Өмір деген - жарқ еткен бір найзағай...

Қаржау Оразбаев

Карантиннің қатаң талабы қол-аяқты тұсап, қозғалтпай қойды ғой.

  Соңғы бірер айдың аясында ғана Атырауда талай қаламгер жарық дүниемен қош айтысып, мәңгілік мекеніне сапар шекті. Мына ініне кіргір індеттің кесірі ме, әлде тіршілік тінінің үзілер тұсы осы болды ма - әйтеуір аз ғана уақыта орта ойсырап қалды. Солардың енді жоғына сенер-сенбесімізді білмей жүргенде Жылыой жақтан қаралы хабар жылатып жетті. Қайран Қаржау өмірден өтіпті.

Қу тірлік-ай, көптен көріспеген екенбіз. Қоңыраулатпағалы да біраз уақыт болыпты.Туған жердің топырағына табанымыз тимегелі де бірнеше айға айналыпты. Карантиннің қатаң талабы қол-аяқты тұсап, қозғалтпай қойды ғой. Сәтін салса, түбі Құлсарының қақпасынан кірерміз-ау. Сонда «ау, кім бар?» деп жан-жағымызды шолғанда, Қаржау көзге түспейді енді. Көзілдіріктің ар жағындағы шаралы жанарынан жылылық шашпайды. Өзіне ғана тән керемет күлкісімен кезекті қалжыңын айтпайды. Әзілдесіп отырып бір шумақ өлеңнің бірер жолын да табанда шығара салушы еді-ау.

Екеуіміз қашан таныстық осы? Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы-сексенінші жылдарының басы болса керек. Менің өндірісте жүрген кезім. Аптасына үш рет шығатын аудандық «Ембі» (қазіргі «Кең Жылой») газетінде бұрғышылар өмірінен жазылған мақалаларым жарияланып тұрады. Содан бір күні Тортай алаңына Қаржау келді. Біраз әңгімелестік. Қоштасарда «Енді мен мұнда келмей-ақ қойсам да болады ғой, өзің жазып тұрарсың» деген. Әзілдеп айтса да, шындығы сол – содан соң бұл тақырып менікі атанды.

Жасымыз қатар дегенмен, мен оны ұстаз тұттым. Кейін соны өзіне айтқанымда риясыз разы болған-ды. Аудандық газет редакциясына келгенде материалдарымды соның қолына тапсыратынмын. Соңынан Атырауға аттанғанымда шығарып салушылардың қатарынан табылған.

«Жалғыздық бір Аллаға ғана жарасқан» деп жатамыз. Бұл - әсіресе, шығармашылық адамдарына ауыр соққы. Қаржау алпыстан асқанымен, жетпістің жалына жармаса алмады. Бірақ, естиміз, соңғы уақытта саяқ жүріпті. Зейнетке шыққан жан – кемтар кісі емес. Оның үстіне, орта көрген зиялы қауым өкіліне өзін қажетсіз сезіну қандай қиын?! Кеудеден итермей, құшаққа алу керек еді. Егер аудан басшылығы қоғамдық ұйымдардың біріне тартса, көпшілікке үйренген көңіл алданбас па? Ауданда Қазақстан Жазушылар одағының қанша мүшесі бар? Бір қолдың саусағымен-ақ санап беруге болатын шығар. Солар лайықты еленіп жатыр ма? Біздің бозбала кезімізде қолына қалам ұстағандар бас қосып, балғын шығармаларын көпшілік талқысына салатын. Үлкендер басшы болып, жастар қосшылыққа жарайтын. Бүгінде солай жиналатын жан да қалмапты. Жалпы, әкімі ақынын іздеген ел азбайды. Атқа мінгендер соны ұқса екен.

Мұқағали Мақатаев

Пай, пай, өмір өтесің-ау бір күні,

Тиясың-ау қуанышты, күлкіні.

Өмір деген – жарқ еткен бір найзағай,

Өмір деген – көк аспанның күркірі, - деп жырлаған екен. Сол күркіреген дүниеден найзағайдай жарқ етіп тағы бір тарлан өтті. Соңында жалын жырлары қалды. Тұстастары көңіл төріндегі келбетін де ұмытпас. Өлеңдері оқылар. Ақын өмірі сонымен жалғасады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Қазақ Журналистикасының қайраткері. Атырау қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521