Биылғы 1 сәуірде қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші композитор, дирижер, дүлдүл домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Оның әсем ән мен тәтті күйлері қазіргі қазақ музыкасының алтын қорына айналды. Әсіресе ән әлемінің ерекшелігі - фольклор дәстүрі мен қазақ мәдениетінің ауызша кәсіби музыка жанрын жалғап, көркем жүйенің рухани және эстетикалық құндылығын жаңғыртуында жатыр.
Міне, осыған орай Құлсары қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызметкерлері мен зейнеткерлері КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиевті еске алу шарасын өткізді. Онда жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған композитордың «Өз елім», «Құстар әні», «Саржайлау», «Туған ел», «Құстар қайтып барады» секілді сүйіп тыңдайтын әсем әндерін орталық зейнеткерлері бірлесе шырқады. Аудандағы «Жетіген» өнер мектебінің «Жалдықара» ансамблі шәкірттерінің орындауында сырлы сазгердің «Ерке сылқым», «Ата толғауы», «Аққу» күйлері орындалып, көрерменнің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады. Керемет композитордың «құлақтан кіріп, бойды алған» әсем әндері мен тәтті күйлерін тыңдаған қариялар әдемі кештен жақсы әсер алып тарқасты.
Иә, Н.Тілендиевтің ән-күй өнеріндегі шырайлы шығармалары Қазақстанның музыкалық мәдениетінің ұлттық игілігі, халқының баға жетпес бай мұрасы болып қала бермек.
Өз тілшімізден