Мейірім төкші жүрекке

ДӘЛ ОСЫНДАЙ АТПЕН АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕШ БОЛЫП ӨТТІ. ЕРЕКШЕЛІГІ, МҰНДА ТЕК МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ҒАНА ӨНЕР КӨРСЕТТІ. ЖАНДЫ ДАУЫСТА ӘН ШЫРҚАП, ПОЭЗИЯ ОҚЫП, БИ БИЛЕГЕН ӨНЕРПАЗДАРҒА ТАҢДАНБАУ МҮМКІН ЕМЕС. ЖҮРЕКТЕРГЕ, РАСЫНДА, МЕЙІРІМ ТӨККЕН ӘСЕРЛІ КОНЦЕРТ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ЕДІ.

Биыл сондай-ақ облыстық «Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» құрылғанына да 30 жыл толып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмауы үшін қызмет жасап жатқан бірлестіктің әр ауданда өз филиалдары бар. Әсіресе, Жылыой аудандық «Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» алдыңғы қатардан көрініп жүргенін жақсы білеміз. Қай спорттық дода, қандай өнер байқауы, конкурс болмасын, әйтеуір қанжығаларын майламай қайтпайды. Бүгінгі ерекше кеш те соның дәлелі.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Халел Жамаловқа берілді:
-Тағдырдың қатал сынына ұшырап, өмірдің қиындығын арқалап келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету - біздің ең бірінші міндетіміз. Ерекше жандарды қолдау мақсатында елімізде көптеген оң мүмкіндіктер қарастырылған. Осы тұста біздің ауданынымызда да қамкөңіл жандардың мүддесін қорғап, олардың күнделікті қоғам өмірінен шектеліп қалмауы үшін атқарылған игі істер баршылық. Қазіргі таңда, ауданда 2270-тен астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олар денсаулық жағдайына байланысты әр топқа бөлінген. Демек, осыншама адам бізден жан-жақты қолдау күтеді деген сөз. Тиісінше, біз де олардың ұсыныстарына ден қойып, шамамыз келгенше мұқтаждығын түгендеп беруге баса назар аударып жүрміз. Қазірдің өзінде жанарларыңыздағы ерекше қуанышты байқап отырмын. Тәнге түскен ауыр жараға мойынсұнбай, жандарыңыз жадырап жүре беріңіздер,-деп қоғамдық бірлестіктің жұмысына сәттілік тіледі.

mejirim-tokshi-3
Бұдан соң «Жылыойға сәлем» әнімен концерт те басталды. Әнді қоғамдық бірлестіктің мүшесі, бірнеше өнер байқауларында бақ сынап жүрген әнші Мансұр Ысқақов орындады. Ал облыстық, республикалық дойбы жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүрген Күнзира Сүндетбаева сондай-ақ поэзия оқудың шебері екен. Ол «Ақ тілек» атты өлеңді нақышына келтіре оқығанда, көпшілік көзіне жас алды. Жеңіл атлетиканың жүлдегері Күміс Молдабекова шырқаған «Мен сені сүйем, өмір», қоғамдық жұмыстарға үнемі белсене араласатын Айдана Әлиева орындаған «Тәуелсіз елдің тарландары», дойбыдан спорт шеберлігіне кандидат Айнагүл Жекеева айтқан «Сүйіктіме» әндері көрермендердің көңілін толқытты. Поэзия мен монолог оқып, кештің көркін аша түскен тоғызқұмалақ жарыстарының жүлдегері Саламат Темірбеков, жасөспірімдер арасында өткен үстел теннисінен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Ақмөлдір Тілеуқұлова, мәнерлеп оқу шебері Алмаш Төреғалиқызы көпшілікті тәнті етті. Ата-анаға арналған «Қос бәйтерегім» әнін дуэтте Базарбай Қоразов пен Жайнаргүл Баймешова әсерлі етіп жеткізді.

mejirim-tokshi-2

Ал мүгедектер қоғамына жаңадан қосылған талантты бала Данил Нұрберген сахнаға заманауи бимен шыққанда залда отырғандардың көңілі бір серпіліп қалды. Гитарамен жанды дауыста «Ұнатамын мен сені» әнін шырқаған Еркін Сүйешовке жиналғандар нағыз талант иесі екенін айтып, таңдай қақты. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, Ермұхан Елеусінов атты күйші жігіт Құрманғазының «Адай» күйін төгілтіп, көрермендердің делебесін қоздырды. Концерттік бағдарлама талантты қыз Рысгүл Орысбаеваның төгілткен әнімен қорытындыланды.
Кеш соңында «Атырау мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» төрайымы Мадина Кенжеғалиқызы сөз сөйлеп, бүгінгі кештен алған әсерімен бөлісті. Ол Жылыой аудандық қоғамдық бірлестікке үлкен алғысын білдіріп, бірлестік төрағасы Аманкелді Мыңжасаровқа алғысхат пен сыйлықты ұсынды.
Аудандық мәслихаттың депутаты Ерқұл Дәулетбаев аудандық «Нұр Отан» партиясы мен халық қалаулылары атынан Қайрат Еңсеповті ұлығылады. Үнемі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, қай-қай жерде де мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі үшін мінберге шығып, сөз сөйлеп, көптеген әлеуметтік істердің басы-қасында жүретін Қайрат Байжанұлы мұндай марапатқа лайық-ақ. Қайырымдылық кешіне атсалысқан барлық қатысушылар алғысхатпен марапатталды.

Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT