Биыл қазақ халқының рухани әлемінде ерекше орны бар, ағартушы, сәулетші, әулие Бекет ата Мырзағұлұлының туғанына 275 жыл толды. Осыған орай «Қосшағыл» мәдениет үйінің қызметкерлері Қосшағыл ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен ерекше шара ұйымдастырды. Ол – тағылымы мол «Күй – құдіретті қазына» атты аудандық күйшілер байқауы еді. Бір жақсысы, ауыл өнерпаздары бұл күй сайысын шалғайдағы өз ауылында емес, Құлсары қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектептің акт залында өткізді.
Байқаудың ашылу салтанатында Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Еркінов сөз сөйлеп, Бекет атаның ел тарихындағы, руханияттағы рөліне тоқталып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Байқауға өңірдің түкпіртүкпірінен келген дарынды күйші өнерпаздар қатысты. Қатысушыларға жас шектеуі қойылмады. Сайыс бір кезеңнен тұрды. Қатысушылар Маңғыстау күй мектебінен бір күй, сондай-ақ Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап, Махамбет сынды күй тарландарының шығармаларынан қалауы бойынша бір күйден орындады. Күйшілер өз кезегін әділқазылар үстелінен реттік нөмір таңдау арқылы анықтап, сол тәртіппен сахнаға шығып, күй тартып, өз шеберлігін көрсетті. Әрбір өнерпаздың орындауында ұлттық рух, тарихи таным және терең шеберлік байқалды.
Бұл байқау – күй өнерін насихаттаумен қатар, ұлттық болмысымыздың алтын арқауын өскелең ұрпаққа жеткізудің бір үлгісі болды. «Күй – құдіретті қазына» байқауы арқылы Бекет ата Мырзағұлұлының рухына тағзым етіліп, жас өнерпаздар жаңа шабыт алғандай болды. Ал өнерсүйер қауым күй арқылы рухани кемелденіп, ұлттық өнерге деген құрметі арта түсті. Тілес Тілеуқұлов, Гүлмаржан Қанжанова, Амангүл Қоджаева сынды өнер иелерінен құралған қазылар алқасының шешімімен жүлделі III орынды Нұрдәулет Абзалұлы иеленіп, қаржылай 30 мың, II орынды Санжар Сағындық жеңіп алып, 50 мың теңгеге ие болды. Ал, жүлделі I орын Әділет Оңайбаевқа беріліп, 70 мың теңге ақшалай сыйлықпен қоса марапатталды. Ал байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Ануар Қалиевке бұйырды. Ол өз өнерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, өзге де қатысушылар Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппаратының алғыс хатымен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Бұл байқау – ұлттық өнеріміздің бірегей саласы саналатын күй өнерін дәріптеумен қатар, Бекет ата Мырзағұлұлы сынды тарихи тұлғаларымызға деген құрметтің айқын көрінісі болды. Жас күйшілердің орындауындағы әр күй – өткен тарихпен, халық рухымен үндесіп жатты. Осындай тағылымды шаралар ұлт руханиятын түлетіп, өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыра түскені анық.
А.МОЛДАШЕВ