17 жасында Сағи Сауытовпен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерген Сантөре Сауытова – 11 перзентті өмірге әкелген «Алтын алқа» иегері. Құдай қосқан қосағымен бірге өмірдің тәттісі мен ащысын татып келе жатқан ана ата-ананы құрметтеу – қазақ халқының бойына сіңген жақсы қасиет екенін айтып, өзі де ата-енесінің ақ батасын алған жан екенін мақтанышпен жеткізді.
-Бұрын бір әке 10 баланы бақса, қазір 10 бала бір әкені баға алмай қалатын заман болды ғой. Сондықтан, айналайындар, ең бастысы ата-аналарыңды құрметтеңдер. Ажырасу көбейіп кетті. Ол да әке-шешелеріңнің жүрегін ауыртатын қасіретті жағдай, -деп ағынан жарылды «Алтын алқалы» ана.
Сантөре апа, сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүр, ырым-тыйымдарын ұмытпай, қолдан келгенше оны жаңғыртып жүруге шақырды.
–Қайын інімнің перзенттері бірінен соң бірі шетінеп, көпке дейін бала тұрмай жүрді. Соған жүрегім ауыратын. Өзіміздің 11 баламыз бар ғой. Шүкір, бәрі де аман, өсіп-өніп келе жатты. Содан қайным тағы да балалы болғанда, ата-енемнің, күйеуімнің рұқсатын алдым да, манағы өмірге жаңа келген шақалақты бауырыма бастым. Сөйтіп, 12-ші кенже балам ретінде бағып-қағып, ол қалай бір жасқа толды, әке-шешесіне бердім. Содан ана бала өсті де кетті. Шүкір, қазір өзі де әке, балалары ержетіп келеді. Бұл да қазақтың жақсы ырымы ғой,-деп ата дәстүрден сыр шертті.
Бүгінгі таңда Cағи аға мен Сантөре апаның 11 баласынан 23 немере, 15 жиен тарап отыр.
Сантөре Сауытова секілді Құдай қосқан қосағының жапырағын жайып отырған аналар ауданда аз емес. Біз оған аудан әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қалалық кітапханада ұйымдастырған шарасында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл ерекше кездесуге бір шаңырақ астында 40, 50, 60 жыл бойы қол ұстасып, бірге өмір сүріп келе жатқан жұбайлар жиналып, «дөңгелек үстел» басына қаз-қатар тізіліп отыра қалған. Оларға қарсы орындықтарға жас отбасылар жайғасыпты. Жүрекке жылылық ұялатар көрініс.
Шараны жүргізген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова ұлттық қодты, ұлттық мәдениетті сақтаушы негізгі орта — отбасы екенін айтып, ауданымыздағы үлгілі отбасы мүшелерін таныстырды. Ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыздарына лайықты тәрбие беріп келе жатқан Сағи Сауытов, Аяпберген Бөлекбай, Сағын Есқайыровтар жанындағы жұбайларымен бірге сол күнгі «дөңгелек үстелдің» басты кейіпкерлеріне айналды. Кездесу барысында олар жастарға отбасы құндылығы мен бақытты жанұя атанудың жолдары жайында өз ойларымен бөлісті. Шаңырақтың бірлік-берекесін сақтап қалу сырларын айтып, жастарға үй болудың жауапкершілігін түсіндірді.
Бұдан соң ауданның ауылшаруашылығына зор еңбек сіңірген Аяпберген Бөлекбай аға сөз сөйлеп, жастарды ағайын-туыспен қарым-қатынасты жақсарта беруге шақырды. Өмірде отбасымен бірге қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүретін, жан-жақты, мықты жастар тәрбиеленсе деген ақ тілегімен бөлісті. Ал Тұрғызба ауылының тұрғындары Сағын Есқайыров пен жұбайы Құрма Анесова 5 баланы тәрбиелеп, немере мен жиенді бағып отырған үлгілі отбасы ретінде сөз сөйледі. Жұбайлық өмірдегі керемет естеліктерімен бөлісті. «Бала – ата-ананың айнасы» екенін айтқан Сағын Қапесұлы жігіттің өмірлік досы қасындағы қол ұстасқан жұбайы болатынын, сондықтан әйелді сыйлап-құрметтеген ер-азаматты да әйелі төрге сүйрейтінін баса айтты.
Жас отбасылардың атынан Шоқпартоғай ауылының тұрғыны Саламат Махамбетов сөз сөйлеп, ақылын айтқан аға-апалар мен ата-әжелерге алғысын білдірді. Өзі Шоқпартоғай ауылындағы мәдени шаралардың ұйтқысы болып жүрген азамат екен. Ауылдық Әкелер кеңесінің мүшесі. Ауылішілік футбол командасының капитаны. Кішіге-ізет, үлкенге-құрмет көрсете білетін ибалы келіншегі Альбина екеуі үлгілі отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеп отыр.
Шара соңында Гүлнафис Айшуақова барлық отбасыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыс етті. Әншілер халық әндерін шырқап, көпшілік тәрбиелік мәні зор әңгіме мен рухани сұхбаттан сусындап шықты.
Иә, ұлт болашағының ең басты тұғыры, ең басты іргетасы — отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің де түп-төркіні осында жатыр. Ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұтастай алғанда, ұлт болмысын сақтайтын ең басты «қойма», оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, уақыт пен кеңістіктен аман сақтап, келешекке аманаттап тапсыратын әлеуметтік орта да — отбасы. Сондай іргесі мықты, шаңырағы биік отбасыларды жастарға насихаттау мақсатында осындай игі шараларды көптеп ұйымдастырған артықтық етпес.
Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