КҮЙШІНІҢ АТЫНДАҒЫ КӨШЕДЕ

Дүниеге шыр етіп келгеннен бастап-ақ адам баласы туған үйін, туған ауылын тани бастайды. Міне, осы жерді әр адам атамекенім, алтын бесігім деп біледі. Оның тарих тереңіне үңіліп, таланттарын да тани бастайды. Сол арқылы туған жерінің киесін сезініп, қадір-қасиетін ұғынады.

Талабы таудай талай таланттарды тарту еткен туған жер топырағы Тоқсанбай Құлтумиев сынды дарынды композиторды дүниеге әкеліп, «құйрықты жұлдыздай жарқ еткізгендігі» белгілі. Осы бір асыл бейне туралы, оның есімін жылдар ағымымен қатарымызға қосылған жас ұрпақтардың есіне салуда №1 қалалық кітапхана «Бір көше – бір тарих» жобасы бойынша белгілі жерлесіміз, сазгер, домбырашы, Күй атасы - Құрманғазының шығармаларын шебер орындаушы, насихаттаушы Т. Құлтумиевтың 90 жылдығына орай «Алып тұлға, ұлы сазгер» атты Тоқсанбай Құлтумиев атындағы көше тұрғындарымен танымдық кездесу өткізді.

Ондағы мақсат: жергілікті танымал өнер адамдарының шығармашылығын дәріптеу, өмірін елге, жас ұрпаққа таныту еді.

Кездесу кезінде Тоқсанбай Құлтумиев атындағы көшені аралай жүріп, сол көшенің тұрғыны зейнеткер мұғалім Әлия Далбаевамен жүздестік. Әлия апай Тоқсанбай Құлтумиев жайлы қызықты әңгіме өрбітіп, халыққа руханият нәрін сіңіріп жүрген кітапхана қызметіне сәттілік тіледі.

Осы шараны ұйымдастырған кітапхана меңгерушісі Нұрсұлу Самсақызы кездесу барысында ауданымызға белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Қонаш Қалдыоразұлының «Дала сазы», «Дала сазы немесе өнерді өрге өрлеткендер» кітабымен таныстырып, ондағы жазылған сазгердің қысқа да ғибратты ғұмыры жайлы баяндап, әңгімелескен Алия Мұңалқызына алғысын білдірді. «Шолпан» оқу орталығының оқушысы, «Жарқын» тобының мүшесі Дінмұхаммед Абзалұлы Тоқсанбай Құлтумиевтың «Комсомол» күйін күмбірлетті.

Әйгілі сазгердің атындағы көше бойында Құлсары қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі де орналасқан. Онда да сазгер Тоқсанбай Құлтумиевтың өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты баяндалды. Өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы О.Бөлегенов, бөлімше маманы Т.Самарханов тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісті.

Кездесу кезінде «Алып тұлға, ұлы сазгер» атты кітап көрмесі таныстырылып, өрт сөндірушілерді кітапханаға кітап оқуға шақырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521