Өнер айдынындағы киелі кеме

Өнер айдынындағы киелі кеме

Аудан әкімінің 2018 жылғы 7 қарашадағы № 384 «Жылыой ауданы білім бөлімінің мектептен тыс ұйымдарын біріктіру арқылы қайта ұйымдастыру туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылдың ақпан айының 1-інен бастап Құлсары қаласындағы Т.Құлтумиев атындағы №1 балалар саз мектебі мен №2 балалар саз мектебі қосылып, біріктірілген еді. Міне, содан бері «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жұдырықтай жұмылған қос ұжым аудандағы дарынды балалардың өнерге деген қарым-қабілетін шыңдауда аянбай еңбек етіп келеді. Дәулескер күйші, дүлдүл домбырашы, сырлы сазгер Тоқсанбай Құлтумиев атын иеленген біздің мектеп талаптының талантын шыңдайтын өңірдегі ең іргелі оқу ордасына айналды.

Өнерлі өрендермен жұмыс жасап келе жатқан мектебіміздің алдына қойған басты мақсаты - балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ халқының, соның ішінде өз өлкеміздің өзіне тән музыкалық ерекшелігін бойына сіңіріп, ұлттық аспаптардың қыр-сырын меңгерту. Бұл ретте ұжымдағы ұлағатты ұстаздар мақсат үдесінен шығып келеді. Саз ордасындағы балалар санының жылдан жылға арта түсуі – дәл соның айғағындай.

Қазіргі таңда мектепте 794 оқушы білім алады. Оларға 68 мұғалім дәріс береді. 10 бөлім жұмыс жасап тұр. Тарқатып айтар болсақ, олар: домбыра, қобыз, қылқобыз, сырнай, халық әні, күйсандық, шертер, прима, эстрадалық вокал және скрипка. Әрине, бөлімдегі оқушылармен қызмет атқаратын ұстаздар қауымы шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында тек қана сол аспаптарды меңгерту ісімен шектеліп қалмайды. Онда «Жылыой сазы» балалар оркестрі, «Айналайын» балалар хоры, «Тау самалы» домбырашылар ансамблі, «Кербез» жетігеншілер тобы сынды әртүрлі ұжымдық топтар да ұйымдастырылған.

Біздің мектеп – өнер айдынындағы үлкен кеме. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, мұнда ұстаздар мен шәкірттердің жүрегі бір арнада үндесіп, музыка әлемінің сиқырлы саз сырының тереңіне үңіледі. Мұғалімдеріміз еңбек жолында әр мамандық бойынша жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Соның арқасында дарынды балалар білімін жан-жақты кеңейтіп, қазақтың қос ішекті киелі домбырасының құдіретін сезініп, биік белестерді бағындырып жүр. Мектептің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес әр тоқсанды қорытындылау барысында техникалық сынақтар, академиялық концерттер, баяндама, ашық сабақтар өткізу арқылы оқушылардың еңбегі бағаланып, үлгерімі қадағаланады.

Айталық, мектепішілік «Жеңіске рух берген әндер» патриоттық әндер байқауы, «Қазақ өнерінің алғашқы шыңында» атты бөлімшелер бойынша күй сайысы, «Талантты болу - Тәңірден» күй сайысы, «Терме бабалар тілегі» атты термешілер мен «Қобыздың қоңыр үні» атты қобызшылар сайысы, «Саз әлемінде» саз сауаты бөлімінің сайысы жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналды. Мектепте айтулы күндерге сәйкес әртүрлі тәрбиелік және мерекелік шаралар жиі өтіп тұрады. Сонымен бірге, жыл қорытындысы бойынша үрдіске айналған «Ән салдырып, күй төктірген - Тоқсанбай» атты есеп беру концерті көрермендердің көңілінен шығып жүр.

Әрине, мұның барлығы әр ұстаздан орасан зор еңбекті талап етеді. Мектебімізде болашағынан зор үміт күттірерлік әнші, күйші балғын өнерпаздар көп. Ұстаз үшін әр шәкірттің жүлдесі – маңызды. Оқушының да, мұғалімнің де жетістікке жетуі, әрине, тәртіп пен үнемі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Біздің мақсатымыз – «бұлақтың көзін ашу», өнерлі балаға жол сілтеу. Қазақтың қасиетті аспабын насихаттау.

«Талантты болу - Тәңірден» демекші, әр адамның өз бойында ерекше дарыны болады. Сол «бұлақтың көзін ашып», дарияға айналдырып, тәрбиелеу - парызымыз. Бұл ретте баланың өнерге деген шабытының оянуы, әрине, мұғалімнің үлесі деп білеміз. Сондықтан дарынды балалардың талантымен танылып, асқақ арман мен айқын мақсат жолында шығармашылық шыңдарды бағындыра беруіне алға қарай да зор үлесімізді қоса бермекпіз.

Гүлбану Аязова, Т.Құлтумиев атындағы

№1 Құлсары балалар саз мектебінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT