Дәл осындай атпен «Қосшағыл» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі, әнші, термеші Алпамыс Бірімбайұлының шығармашылық ән кеші өткізілді. Оған әншінің өнерін бағалап, әндерін сүйіп тыңдайтын көзайым көрермендері мен жақын достары жиналды.
Кешті жүргізуші де Алпамыстың бала кезден бірге өскен досы Н.Тілеуов болды. Ол кеш иесінің өмірдегі және өнердегі жолына тоқталып өтті. Әнші биыл ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі марапатын алды және өмірде де, өнерде де серігі болып қос аққудай жұптасып бірге келе жатқан жұбайы Зәуре Қасымханқызымен шаңырақ көтергеніне 30 жыл толды. Ән кеші де өнерпаз өміріндегі осындай сәулелі сәттерге орай ұйымдастырылып отыр. Осыған орай Алпамыс Бірімбайұлы мен жұбайы Зәуремен сахна төріне шақырылып, құрмет көрсетілді. Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Қосшағыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Д.Нұрмұханова кеш иесіне арнайы Алғыс хат және гүл шоқтарын ұсынды. Алпамыс киелі Кең Жылыой өңірі мен балалық шағы, туып-өскен Ақкиізтоғайы туралы толғанып, отбасы мен ата-анасы, өнерлі ортасы туралы айта келіп, өзінің әсем әуезді әндерімен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әнші халық әндерінен Мұхиттың, Біржан салдың, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың халық әндерін орындаумен қатар, жастар үшін эстрадалық жанрдағы көңілді әуендерді де әуелете шырқады. Алпамыс ағамыз бен Зәуре апамыз – тек өнерде ғана емес, өмірде де бір-бірін сүйіп, қадірлей білетін, ұл - қыз тәрбиелеп, келін түсіріп, немере сүйіп отырған үлкен отбасы иелері. Әншінің жұбайымен бірге қосыла айтқан дуэт әндеріне көпшілік асқан ризашылықпен қол соқты. Кеш иесінің өнердегі ізін өкшелей басып келе жатқан інілері Әділет, Нұрзат, Рүстем, Шерхан, Нұрасыл сынды жас өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Қосшағыл ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, мұнай саласының зейнеткері Ж.Имашев барша қосшағылдық атынан әншіге осындай жақсы кеш сыйлағаны үшін ағалық алғысын білдіріп, алдағы уақытта да шығармашылық шалқар шабыт тіледі. Кеш соңында Алпамыс Бірімбайұлы барлық жиналған өнер сүйер қауымға зор ризашылығын білдірді. Екі сағатқа созылған кеште барша жиналған көрермен әншімен қосыла ән салып, би билеп, қимай тарқасты.
А.АДАЛБАЕВА, Қосшағыл мәдениет үйінің әдіскері