«Әлем таныған ақын»

Жақында «Әлем таныған ақын» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің бастамасымен ҚР Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің нар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын әрі драматург Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Мақсат – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынның өнегелі шығармаларын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, әдебиетке құштар дарынды жастарды анықтау және олардың шығармашылық қабілетін шыңдау. Шара тізгінін ұстаған Айбол Бақытжанұлы алдымен ақынның өмір жолы мен бай шығармашылық мұрасы жайында кеңінен әңгімеледі. Келесі кезекте жергілікті әнші Айнұр Тасымова Мұхтар Шахановтың сөзі мен әніне жазылған «Балдаурен» әнін орындап, шараның шымылдығын түрді.

Байқаудың І кезеңінде қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқудан сынға түсті. Атап айтқанда, олар Мұхтар Шахановтың «Танакөз», «Әке үкімі», «Нарынқол зауалы», «Махамбеттің соңғы сөзі», «Ғашықтық ғаламаты» сынды шығармаларын көркем жеткізіп, өзара бақ сынасты. 

Ал ІІ кезеңде қатысушылар арнайы іріктеліп алынған 14 өлең негізінде сайысты. Бұл кезеңде бір оқушы өлең жолын бастап оқыса, қарсыласы сол өлеңді жалғастырып әкетуі тиіс болды. Өлеңді толық әрі әсерлі жеткізген қатысушы жоғары ұпайға ие болды.

 Сайыс барысында әділ қазылар алқасы қатысушылардың өнерін әділ бағалап, тиісті бағаларын берді. Сонымен қатар мұндай тағылымды шаралардың жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылса деген ұсыныстарын білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша №4 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Жұлдызай Сегізбай бас жүлдені иеленді. Бірінші орын №8 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Гүлзина Зиноллаға бұйырса, екінші орынды №17 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Махамбет Тимурұлы жеңіп алды. Ал үшінші орынға №4 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Айгүл Орынғали, Риза Дүкенбаева және №17 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Салтанат Серікқызы лайықты деп танылды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT