Мақат ауданында батыс аймақтық ақындар айтысы өтті

Мақат ауданының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған дүбірлі доданың бас жүлдесін атыраулық Серікбол Панабердиев жеңіп алды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
“Мұнайлы елім - киелі жерім” деп аталған айтыс ерекше форматта өтті. Додаға БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау қаласы мен аудандарынан 12 ақын қатысты. Оларды жеребе арқылы көрерменнің өзі жұптады. Айтысты ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров тізгіндеді. Ал қазылар алқасына танымал ақын Саадат Нұрманов төрағалық етті.

Жыр додасы аудан әкімі Азамат Мәмбетовтың құттықтау сөзімен басталды.

-Ауданымыздың мерейтойы осындай дүбірлі жыр додасымен басталып жатыр. Айтыс — ұлттық өнердің асыл қазығы болса, ақын — халықтың жыршысы. Қанға сіңген ұлы өнер тартысты болсын. Сөз маржанын терген ақындарға сәттілік тілеймін, - деді Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетов.

Жүлделі бірінші орын Нұрбек Сарбасов (Мақат ауданы) пен Айнабек Бисенғалиевқа (БҚО) бұйырды. Ал Әнуарбек Садықов (Мақат ауданы) екінші орынға қол жеткізсе, үшінші орынды Жәнібек Садыров (Индер ауданы) пен Ерасыл Мухитов (Махамбет ауданы) қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен қатысушылар ақшалай жүлдемен марапатталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT