Таяуда аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен «Кең Жылыой – біздің елдің тиянағы» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өңірімізде бір шоғыр талантты жастардың бой түзеп келе жатқандығын тағы бір байқатты. Оған ел ішінде есімі бұрыннан таныс қаламгерлердің емес, енді елене бастаған жас ақындардың шақырылуы да жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Соңғы кезде өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен өзгешеленген өрендер Мұқағали жырлағандай, «өлең дегеннің қайшылықта тулайтынын» тағы бір мәрте көрсетті.
Ауданның 95 жылдығы аясында ұйымдастырылған жыр додасына «аузымен құс тістіген» 10 ақын келіп, бақ сынады. Дені Атырау қаласынан, Махамбет пен Қызылқоға ауданынан болса, олардан жылыойлық жүйріктер де қалыс қалған жоқ. Ерболат Ізден, Диана Ізбасарова, Нұрхат Қуандықов, Нұрлыбек Амандықов сынды әдебиет сүйер қауымның жүрегіне жақсы жырларымен жол тауып жүрген жас дарындардың қатысуы жылыойлық оқырманның мерейін бір көтеріп тастады. Мүшәйраның шартына сәйкес, ақындар, ең алдымен, ауданның 95 жылдығына арнап алдын ала жазып әкелген өлеңдерін оқыды. Қатысушының ақындық қасиетін сарапқа салған ІІ кезең болды. Онда әр үміткер жеребе суырғандай жасырылған тақырыптарды таңдап, 30 минут ішінде сол жерде өлең шығаруы тиіс. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғабдол Сланов атындағы сыйлықтың иегері, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы Нұрлан Қамидың төрағалық етуімен құрылған қазылар алқасына «сен тұр, мен атайын» дейтін өңкей «сайдың тасындай» сақа да сара ақындардың шығарған «сиясы кеппеген» шынайы шығармасын сарапқа салу оңайға соққан жоқ. Десек те, бақ пен бап қатар шапқан байрақты жыр бәсекесінде мықтылардың қанжығасы майланды. Мүшәйра шартымен ІІІ орын екі ақынға берілді. Оның бірі – жақында Аманқос Ершуовтың 80 жылдығына орай өткен облыстық жазба ақындар мүшәйрасында жеңімпаздар сапынан көрінген атыраулық Ақтілек Абаеваға бұйырды. Ақын арудан жерлесіміз жас талапкер ақын Нұрлыбек Амандықов та қалысқан жоқ. Қос таланттың аяқ алысы желе жортқан жорғадай тең түсті. ІІ орынды Қарақұмның қойнауынан көсіле шауып, көпке танылып жүрген дарабоз жас Нұртас Қуатбаев иеленсе, одан оқ бойы озық шыққан ақын қызымыз Диана Ізбасарова І орынды жеңіп алып, жылыойлық жырсүйер қауымды бір қуантып тастады. Ал бас жүлде қызылқоғалық қыр мінезді жас та арқалы ақын Нұрман Жолдастың қанжығасында кетті. Ол дүбірлі жыр додасында барша ақынарғымақтай бәйгеге қосылған сәттен бастап-ақ дараланып оза шапқан-ды. Шашасына шаң жұқтырмаған сәйгүліктей көрінген сырлы өлең өрнектері ақтық кезеңнің сынынан да сүрінбей, «мыңнан тұлпар» шықты. Өзге ақындар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай марапат табыс етілді.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