Аудан әкімдігінің қолдауымен “Jylyoi Cup” жайдарманының финалы өтті. Ол бүгінде жастардың сүйіп көретін ойынына айналды. Сондықтан соңғы кезде халыққа әдемі, астарлы әзіл сыйлап, өнер сахнасына қадам басқан «жайдарманшылар» қатары жыл санап артып келеді. Жалпы ойынға 12 команда қатысып, соның 4-еуі ақтық сынға шыққан болатын.
Қызықты да тартысты ойын үлгісін көрсеткен әзілкеш жастар көрермендерді күлкіге қарық қылды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен астарлап, жеңіл түрде жеткізетін «жайдарманшылардың» актерлік қабілеті де жоғары деңгейде болды.
Әзілдерінің салмақтылығымен әділқазылардың әділ бағасын алған ”Мөр-мөр” командасы жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Ал ”Жылыой құрамасы” 2- орынды иеленсе, ”Доссор” командасы 3-орынды жеңіп алды. Әзілімен, сахнада ойнау шеберлігімен көрерменнің көзайымына айналған «Доссор» командасының мүшесі Данияр Еримов «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
П.ТӘЖІ