Газетіміздің өткен 8 ақпан күнгі №6 санында «Ғалым жайлы біз білмейтін бір дерек» атты мақала жарық көрген еді. Онда «Абай» порталында жарияланған Гүлназ Шамқызының еліміздің орталық мемлекеттік архив құжаттары негізінде жазылған материалына сүйеніп, әдебиетші-ғалым, жерлесіміз Қабиболла Сыдиықовтың бұрынғы «Коммунизмге алға», қазіргі «Кең Жылой» газетінде тілшілік қызмет атқарғаны жайлы деректер келтірген едік.
Мақала басылып шыққан кейін ғалым Қабиболла Сыдиықовтың жары Гүлшат Омарқызымен хабарласудың сәті түсті. Бүгінде 86 жасқа келсе де, телефон тұтқасының арғы жағынан Гүлшат апамыздың дауысы жарқын естілді. Әр сөзін қадап тұрып, нақпа нақ айтқан ол біз келтірген мәліметті растай түсті. Оның жас кезінен поэзияны жанына серік еткенін, жергілікті редакциямен тығыз байланыста болғанын, сол арқылы аудандық газетте де қызмет атқарғанын жоққа шығармады.
Гүлшат Омарқызының сөзін нақтылай түсетін тағы бір дерекке кезіктік. Ол - Қабиболла Сыдиықовтың Қазақстан Журналистер одағына мүшелік билеті. Бұл құжатты ардагер-журналист Нұрдәулет Ақназаров Алматы қаласына барған сапарында ауданға ала келді. Қабекеңнің қара шаңырағына арнайылап бас сұғып, көптеген «документтерін оригиналымен» бірге Гүлшат жеңгесінен аттай қалап сұрап алған екен. Көп құжаттың ішінен бізді қызықтырғаны – осы Қазақстан Журналистер одағына мүшелік билеті еді. Онда 1964 жылы Қ.Сыдиықовтың одаққа кіргені, 1993 жылы билетті жаңартып алғаны көрінеді.
Тағы бір ескерер жайт: Қабекеңнің өмір-деректеріне зер салсақ, еңбек жолы көбіне-көп 1950 жылдан басталады. Онда ауданның халық ағарту саласында қызмет еткені айтылады. Әрмен қарай, бірден білім беру белесіндегі ұстаздық өмірі баяндалады. Бірақ, неге екендігі белгісіз, журналистік қыры жайлы әңгіме қозғалмайды.
Егер ол дәуірде Қазақстан Журналистер одағына мүше болу үшін белгілі бір талап болғанын ескерсек, Қабиболла Сыдиықовқа мүшелік билет тек газет-журналдарда жарық көрген зерттеу мақалаларына қарап беріле салмаса керек. Демек, ғалымның өмір-дерегінде біз білмейтін қырлары болуы мүмкін-ау. Тағы да Гүлназ Шамқызының Орталық мемлекеттік архив құжаттары негізінде дайындаған материалына иек артайық:
«-1953 жылдан «Білім қоғамының» құрамында болып, облыстағы тұрғындар арасында дәріс оқыған, 1954 жылы Гурьев облысы Жылой аудандық сауда бөлімінің штаттан тыс инспекторы, 1955 жылы «За отличную учебу» газеті редакциясының тілшісі қызметтерін атқара жүріп, сол жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін сырттай оқып бітіре салысымен-ақ С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі қазақ тілі және әдебиет бөліміне оқуға түседі. 1960 жылы университетті тәмамдап, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында мұғалім болған және доценттің міндетін атқарған (1960-1969), сонымен қатар «Социалистік құрылыс» облыстық газетінің редакциясында мәдениет және тұрмыс бөлімінің штаттан тыс тілшісі (1961), Гурьев облыстық Радиохабарлау жөніндегі комитеттің «Спутник пионера» радиогазетінің редакторы (1962)» - дейді ол.
Көріп отырғанымыздай, Қабиболла Сыдиықов пединститутта сырттай оқып жүріп, басқа да салаларға, соның ішінде баспасөзге де белсене араласқан. Сондағы жинақтаған осындай азды-көпті тәжірибесі үшін Қазақстан Журналистер одағына мүше болуға мүмкіндік алған. Ендеше, жоғарыдағы «За отличную учебу», «Социалистік құрылыс», «Спутник пионера» басылымдарында тілші болғаны секілді Қабекеңнің «Коммунизмге алға», қазіргі «Кең Жылой» газетінде де қалам тербемеуі мүмкін емес. Бұл, әрине, арнайы зерттеуді қажет етеді.
Бұған көзі қарақты, ойлы оқырман қандай пікір қосар екен?
Е.ҚОШАҚАНОВ