Күні кеше «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан «Qazaqstan дауысы» мегажобасын бүкіл қазақстандықтар тамашалады. Танымал өнер жұлдыздары тәлімгер болып, таланттардың талабын ұштайтын ауқымды жобаға біздің жерлесіміз Азамат Төрехан қатысқан болатын. Ол өнерімен әділқазылардың жүрегін жаулап қана қоймай, бүкіл елдің жоғары бағасын алған еді. Тіпті байқаудың алғашқы «Көрмей тыңдау» кезеңінде-ақ Азаматтың ерекше дауысына тәнті болып, өзіне қалдыруға таласқан эстрада жұлдыздарының әрекетіне де куә болдық. Сахна үшін жаратылғандай сырт келбеті келісті, әдемі тембрі бар жерлесімізге Маржан Арапбаева жетекшілік етті. Сөйтіп мегажобаның бірнеше кезеңін еңсеріп, супер-финалист атанды. Аталмыш жетістік аудан тарихында алғаш рет орын алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан мыңдаған бақ сынаушылардың арасынан суырылып, үздік екіліктің қатарына енген әнші Азамат Төрехан біздің редакцияға да сұхбат берді.
-Азамат, алдымен, жеңісіңізбен құттықтаймыз! Өзіңіз кішкентай күніңізден бастап өнер көрсеткен ауданның сахнасы, қатысқан талай байқауларыңыз осы үлкен жеңіске жетуіңе септігін тигізді ғой. Өнер деген ауыр жүкті арқалап жүріп жеке өміріңізді де қалыптастырып жатыр екенсіз.
-Рахмет, сіздерге. Иә, кішкентай күнімнен бастап осы Жылыойдың сахнасында жүрдім. Сол жерде өстім, қанаттандым. Арман қуып Алматыға барып, білім алдым. Қазіргі таңда әншілікпен қатар, блогерлікпен айналысатынымды көбі біледі. Сіздер мені әнші деп танысаңыздар, ел бойынша аудиториям блогер деп те біледі. Өнер саласында бірге өскен Айнұр Тасымова деген Жылыойымның аруымен шаңырақ көтеріп, ұлымыз өмірге келді. Ер жігіттің бір мақсаты – артына ұрпақ қалдыру болса, сол мақсатымызға жетіп келе жатырмыз.
-Бәрекелді! Енді бүкіл ел болып тамашалаған «Qazaqstan дауысы» мегажобасы туралы әңгімелесек. Жалпы бұл жобаға қалай келдіңіз?
-Алғаш бұл жобаның бастау алғанын көріп, онлайн кастингке өтініш бердім. Ол жерде өзім туралы мәліметтер мен бейнетаспаларымды жібердім. Кейін уақыт өте келе мен өтініш бергенімді де ұмытып кеткен болатынмын. Бір күні маған онлайн кастингке өткендігім туралы хабарлама келді. Одан кейін шілде айында өтетін офлайн, яғни, аяқтай барып өтетін кастингке шақырту алдым. Ол кастингте 8 жыл бойы алған білім, жинаған тәжірибенің бәрін ортаға салып, ән де айтып бердім, би де биледім. Тамыз айының басында күтпеген жерден эфирге өткендігім туралы жауап келді. Астана қаласына шақырту алып, сол жаққа бет бұрдық. Мен жобаға осылай келдім.
-Жобаға өткендігіңізді білгенде қандай сезімде болдыңыз?
-Ерекше сезім болды, қатты қуандым. Осындай Азамат бар екенін барша Қазақстанға көрсеткім келді. Және сол мақсатым орындалды.
-Байқау барысында қандай қызықтар болды?
-Көптеген қызықты оқиғаларды бастан өткердік. Бірақ, маған осы «Qazaqstan дауысы» жобасының ұжымымен жұмыс жасау, тәлімгерлермен жақынырақ танысып, олардың кеңестерін есту көбірек пайда берді. Жер-жерден жиналған 124 қатысушымен етене араласып, бәріміз дос болып кеттік.
-Өнер, байқау, бәсеке болғасын қиыншылықтар да болады ғой.
