Дәл осындай атпен Құлсарыдағы "Кең Жылыой" мәдениет үйінде "Қазақ вальсінің королі", сұлу саздың патшасы, халқымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай керемет ән кеші өтті.
Иә, Шәмшінің әндері десе, ішкен асын жерге қоятын ән мерекесіне жиналған жұртшылықта есеп жоқ. Залда бос орын жоқ, халық лық толы. Біз кеш келсек те, үлгеріп келдік. Көп ұзамай көптен асыға күткен концерт те басталды.
Кештің шымылдығын өлкемізге танымал әнші, көрерменнің сүйіктісі, қоңыр дауысты Асқар Қоңыров Шәмші Қалдаяқовтың " Ана туралы жыр" әнімен ашты.
Иә, Шәмші әндерін білмейтін адам кемде-кем, оны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін шырқайды. Әндерін ұйып тыңдаған халық, тыңдай бергісі келеді.
"Әнім сен едің" кешінде саз әлемінің падишасы, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндері Жылыойдың өнерлі жастарының шырқауында әдемі жалғасын тапты. "Ана туралы жыр", "Отырардағы той", "Өмір-өзен", "Арыс жағасында", "Кешікпей келем деп ең", "Қайықта", "Ақерке-Ақжайық", "Бақыт құшағында", "Сыған серенадасы" Перизат Көшербай, Назгүл Өтепбергенова, Бекет Аманқос, Нұргүл Бақтығалиева сынды басқа да талантты жас әншілердің орындауы көрермендерді әсем әуенге елітіп, ерекше әсерге бөледі.
Қазақтың талантты тұлғасы, халықтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған "Әнім сен едің" ән кеші осылайша өз мәресіне жетті. Бірақ көрерменнің көңіл көгінде Шәмшінің әндері көпке дейін аққудай қалықтап, жүректерден мықтап тұрып орын тепті.
Зульфия Өтепқалиева