Мәдениет үйі көрермендерімен қайта қауышты

Мәдениет үйі  көрермендерімен қайта қауышты

Шымылдық Түркештің «Көңілашар» атты күйімен ашылды.

Жылыой аудандық мәдениет үйі шектеулі орын санымен көрермендерімен қайта қауышты. Әлемді дүрліктірген пандемия кезіндегі өнер ошағының қызметі уақытша шектеліп, мәдениет қызметкерлері қашықтан жұмыс жасауға көшірілген болатын.

Карантин кезінде күрделі жағдайға қарамастан қызметкерлер онлай түрінде әлеуметтік желі арқылы алуан түрлі шаралар өткізді. 400 орындық көрермендер залы уақытша бос тұрды.

Енді, міне, бірнеше айлардан бері бос тұрған залға көрермендері қайта оралып, мәдени-рухани бағдарламалар шеңберіндегі концерттер мен сахналық қойылымдарды тамашалай бастады. Дегенмен, індет біржола жойылмай, соңғы кездері қайта өрши бастағандықтан залдағылар саны 30 адамнан аспауы тиіс.

Өңірдегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес көрермендер санын 30 адамнан асырмай, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра, мәдени шаралар ұйымдастыруға рұқсат етілген. Есігін қайта ашқан мәдениет үйінде Жылыой аудандық Халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің «Ғасырлар сазы» атты есеп беру концерті болды.

Шымылдық Түркештің «Көңілашар» атты күйімен ашылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижері Балғынбаев Талап бастаған ұжым "Аңсау", "Әсем қоңыр", "Ұран күй", "Сарыарқа" сынды онға жуық классикалық шығармаларды орындады. Көреремендер де аудан өнерпаздарының ән-күйіне сусап қалған екен. Олар оркестр орындаған әр шығармаға ду қол шапалақтап, жоғары баға берді.

Халықтық ұлт-аспаптар оркестрі ауданымызда 2001 жылы құрылған еді. Содан бері халыққа өнерімен дүйім елге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT