ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНІҢ сөз сардарлары

Жылыой жұртының жаны қашанда жырға жақын, ал ақындары сыршыл боп келеді. Қаламынан бал тамған шабыт иелері жетерлік. Бірі жасындай жарқылдап өмірден ерте өтсе де, бірінің бағасын әлі лайықты бере алмай жүрміз. Сондай сөз саңлақтарының бірі - қаламгерлер Тементай Әділханов, Мейрамбай Ғазимов, Нұрлан Жаңабаевтардың артында өшпес із қалды. Биыл ақындар Тементай Әділханов пен Мейрамбай Ғазимовтың туғанына 75 жыл, ал жас кетсе де, артында өлмес жыры қалған Нұрлан Жаңабаевтың өмірге келгеніне 65 жыл толды. Осыған орай, қаламгерлердің мерейлі жасына байланысты үш ақынның шығармашылық кеші өтті. Кешке қатысқан қаладағы №1 мектептің оқушылары үш ақынның да отты жырларын оқырмандарға мәнерлеп оқып берді.

Соқырлар қоғамының мүшесі Жайнаргүл Баймешова әуелеген «Бір бақыт» әнімен әдемі әсер қалдырды. «Туған өлке ақындары» атты кітап көрмесіне кітапханашы А.Садықова шолу жасап, ақындардың шығармаларымен кеңірек таныстырды. Кешті жүргізген оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Айгүл Амантайқызы үш ақынның өмірінен сыр шертіп, көпке танымал кей өлеңдерін оқып, шығу тарихына да қысқаша тоқталды. Кеш қонағы, ауданның жас ақыны Нұрлыбек Амандық:

- Ақиқатын айтсақ, кей ақындармен бүгін кеңінен таныстық. Осындай шаралар жалғасын тапса, уақыт тапшы болмаса, әр кез келуге дайынбыз. Өзіміздің жергілікті ақынжазушылардың мерейін өсіріп, кеңінен насихаттауымыз керек-ақ. Әйтпесе, небір дарындылар елеусіз қалып жатыр,-деп өз ойымен бөлісті. Кейде, шынымен-ақ, ортамызда жүріп, орамды ойлар айтып, өрнекті өлеңдер жазатын көптеген сөз дүлдүлдерін көзге ілмей жатамыз. Негізінде, Жылыой жері де ақынжазушыға кенде емес. Тек қолда бар қазынамызды қадірлеп, келер ұрпаққа насихаттай алсақ, өскелең ұрпақ осы ақындар – Тементай мен Мейрамбайдың, жастай кеткен Нұрланның жырларын жатқа айтар еді...

Кеш соңында аудандық орталық кітапхана директоры Сандуғаш Қалиева қатысушылардың барлығына алғыс білдіріп, арнайы сыйлық табыстады.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT