«Ұлы дала жауһарлары»

Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі 8 қазан-23 қараша аралығында аудан тұрғындарына археологиялық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлы дала жауһарлары» тақырыбындағы көшпелі көрмесін бастаған-ды. Қызылқоға ауданынан басталған көрме Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы, Мақатта жалғасын тауып, Жылыой өңірінде сапарын аяқтады.

Аудандық музейде өткен іс-шара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Нұрмұханованың алғы сөзімен ашылды. Көрмеге қатысуға келген аудан ардагерлері, тарихшы-өлкетанушылар, мекеме басшылары, мектеп оқушылары мен аудан тұрғындары құнды жәдігерлермен танысып, әр бұрышы тарихқа тұнған жәдігерлерді қызығушылықпен тамашалады. Шарада аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғ.Жұмақшамов көрме ұйымдастырушыларына ардагерлер атынан алғысын білдіріп, ақын, өлкетанушы Ұ.Сисекенов өлкедегі тарихи орындар туралы баяндап берді.

Көрме барысында 2017 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандар тобынан табылып, қалпына келтірілген алтын киімді сармат әйелі, 2020 жылы Миялы қорғанынан анықталған X-XI ғасырға тиесілі күміс әшекейлі әйел адам және оның жанынан табылған ат әбзелдерінің реконструкциясы, сондай-ақ басқа да археологиялық құндылықтар аудан тұрғындарының назарына ұсынылып, көптің көңілінен шықты.

Жиын соңында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Е.Тілекқабылов көшпелі көрменің археологиялық құндылықтарын баяндап, музей басшысы М.Кипиевтің атынан аудандық музей ұжымына Алғыс хат табыстады. Жиналғандар бір демде өте шыққан көрменің ауданымызға ат басын жиі бұрып тұруын сұрап, арнайы келген облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT