Маңғыстаулық композитор, ақын Ерекен ҚОРАБАЕВ: «Жаңа әнім Жылойға деген ыстық ықыластан туды»

Бұған дейін туған жеріміз киелі Кең Жылой туралы ән жазған композиторлар, жырына қосқан ақындар аз болмаған. Сонау көне заманнан келе жатқан «Жылой» әні, берідегі өзіміздің жергілікті ақындар мен композиторлар шығарған туындылар сахнада айтылып келеді. Міне, енді жылойлық өнерсүйер қауымнан тағы да сүйінші сұрағалы отырмыз.

Маңғыстаулық ақын әрі композитор Ерекен Қорабаев жақында тағы да туған жеріміз туралы жаңа әнді дүниеге әкеліпті. Әннің мәтіні мен нотасын тұңғыш рет «Кең Жылой» газеті аудан тұрғындарына таныстырғалы отыр. Біздің тілшіміз қойы қоралас, ауылы аралас көрші облыста тұратын Ерекен ағамызбен телефон арқылы хабарласып, әңгімелескен еді.
Өнер - ұлт болмысының айнасы десек, музыка - халықтың асқақ рухының тілі. Ол ғасырлар бойы үздіксіз жетіліп, даму үстінде болатын жанды құбылыс, тірі организм. Қазақтың ұлттық музыка әлемінде табиғи талантын біліммен ұштастырып, қазақ музыкасына өзіндік бір үн қосып, жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізіп жүрген өнер саңлақтары аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі, республикаға танымал өнер иесінің жаңа туындысы туралы сыр шертпекпіз.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерекен Қорабаев шығармашылықпен көптен айналысып келеді. Ол 1956 жылы Маңғыстау облысының Ащымұрын ауылында дүниеге келген. Кейін Шайыр ауылында тұрған. Еңбек жолын «Қазтелерадио» мекемесінде бастап, кейіннен облыстық телеарнада қызмет еткен. Бір қызығы, оның негізгі мамандығы байланысшы екен. Қазақ бойына бір емес, бірнеше өнер тоғысқан адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп мақтайды. Ерекен ағамыз дәл сондай жан. Ол лирик әрі эпик ақын. Бұдан соң екінің бірінің қолынан келе бермейтін қабілет иесі-композитор. Оған қоса балалар әдебиетін дамытуға атсалысып жүргені тағы бар. Сондай-ақ, сатира жанрына айтарлықтай үлес қосып жүрген қаламгер. «Қара күшік», «Есі бар тентек», «Маңғыстау әзілдері» деген үш томдық кітабы жарық көрген.
Журналистикада үздіксіз еңбек етіп, кейін 40 жасынан бастап шығармашылыққа бет бұрған екен. Алдымен бекзат өнер- композиторлыққа қалай келгені туралы сұрадық.
-Біріншіден, бұл Алланың маған берген таланты деп білемін. Екіншіден әрине, ниет және музыкаға деген құштарлығым. Бала кезден өнерге жақын болдым. Мектепте оқып жүрген кезімде шағын ұлт-аспаптар оркестріне де қатыстым. Балалық дәуренімнің көп бөлігі шындығында, ауылдағы мәдениет үйінде өтті десем де болады. Сонымен қатар, мектептегі ұстаздарымның да өнерге келуіме тигізген үлесі зор. Кейбір мектептерде музыка сабағында тек әнұранды үйретіп қана қояды ғой, ал біздің талантты ұстазымыз Серік Қарашев бізге нотаны үйретті. Балаларды музыка өнеріне баулыды. 4-сынып оқитын мен нотаның сырын түсініп, тіпті кітапшадан оқи алатын деңгейге жеттім. Талант деген кейбір адамға туа сала берілсе, кейбіріне жүре-бара келеді. Мен өзімді туа сала ақын иә сазгер боп кеттім деп айта алмаймын. Барлығы үздіксіз еңбектің арқасы ғой.
Талантты ақынның әр жырынан ақ бор таулары асқақтаған туған жерге деген махаббат лебі еседі. Өлең шумақтарының көбісі Маңғыстаудағы аты аңызға айналған киелі жерлерге арналған. Біз әңгіме тақырыбын жаңадан дүниеге келген жаңа әнге қарай бұрдық. Бұл әннің сөздеріне мән берсеңіз, құдды бір ақын әрі сазгер ағамыз Жылыойда дүние есігін ашқан ба деп ойлап қаласыз. Жылыойдағы барлық жер аттарын егжей-тегжейлі білетініне таңғалдық. Осыны білмек боп, сұрақ та қойдық.
