Ұлттық рухтың айнасы

Тоғызқұмалақ - тамыры тереңге кеткен, халқымыздың зияткерлік қабілетін танытатын ұлттық ойын. Бұл тек сан мен сандық есептің ойыны емес, бұл төзімділік пен тапқырлықты талап ететін рухани сайыс. Тақта үстінде тартысқа түскен әр тас – мың ойдың, бір шешімнің көрінісі. Сол ойлы додада биік белесті бағындырған жерлесіміз Фаризат Еңсегенова аудан намысын асқақтатып, атымызды әйгіледі.

Маңғаз Маңғыстау өлкесінде өткен тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы тоғызқұмалақтан өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында Фаризат та өз бағын сынап көрді. Алғашқы кездесулерден-ақ өз қарсыласынан басым түсіп, алғырлығымен көрерменнің көзіне түскен жерлесіміз қағаз жүзінде фавориттер қатарында болған-ды. Ақтық айқас жолдамасы үшін болған текетіресте өзге спортшыға жол бергенімен, үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдені қанағат тұтты. Еселі еңбек пен ерік-жігердің арқасында келген бұл жеңісінен кейін Фаризат:

- Ұлттық ойын ұлттық кодымыз іспетті. Тоғызқұмалақ та сол болмысымыздың бір бөлшегі. Мұнда құр есеп қана емес, тұнған стратегия жатыр. Оны ұғынған адамның өмірде де есебі түгел болады деп ойлаймын. Ал, турнир тамаша ұйымдастырылған. Алдағы уақытта ұлттық спортымыз халықаралық аренада да бой көрсетіп, әлемдік чемпионаттар өтеді деген сенім мол. Сол жолда біз де өз қолымыздан келгенді аянып қалмаймыз,-деді өз сөзінде.

Еліміздің әр түкпірінен жиналған тәжірибелі спортшылармен сайысқа түскен Фаризат әр партияда салқынқандылық пен стратегиялық ойлаудың үздік үлгісін көрсетті. Фаризат мүмкіндігі шектеулі жан болса да, ол үшін бұл кедергі емес, керісінше, жеңіске бастар жігердің көзі екенін тағы бір дәлелдеп өтті.

Ерекше жаратылыс - ерекше рухтың белгісі іспеттес. Ол физикалық түрде мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қоғамда мешеу болған психологиялық мүгедектерден әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеп, ұлттық спортымызды ұлығылап жүр.

Фаризат Еңсегенованың келешектегі сайыстарына да сәттілік айтып, жылыойлықтарға тек жеңіс пен жігер сыйлауына тілектеспіз.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT