Өмірін өнермен өрнектеген өрендер

Өнер – ұлттың ұлы мұрасы, ал сол өнерге алғашқы қадам басқан бүлдіршіндердің әрбір талпынысы – ертеңгі мәдениеттің іргетасы. Қаламыздағы Құлсары Балалар өнер мектебінің «Өрісін кеңге жайған өнерім» атты есеп беру концерті - осының жарқын дәлелі. Жыл бойғы еңбектің, шыдам мен шабыттың, ізденіс пен ынтаның жемісін көрерменге ұсынған кеш нағыз рухани тойға айналды.

Иә, сахнаға шыққан әр бала – тек өнерпаз емес, арманға қанат қаққан кішкентай жүрек, ұлттың болашағына жарық шырақ жаққан үміт. Кеш бойы шырқалған әндер мен төгілген күйлер, мың бұралған билер мен жүрекпен салынған суреттер – барлығы да зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Тұрғызба ауылының «Тұрғызба» мәдениет үйінде өткен тағылымды концерттің шымылдығын Талап Балғынбаев жетекшілік ететін балалар оркестрі Ахмет Жұбановтың «Би» шығармасымен ашты. Екінші кезекте Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жегі» қалың көрерменнің делебесін қоздырып, бойындағы қанын тулатты. Талап Төлепұлы бастаған балалар оркестрі Нұрлан Бекеновтің «Шабысын» да нақышына келтіре орындап, жиылған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Айымнұр Сәндібайқызы тәрбиелеген актерлік шеберлік сыныбының оқушылары Алихан Жұмаберген мен Нұрдәулет Мұрат қалың көрерменді терең ойға батырып, сөз құдіретін түсіндірді. Ерқанат Жұмағалиевтің шәкірті Бақытбек Берікұлы «Молдабайдың әнін» айтып, сахнаның көркін қыздыра түсті. Одан кейін мектебіміздің мұғалімдерінен құрылған халықтық «Көңілашар» фольклорлық ансамблі «Бабалар мекені-Алтай» мен Қазанғаптың «Ақжелең» туындыларын орындап, нағыз шеберліктің нақ үлгісін көрсетті. Ал, Татухан Биғалиева «Под небом Парижа» шығармасын қалың көрерменге ұсынды. Гүлжан Құмарғалиеваның шәкірттерінен құралған «Алаш үні» ансамблінің орындауындағы Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» туындысы да залды бір серпілтіп тастады. Ерекше стильдегі әуенге қосылған қанатты сөздер денемізді тітіркендіріп, патриоттық сезімімізді өршітті десек артық айтқандық болмас. Қазақтың аспаптарын бір арнаға тоғыстырған бұл шығарманы әрбір қазақ тыңдауы керек шығар. Себебі, ондағы рухты, құлақтың құрышын қандырар әдемі әуезді тек сол туындыны тыңдау арқылы ғана сезіне аласың. Кешке арнайы қонақ ретінде келген аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова:

-Бүгінгі есеп беру концерттеріңізбен бәріңізді шын жүректен құттықтаймын. Осыған дейінгі еткен еселі еңбектеріңіздің жемісі деп есептеймін. Өнер адамзаттың жан-дүниесінің айнасы, мәңгілік ізденістің көрінісі. Шынымен де, өнерсіз өмір – бояуы қашқан суреттей, әуені жоқ әндей болар еді. Қазақ халқының даналығында: "Өнерлі өрге жүзер" делінгені де тегін емес. Өнер адамды дамытып, биіктерге жетелейтін күш,-деп құттықтау сөз сөйледі. Әсел Байбақты жетекшілік ететін «Жұлдыз» би тобы «Типтоя» биімен шығып, сахнаның шаңын бір қағып алды. Кішкентай бөбектер болғанымен, өздерінің тәтті қимылымен жанкүйерлерін баурай түсті. Мектеп директоры Гүлбану Тайберенқызы сөз сөйлеп, барша мұғалімдерге, ата-аналарға, арнайы қонақтарға, оқушыларға алғысын жаудырып, бүгінгі концерттің жоғары деңгейде өтуін тілеп, өзінің толқынысын жасырмады. Және ел алдында осыған дейін балалар өнер мектебінің басшысы болған Гүлмаржан Тәуірханқызына ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды. Одан бөлек жылды қорытындылап, өзінің өнерімен, ұстаздық қабілетімен озық шыққан мамандарды марапаттады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров та өзінің сөзінде өнерді ұлықтап, бөлім атынан үздік ұстаздарға Алғыс хат табыстады.