- Жылыой деген - өзіміздің Жылыой ғой. Жат жер емес. Өзімнің нағашыларым, әпкелерім осында тұратындықтан, маған жер атаулары да еш таңсық емес. Балалық шағымның кейбір сәттері осында өтті. Сондықтан өз туған жерімнен кем емес деп айта аламын. Бүгінде Жылыойға арнаған бұл туындым Маңғыстау облысы, Талшық ауылындағы жезтаңдай әншіміз Сымбат Хасанованың орындауымен дүниеге келді. Аранжировкасы жасалды.Бұл әнім тарих қойнауындағы киелі Жылойға деген ыстық ықыласымнан, мөлдір махаббатымнан туындаған,- деді өз сөзінде Ерекен Қорабаев.
Жүректен ғана шыққан шығарманың жүректерге жететіні ақиқат. Сондай-ақ, кесек туынды әлбетте шынайы шабыттан туындайды. «Шабытты қайдан аласыз?»,- деген сауалымызға Ерекен аға: «егер оны айтсам, сіздер де ақын-сазгер боп кетесіз дер ғой»,- деп, әзілге толы сөздерімен қысқа ғана жауап қайырды.
-Әрине, отыра салып осы тақырыпқа өлең не саз арнай салайыншы демейсің ғой, шабыт деген сол жерге не бір адамға деген махаббатан, сүйіспеншіліктен туындайтын нәрсе. Сондықтан да жазылған әндерімнің барлығы аса зор ынтызарлықпен жазылған десем қателеспеймін,-деді содан соң сәл ойланып.
Қазіргі таңда барлығымыз білетіндей, музыкаға деген талғам төмендеп кетті. Сөздері анайы да ерсі әндер кит етсе «хит» болып, әр елдің музыка қорынан ұрланған «ұрлық әндер» көбейді. Ойсыз мәтін, тек тойда ғана алқын-жұлқын билеуге арналған ойсыз музыка көбейді. Талғам төмендеген жерде ұлттық музыка да дамымайды, керісінше тоқырайды. Осы орайда Ерекен ағадан қазіргі композиторсымақтар туралы ойын да саралап көрдік.
- Расында да, әннің де естісі бар, есері бар демекші, есті әндердің қарасы азайған. Ғаламторды ашып қалсаң, арзанқол әндер толып жүр. Жуырда шыққан «Ұйқым келмейді» деген әнді барлығыңыз естіген боларсыздар, содан-ақ, мағынасыз өлеңдердің көбейіп бара жатқанын байқауға болады. Мұның барлығы Европаға жөнсіз еліктеушіліктен туындаған. Әрине, мен ешкімді кінәлай алмаймын. Себебі, ол жандардың да өз тыңдармандары бар шығар, дегенмен ұлттық идеологияны ұмытпауымыз қажет,-деді сазгер.
«Бүгінде өзіндік дара үні бар, кәсіби композитор деп кімдерді айта аласыз?»-деген сауалымызға да сазгер кідірместен жауап берді:
-Илья Жақанов, Қалдыбек Құрманалиев, Шымберген Сүлейменов, Ержан Серікбаев, сынды композиторларымыздың өнерлерін жақсы көремін. Басқалардан ерекшеленіп, өзіндік бір үнге ие боп тұрады,-деді.
Сазгер қазіргі қазақ музыкасын дамыту жөнінде өз толғанысын айтты.
- Жоғарыда айтып өткенімдей, ең бірінші ұлттық идеологияға аса зор мән беруміз керек. Музыка – ұлттың асқақ рухының тілі екенін бәріміз білуге тиістіміз. Көптеген халықтардың музыкасын тыңдап отырып, қай ұлтқа тиесілі екенін бірден білесің. Демек, олар ұлт ретінде сақталып отыр деген сөз. Сол сияқты қазақ музыкасы да әлі өзінің түп негізін жоғалтқан жоқ. Бірақ ұлттық музыкамызға төніп тұрған қауіп жоқ деп айта алмаймын. Жастардың шетелдік музыканы тыңдауға бейім тұратыны-ойландырмай қоймайды. Бойына өз ұлтының музыкалық нәрін, байлығын сіңірмеген жас ұрпақтың өзгенің жетегінде кетіп бара жатқаны өтірік емес. Демек, біз өнер тазалығын, қазақтың ұлттық музыкасын сақтауға күш салмасақ болмайды. Әйтпесе, ұлттық өнер өркендемейді,-деп сабақтады өз сөзін Ерекен Қорабаев.
Композитор, ақынмен аз-кем сұхбаттаса отырып, Кең Жылой туралы ән жазған маңғыстаулық ағамызға алғысымызды да айттық. «Шабытыңыз шарықтай берсін! Жаңа әндеріңіз көбейе берсін!»,-деп қоштастық.


Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 2-курс студенті

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521