Мүсіншінің Тәуелсіздікке арнаған туындысы

Әлемде тәуелсіздік туын желбіретіп, егемен мемлекет ретінде өмір сүріп жатқан 200-ден астам ел бар. Сол мемлекеттердің әрқайсысының тарихында азаттыққа жету жолында төгілген тер, құрбан болған жан, ұмытылмас күрес жатыр. Ал сол күрес жолын ұрпақ санасына сіңіріп, елдің рухын көтеру үшін арнайы тұрғызылған ескерткіштер – мемлекеттің тәуелсіздігін айғақтайтын мәңгілік нышандар.

Талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткеріп, бодандықтың бұғауынан азат болған қазақ елі де осы қатарда. Қазақ даласының сайын төсінде егемендіктің әр белесін өрнектеген тарихи орындар мен ескерткіштер бар.

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Ел егемендігін жариялаған алғашқы жылдары-ақ, мемлекет үшін ең қастерлі құндылық – тәуелсіздікті айшықтайтын, оның рухын асқақтататын ескерткішке деген қажеттілік пайда болды. Бүгінде Жылыойда осы маңызды күнге арналған бірқатар ескерткіш бар. Солардың бірі – «Кісен ашқан» мүсіні.

Бұл туындының авторы – ауданның құрметті азаматы, белгілі мүсінші Серік Мәтениязов. Шебер көп уақытын, еңбегін арнап, тәуелсіздік жолындағы халықтың қажырлы күресін көркем тілмен жеткізуді мақсат еткен.

Туындыда қолына домбырасын ұстап, шалқар көкжиекке көз тіккен күйші бейнеленген. Бұл – жай ғана өнер иесінің образын беру емес. Бұл – еркіндікке ұмтылған ұлттық рухтың символы. Домбыра – қазақтың жаны, жүрегі, ғасырлардан жеткен мұрасы. Ал күйші – елдің атынан сөйлейтін, халқының мұңын да, қуанышын да күймен жеткізетін тұлға.

Күйшінің қолындағы үзілген кісен – бодандықтан босаған халықтың азаттыққа бет алған айқын белгісі. Бұл – үзіліп түскен шынжыр ғана емес, өткеннің ауыр жүгінен арылып, жаңа дәуірге қадам басқан елдің үні.

Мүсінші Серік Мәтениязов өз туындысының астарлы мағынасына тоқталып былай дейді:

 -Мен бұл мүсінді жасағанда Құрманғазы бабамыздың бейнесін алып отырмын. Оның кез келген күйі – еркіндікке шақырған, рухты көтерген, намысты оятқан үн. «Адай», «Сарыарқа», «Кішкентай» – бәрі де тәуелсіздікке деген ұмтылыстың музыкалық символы. Сол себепті бұл образды кескіндегенде қиындық болған жоқ. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жасадым. Кейін 2023 жылы Ақтауда өткен Жылыойдың мәдени күндерінде туындым аудан басшысының қолдауымен Маңғыстау облысының әкіміне табыс етілді,-дейді шебер.

Мүсіннің қолындағы сынық кісен бөліктері – өткеннің енді қайтып оралмайтынын білдіреді. Бұл – тарихтың ең ауыр кезеңдері артта қалып, жаңа заманда тәуелсіз елдің еркін өмір сүріп жатқанын меңзейтін көркем шешім.

Ал домбыра – дәстүрдің, мәдениеттің, ұлттық кодтың басты символы. Домбыраның мүсін композициясындағы орны – халықтың рухани тамырын үзбей сақтау, ұрпаққа жеткізу идеясының көркем көрінісі.

Өнертанушылар «Кісен ашқан» туындысын тәуелсіздік тақырыбын терең ашқан ең көрнекті мүсіндердің бірі деп бағалайды.

 Олардың пікірінше, мүсіннің композициялық шешімі өте нақты және әсерлі. Күйші бейнесіндегі батырлық, еркіндікке ұмтылған өрлік пен жігер көрерменге бірден айқын сезіледі. Туынды адамды ойландырып, тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін еске түсіреді. Оның символдық мәнін түсінген жан үшін бұл жай ескерткіш емес – азаттықтың бағасын ұғындыратын көркем үндеу.

 Қоғам үшін мұндай ескерткіштердің маңызы зор. Себебі олар өткеннің елесін ғана емес, болашаққа берілетін рухани аманатты арқалайды. «Кісен ашқан» – дәл сондай туынды. Ол тек күйші бейнесін ғана бейнелемейді. Ол – сан ғасыр армандаған тәуелсіздіктің көркем символы, ел еркіндігінің мәңгілік белгісі.

 Бұл мүсін – шебердің елге деген жүрекжарды тартуы. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты өткенді ұмытпай, азаттықты қадірлеуге шақырған өнердің жарқын үлгісі.

Шебер Серік Мәтениязов мұнымен тоқтап қалмақ емес. Оның айтуынша, алдағы жылы елімізде өтетін дүниежүзілік мүсіншілер симпозиумына қатысу үшін қазірден бастап жаңа идея мен тың шығармашылық бағыттарды ізденуге кіріскен. Бұл – өнер жолында тоқтауға болмайтынын, үнемі шыңдалудың қажеттігін түсінген шебердің кәсіби ұстанымының айқын көрінісі.

 Аудан халқын келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ел үшін сын сағатта алаңға шығып, батылдық көрсеткен желтоқсаншыларға амандық тілеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын,-дейді мүсінші.

Бұл жүрекжарды тілектер мен атқарылған еңбектер ел тарихына, егемендік жолына деген шынайы құрметтің белгісі іспетті.

 А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT