданұлын ұстаз тұтамын. Тектіліктің төркінін танытқан тұлға. Әріптес ретінде талай жерде қатар жүрдік, көп нәрсе үйрендім. Бақтығали інісі әдебиетқұмар болатын. Вахтада жүріп, қолы сәл босағанда кітапқа жабысатын. Өзге бауырлары да өзіндік бейнесімен ерекшеленетін. Әттең, бәрі де келместің кемесімен кетті. Рас, арттағы ұрпақтары өсіп жатыр. Қазір апаның сіңлісі ғана бар. Сексен жастық тойына арнайы Жылыойдан жетті.

Міне, қысқа қайырғанда осы. Апамыз қарапайым адам, бұл мақаланы жазуға да қарсы болған, мен шыдамадым. Білсін Кең Жылыой қаршадай қызының кезінде кім болғанын, нендей қызмет атқарғанын. Жасырып қайтеміз, бүгінгі жастар үшін адами құндылықтардың өлшемі өзгеше. Әйтсе де ел тарихы, онда туған өрендердің өмірбаяны өнеге емес пе? Жем бойынан арқалы ақындар шыққанымен, жоталы жазушылар жарқырамай жатыр. Әйтпесе, талай шығармаға арқау болар адамдар бұрын да болған, қазір де бар. Солардың елеусіздеу қалмағаны жөн еді.

Орынша Бозданқызының 80 жылдығын облыстық ардагерлер кеңесі ескерусіз қалдырған жоқ. Кеңес төрағасы Мұрат Өтешевтің атынан «Атыраудың ардақты ардагері» Алтын белгісі тағылды. Ендігі кезек – ауданда. Құлақтарына тимей жатқан шығар. Ендеше, осы мақала ой салар.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Атырау қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT