Аудандық орталық кітапханада өз қолтаңбасы бар дарынды ақындардың алдыңғы қатарындағы Сәулеш Шәтенованың “Үнсіз айқайлау” прозалық шығармалар жинағы және “Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып” атты жыр кітаптарының тұсаукесері өтті. Сәулеш Шәтенованың жырларында өзіне ғана тән өрнек те, бояуы қанық нақыш та бар, сол өлеңдерден ғасырлар бойы өшпеген қазақы салт-дәстүрдің лебі еседі. “Сәулелі сәт”, “Күн тозаңы” атты жыр жинақтарымен танылған жаңа кітаптарына да соңғы жылдардағы жазған өлеңдері енгізілген.
Айта кету керек, аймақтағы ақындар арасында алғаш рет кітабы түрік тілінде аударылған автор ретінде өңіріміздің абыройын асқақтатып, сөз өнерін шекарадан асырған, жүректерге жол тапқан қаламгер. Оның тұңғыш “Үнсіз айқайлау” атты прозалық шығармалар жинағы түрік тіліне аударылып, Түркияның Стамбул қаласында жарық көрді. Кітапты түрік тіліне аударған - белгілі аудармашы Ашур Өздемир. Бұл еңбек түрік оқырмандарға қазақ жазушысының ішкі әлемін, ұлттық болмысты, адам жанының терең иірімдерін танытуға жол ашады.
”Үнсіз айқайлау” кітабының түрік тіліндегі нұсқасы “Sessiz çığlık” деп аталады. Ал “Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып” жыр жинағы кітабы Алматы қаласындағы “Үш қиян” баспасынан жарық көрген. Ақын кітапты белгілі баспагер Махмуд Қосмамбетов өзі демеушілік жасап шығарғанын тілге тиек етті. Бұл жыр жинағында ақынның кітапқа енген екі поэмасы, туған жерімізде болған тарихи оқиғалар өзек болған.
Ақынның жаңадан жарық көрген екі кітабының тұсауын кескен кітапхана басшысы Сандуғаш Төлеуішқызы қаламгерлердің еңбегіне алғыс айта отырып, шығармашылығына шалқар шабыт тіледі. Күмбірлі күй мен әсем ән әуенімен өрілген кеште ақын жөнінде арнайы бейнебаян көрсетіліп, оқырмандары өздері арнап жазған жыр шумақтарын мәнерлеп оқыды. Шара барысында оқырмандар ақынның шығармашылығы төңірегінде сұрақтар қойып, ризашылықпен пікірлерін білдірді. Белсенді қатысқан оқырмандарға Сәулеш Шәтенова өз қолтаңбасымен кітаптарын тарту етті. Поэзияның мерейін үстем еткен әдеби кеш жүректерге жылулық сыйлап, ақын мен оқырман арасындағы байланысты тағы бір мәрте тереңдете түсті.
Бұған дейін дарынды ақын Сәулеш Шәтенованың “Жазуымды тұрады ылғи күн оқып” жыр жинағы Алматы төріндегі Қазақстан Жазушылары кітапханасында, ал “Үнсіз айқайлау” тұңғыш проза кітабы Атырау қаласының Орталық кітапханасында салтанатты түрде тұсауы кесілген болатын. “Үнсіз айқайлау” кітабы қазір Түркиядағы халықаралық кітап көрмесінде көпшіліктің назарына ұсынылып үлгерді.
А.Ерденқызы



