Қазақи мәдениет пен ұлттық дәстүрдің айнасы саналатын құрақ көрпе – ғасырлар бойы әжелерімізден қыздарға, келіндерге жалғасып келе жатқан киелі өнер. Бұл ісмерлік өнер халқымыздың болмысын, тарихын және салт-дәстүрін сақтап, ұрпаққа жеткізудің бір жолы десек қателеспейміз.
Бүгінде бұл дәстүр тек сақталып қана қоймай, заманауи үлгіде дамып келеді. Бұрын қолда бар матамен ғана жасалған көрпелерді бүгінгі шеберлер түрлі маталармен, түстер мен оюлармен үйлестіріп, сәндік тұрғыда әрлендіруде. Дегенмен құрақтың түпкі бастауы – бабаларымыздан қалған асыл мұра.
Осы ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, өз шеберлігін әлемге танытқандардың бірі - жылыойлық Қанатбаева Жамила Мырзағалиқызы.
Естеріңізде болса, бүкіл әлеуметтік желіні дүр сілкіндіріп 2025 жылы Алматыдағы Медеу мұз айдынында өткен “Аламан құрақ” жобасына қатысып, Қазақстанның 17 облысынан келген 660 құрақшы арасында аудан мерейін асырған еді. Атырау облысынан 10 адам қатысқан жобада Жамила Мырзағалиқызы белсенділік танытты.
Барлық қатысушылардың еңбегін біріктіріп жайғанда көрпелердің жалпы көлемі 1366 шаршы метрге жетіп, бұл көрсеткіш “Global Book of Records” ұйымы арқылы әлемдік рекорд ретінде тіркелді. Ресми марапаттар Дубайдан рекорд кітабы және Испаниядан күміс төсбелгі түрінде келіп, 2026 жылғы 27 қаңтарда Астана қаласында табысталды.
Ал кейіпкеріміз Жамила ханым киелі құрақ өнерімен танысу тарихын өз сұхбатында кеңінен әңгімелеп айтып берді.
- Менің бұл өнерге қызығушылығым кішкентай кезімде басталды. Әжем құрақ құрап отыратын, мен оның қасында отырып бір шетін ұстап, жағаласып жүретінмін. Сол кезде тек инесін сабақтап беріп, түсінбей отыратынмын. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығым басылған жоқ, керісінше арта берді. Кейін интернеттен әртүрлі сайттардан зерттей келе, осы өнерде шеберлікке жеттім. Тіпті былтыр наурыз мерекесінде оқушы қыздарға шеберлік сағатын өткізіп, құрақ көрпе тігу жолдарын үйреттім. Әжемнің қолөнерін өрбітіп, әлемге танытып кейінгі жас буын қыздарымызға осы өнерді дәріптеп үйретіп жүргенім мен үшін үлкен жеңіс,-дейді ол.
Жамила Мырзағалиқызы қазіргі таңда Қосшағыл спорт мектебінде қызмет етеді. Ұлттық жобаға қатысу барысында оған мекеме басшысы Гүльфара Жолдасқызы жан-жақты демеушілік көрсетіп, қолдау білдірген. Ол үй жағдайында да құрақ құрап, көрпе тігу мен түрлі тоқымалар тоқу арқылы ұлттық өнерді ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді.
Осындай ауқымды жобалар мен жанашыр шеберлердің еңбегі ұлттық қолөнердің болашағына сенімді арттырады. Құрақ көрпе - ұлт тарихы мен аналардың мейірімін, ұрпақ сабақтастығын бейнелейтін ерекше өнер. Ұлттық өнерді қадірлей білетін елдің рухы биік, болашағы баянды. Сол себепті, құрақ өнерін сақтап, оны кейінгі буынға үйрету – бүгінгі ұрпаққа жүктелген қасиетті міндет. Айта кету керек, биыл Өскемен қаласында өтетін ауқымды шарада құрақшылар жаңа рекордты жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Аталған бастамаға ұлттық өнерді насихаттауда белсенділігімен танылған құрақ шебері Жамила Мырзағалиқызы да атсалысуды жоспарлауда. Бұл жобаның құрақ өнерін кеңінен дәріптеп, жаңа белеске көтерілуіне серпін беретіні сөзсіз.
А.Талапкер



