-Хикаятта Төремұраттың ерлігі мен өрлігіне, пайымы мен парасатына көңіліміз толып, Қыз Данайдың ажары мен ақылына, талғамы мен тәліміне тәнті боламыз. Өтен мен Нарынбай секілді халық батырларымен танысып, дәулескер күйші Құрманғазының адами қасиеттеріне сүйсінеміз,-дейді жерлесіміз, журналист, жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қамидың «Қыз Данайдың қырғыны» атты хикаяттар жинағына алғы сөз жазған жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Тұрысбек Сәукетаев.
Иә, өңіріміздің әдебиет сүйер қауымы үшін жерлесіміз Нұрлан Ізғалиұлының «Қыз Данайдың қырғыны» атты хикаяттар топтамасының жарыққа шығуы – ерекше жаңалық болды. Көптен көпшіліктің аузында аңыз болып, ауыздан ауызға тарап айтылып жүрген бұл тарихи оқиғаның желісін жылыойлықтар естіп-білгенімен, жете зерттеліп жазылған әдеби шығармаға кезігіп көрмеген-ді. Оның үстіне оны жақсы білетін көнекөз қариялар қатары да сиреп барады. Уақыт өте келе мұндай тарихи хикаяттар ұмытылып кетуі де мүмкін. Мәселенің мән-жайына осы жағынан үңіліп қарайтын болсақ, онда жерлес жазушымыз болашақ ұрпақ үшін баға жетпес мол мұра қалдырғаны анық.
-Осы «Қыз Данайдың қырғыны» деген сөз тіркесі ел арасында жиі айтылады. Шын мәнінде осының тереңіне үңіліп жатқан жан жоқ. Тіпті жақында Өскеменнен келген бір азамат «Қыз Данайдың қырғынын» аталарының аузынан естігенін айтып қалды. «Қазақ хандығы» деген телесериалда да бір кейіпкер қыздың есімі Қыз Данай аталады. Ал шын мәнінде Қыз Данай - 1850 жылдары Жылойда өмір сүріп, сұлулығымен бүкіл Кіші Жүзге танылған, ақылына ажары сай ару. Сондықтан мен бұл тақырыпты зерттеп, аңызды ақиқатқа айналдырып, тасқа түсіруге бел будым. Сөйтіп, осы хикаятты жазуға үш жылдай дайындалдым. Көптеген қариялармен тілдестім, соның ішінде Сағын Мұқанғали ағамыздан біраз мәлімет алдым. Осылайша осы еңбегім дүниеге келді,-деді жазушы аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен «Қыз Данайдың қырғыны» атты кітабының тұсаукесер рәсімінде.
Бүгінде республикалық «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болып еңбек ететін Нұрлан Ізғалиұлының бұл еңбегінің тұсаукесеріне жылыойлық барша әдебиет сүйер қауым қатысты. Кешті жүргізген ақын Бүркіт Базарбаев қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғабдол Сланов атындағы сыйлықтың иегері Нұрлан Қамидың өмірі мен еңбек жолы жайлы тебірене сөйледі. Жинақтың тұңғыш тұсаукесер рәсімін жасау бақыты ардагер-журналист Нұрдәулет Ақназаров пен Қыз Данай жайлы алғаш тарихи поэма жазған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәулеш Шәтеноваға бұйырды.
Осылайша Төремұрат батыр мен Қыз Данай сұлудың бір-біріне деген шексіз махаббаты негізінде өрбіген тарихи оқиға желісінде жазылған «Қыз Данайдың қырғыны» атты жинақтың тұсауы қос ғашықтың кіндік қаны тамған туған жері - Жылыой топырағында кесілді. Жаңа еңбек жазушының өз қолтаңбасымен сол күні жылыойлықтардың жүрегіне жол тартты.
Ербол ҚОШАҚАНОВ