-Бірден айта кетейін, ән таңдау, би қою жағынан аса қиыншылық бола қойған жоқ. Себебі, қасымызда Қазақстанға белгілі әншілер бізге тәлімгер болды. Оның үстіне өзіміздің де осы салада білім алғандығымыз көп көмегін тигізді. Бізге сәл қиындық тудырған мәселе: график жағы болды. Түсірілім алаңы болғандықтан, біздер көп уақытымызды сонда өткіздік. Түсірілім ала таңнан қара кешке дейін жалғаса беретін болды. Сол кездерде физикалық тұрғыдан шаршау көп болды. Жеке өзіме қиын болғаны сол күндердегі ұйқының жетіспеушілігі еді (күліп).
-Осындай жетістікке жетуіңе кім немесе не себепкер болды?
-Ең көп септігін тигізген – ол Жылыой халқы. Бұған дейін айтып жүргенімдей, барша жерлестеріме үлкен алғыс айтамын. Себебі, әр кезең сайын тұрақты түрде, кемінде дауыс беру жағынан 45%-дық көрсеткіш жинадым. Оның барлығы маған дауыс берген тыңдармандарымның арқасы. Тәлімгерім Маржан Арапбаева да көп қолдау көрсетті. Әнді таңдауда, орындауда ақыл-кеңестерін аямады. Және осыған дейін дайындаған ұстаздарымның арқасы. Ұстаздарым мектеп кезімнен бастап, колледж қабырғасында да әншілік негізді мықты қылып орнатты. Бұл орайда алғыс білдіргім келетін адамдарым өте көп.
-Жобаға кімдер қолдау білдірді?
-Ақиқатын айтқанда, қаржылай тұрғыда ешкім қолдау көрсетпеді. Әкімшіліктен де, жеке кәсіпкерлерден де қаржылай қолдау болмады. Басқа өңір қатысушыларын сол жердің азаматтары мен әкімдік тарапынан қолдап жатқанда, ойға батып кеткенім бар. Болашақта Жылыойдың атын шығарар өнерпаздар республикалық, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, бағын сынап жатқанда көптеген ірі мекемелерден немесе әкімшіліктен қолдау болса екен деген өтінішім бар. Бірақ, Жылыой ауданының халқына қатты ризамын. Әлеуметтік желіде болсын, дауыс беру барысында болсын өте көп қолдау көрсетті. Мен оны сезіне алдым. Және тағы да алғыс айтамын.
-Сізді Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қаражанов қабылдапты...
-Иә, жоба аяқталғаннан кейін, туған жеріме табан тіредім. Менің туған күніме тұспа-тұс келіп, 9 қаңтар күні Жұмабек мырза өзіне шақырды. Менде толқыныс болды. Әкім жеке қабылдап, жоба қалай болғанын сұрады. Және туған күніммен құттықтап, өзінің мені бақылап жүргендігін айтты. Жылыой ауданында осындай талантты жастар шыққанына қуанышты екенін жеткізді. Әкім мырза алғысхат пен бағалы сыйлық табыс етті. Алдағы уақытта осы өнер жолында тоқтап қалмай, туған жерге келіп, қызмет қылуға шақырды.
-Алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай? Жалпы жоба кезінде сіздің орындауыңызда көптеген хит әндерді естідік. Енді сіздің жеке хитыңызды қашан естиміз?
-Бұйыртса, бұл жобамен тоқтап қалмай, әлі талай жұмыстар жасау керек. Жоба бізге шоу-бизнестің есігін ашып берді. Ендігі кезекте көптеген әндер, альбомдар жазып, әлемдік деңгейде Қазақстанның атын қорғайтындай мықты әнші болғым келеді. Менің жеке хит әнім де дайындалу үстінде. Алдағы уақыттарда әнді де, клипті де көретін боласыздар. Және Жылыой халқына үлкен алғысым ретінде наурыз айында жеке концертімді беру жоспарда бар. Бізді өсіретін де, өшіретін де халық. Сондықтан, сіздердің қолдауларыңыз барда біз әрқашан ән көгінде самғап жүре бермекпіз.
-Әңгімеңізге рахмет. Биік шыңдарды бағындыра беріңіз.
Сұхбаттасқан Ерназ Алтайұлы