Дәмелі Сарованың шәкірттері Дархан Төленов, Аманжан Қайнарбай, Аянұр Сабыр, Аяжан Елубай халық әні «Нақ-нақты» орындап, қошеметке ие болды. Жас дәстүрлі әншілер Айзере Амангелді, Дәулет Жәнібекұлы, Қайсар Саматұлы, Бекзат Мырзабай, Айбек Боранғалилар өздерінің өнерімен сахнаның көркін кіргізіп, қос ішекті қасиетті домбыра мен күмбірлеген қоңыр дауысымен делебені қоздырып, қазақ деп жүрегімізді тулатты. Нұрболат Нұрмаханов тәрбиелеген эстрадалық вокал бөлімінің оқушылары Жансая Мақсатқызы, Аяна Жұмаберген, Альбина Мырзабайлар Тұрғызбаның көгін әнмен әуелетті. Әйгерім Бекенбаева бастаған қобызшылар ансамблі «Cha Cha Strings» туындысын орындап, қазақтың аспабында шетелдік шығармаларды да ойнауға болатынын тағы бір дәлелдеді. Перизат Жарасқызы дайындаған Інжу Көшербаева, Салтанат Жаңай, Ақжайна Жаңай, Асан Білек, Дильназ Ерболқызы, Кәусар Орынбасарқызы Қуат Әбіловтің «Ұстазым» әнін шырқады. Дәл осы сәтте Балалар өнер мектебінің ардагер ұстаздарына гүл шоғы ұсынылды. Әсем әннің кезіндегі әдемі көрініс жүрегімізді тебірентіп, өзіміздің де алғашқы ұстазымызды еске түсіріп, мектепке деген сағынышты оятқандай болды. Шолпан Бақтыбайқызы тәрбиелеген «Пионисттер» ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлауын» орындап, сахна төрінен орын алды. Ал, кештің сәнін кіргізіп, көп көрерменнің жүзіне күлкі сыйлаған Айымнұр Сәндібайқызының шәкірттері болды. «Алғашқы махаббат» қойылымы мектеп қабырғасындағы балауса кезден ыстық естеліктер ұсынып, әзіл араласқан көрініс қойды. Ішінде алаңсыз шақтағы ойын баласының өз ұстазына деген ғашықтығы суреттелген қойылымның соңында аншлаг болған зал түгелдей дерлік қол соғып, авациямен шығарып салды. Одан бөлек көрерменге берері мол бұл әдемі концертте күмбірлеген күй, әуелеген әдемі ән, ойымызды сан саққа жүгірткен театрландырылған қойылым, түрлі аспаптарда ойналған тамаша туындылар, мың бұралған бишілердің биі де болды. Кештің әдемі нүктесін барша қатысушылар Өнер мектебі туралы әнімен аяқтады. Келген көрерменнің де қарасы қалың болды. Олар да бұл кештен тамаша әсер алып, өмірмен ұштасқан өнердің ұшқынын бойларына сіңіріп қайтты. Бұл кеш тек бір жылдық есеп беру концерті ғана емес, ол – өнердің мәңгілік рухы мен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды. Сахна төріндегі әрбір талпыныс, әрбір нота, әрбір қимыл – болашақ мәдениетіміздің іргетасын қалап, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейте түсетін маңызды қадам. Жүректен шыққан әуендер мен жан тебіренткен қойылымдар әр көрерменнің есінде ұзақ сақталып, өнерге деген құштарлығын одан әрі арттыра түскені сөзсіз.

Бұл концерт – кішкентай өнерпаздардың үлкен армандарына жетелейтін, болашаққа бағытталған жарқын жолының бастауы еді. Олардың әрқайсысы – ертеңгі қазақ өнерінің жарық жұлдызы, ұлттық мұрамызды жалғастырушы ұрпақ.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT