Әлемді көкірегімен көретін жандар

Көз жанарынан айрылған жандар әсем әуенді ішкі жан-дүниесімен терең сезінетінін ауданда өткен «Зағип жанның жаны жомарт» атты концерттен байқадық. Әлемді алақанымен көріп, саусағымен танитын зағиптардың керемет өнеріне тәнті болған көрермендер ерекше толқып, көздеріне жас алды.

Сол күні аудандық мәдениет үйіне жиналған көрермендердің қатары көп болды. Олар әлемді көкірегімен көретін осынау дарынды өнерпаздарға қолдау көрсетуге келді. Қоғамдағы осындай ерекше жандардың талантын тасада қалдырмау, өмірге деген құлшынысын арттыру мақсатында өткен кешті аудандық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы ұйымдастырды.

Жалпы осы бірлестікке өңірден 92 зағип жан мүше болып тіркелген. Оладың көпшілігі І және ІІ топтағы мүгедектер екен.

Көп ұзамай сахна шымылдығы ашылып, тұла-бойы талантқа тұнған жандар бірінен соң бірі өнерлерін паш ете бастады. Көз қарашығы қараңғы болса да, көкірегі жарық дүниеге ұмтылған Базарбай Қоразов «Қаракөзім» әнін орындаса, көпшілікке өнерін әлдеқашан мойындатып үлгерген Айнагүл Жекеева «Әкені аңсау» әнін тамылжыта шырқап, жүректі толқытты. Далада дара дархан дауысты Мансұр Ысқақов пен Жайнаргүл Дайнешовалар «Қайдасың» әнін дуэтпен төгілтіп, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Асылдың сынығындай сырлы үнімен сахнаға шыққан Қамқа Құлтумиева өзінің әкесі, белгілі сазгер, дүлдүл домбырашы Тоқсанбай Құлтумиевтің «Өзіңсің ғой өмірімнің бұлбұлы» әсем әнін әдемі шырқаса, Маржан Бекболатова «Домбыра туралы баллада» әнін асқақтатты.

Концертте өнер көрсеткен зағип жандар ән орындаудан ғана емес, монолог оқудан да шеберліктерін көрсетті. Әсіресе, Саламат Темірбековтың орындаған «Тәубеңе кел» атты монологы жиналған жұртшылықтың жанарына еріксіз жас алғызды. Ал «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының өкілі Алмаш Мұсқалиева өзі шығарған «Зағиптарды құрметтеу» атты өлеңін мәнерлеп оқығанда қол соқпаған жан қалмады. Тағдыр тәлкегіне түскен жандардың жан сырын жырмен жеткізген Алмаштың өнеріне көрермендер риза болып, расында да, маңдайға жазғанына мойымай келе жатқан қайсар жүректі азаматтарға зор құрметпен қошемет көрсетті. Сондай-ақ, әжелерден құралған «Әжелер» ансамблі «Дудар-ай» халық әнінен шашу шашты. Ал концерттік бағдарламаны Жайнаргүл Дайнешова «Тәуелсіз қазақ қызымын» әнімен қорытындылады.

Концерт соңында «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиал төрағасы Маржан Ерғалиева сөз сөйлеп, бүгінгі әдемі кеште өнер көрсеткен барша өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Осындай мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамнан таса қалмауына жағдай жасап жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Атап айтсақ, аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, Құлсары қаласы әкімі Қадыржан Адинов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әлібек Науаров, Майкөмген ауылдық округінің әкімі Нұржарық Сауытов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қазиева, ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, аудандық Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Мыңжасаров пен Құлсары мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Еңсеповтер зағип жандардың Алғыс хатымен ұлығыланды.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT