«Қасиет» студиясының шәкірттері ұстаздар үдесінен шығып, еліміздің қос қаласында өткен байрақты бәсекеде жүлденің алдын бермеді. Ақтау және Ақтөбедегі халықаралық фестивальде мерейі үстем болған жылыойлықтар алдағы уақытта шетелде бақ сынап көрмек.
Бұл Салтанат Алимова бастаған «қасиеттіктердің» алғашқы жеңісі емес. Осыған дейін де талай жетістіктерді бағындырып, жас өрендердің қуанышты хабарын газет оқырмандарымен жарыса бөліскен едік. Енді, міне, сол жеңісті жолынан таймаған жерлестеріміздің тағы бір жағымды жаңалығын жазудың сәті түсіп отыр. «Қасиеттің» өнерпаздары шілде айында бір емес, екі бірдей ірі жарысқа аттанған еді.
Соның бірі – 14 шілде күні Ақтау қаласында өткен «Қазақстан таланттары» сайысы. Онда «Киелі Қасиет» вокалды аспаптар ансамблі «Қарағым- ай» халық әнін шырқап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал, «Қасиет» халық аспаптар ансамблі Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйін күмбірлетіп, жүлделі 1-орынды жеңіп алса, жеке шеберлігімен Бекасыл Болат, Әділет Жексенбай, Дінислам Серік сынды жас домбырашылар да жеңіс тұғырынан көрінді. Өзге де студия шәкірттері жекелей сында бақ сынап, жүлделі орындарды еншіледі.
Ақтаудағы жарыстан кейін іле-шала «қасиеттіктер» Ақтөбе қаласына аттанды. Маңғыстауда көрермен көзайымына айналған қос ансамбль 20 шілде күні өткен халықаралық «Nurly Fest» байқауында бақ сынап, онда бас жүлдені жеңіп алды. Жеке орындауда Бекасыл Болат, Әділет Жексенбай, Дінислам Серік, Мадияр Қосдәулет, Нияз Бауыржан сынды студия шәкірттері де басты жүлделерді қанжығасына байлап, өңірдің ғана емес, Атырау аймағының абыройын асқақтатты.
Қос бірдей өнер додасына шәкірттерін бастап барған Салтанат Алимова байқау туралы былай деді:
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жер-жерден келген талантты өнерпаздар көп болды. Дегенмен, солардың қарқынынан қалмай, қатардан озған «Қасиет» өнер студиясының шәкірттеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Себебі, жылдап жинаған тәжірибелері мен төккен тер ақталды. Алдағы күндері мұнымен тоқтап қалмай, шетелде бақ сынауға дайындалып жатырмыз. Басты мақсат - Жылыойдың шоқтығын көтеріп, қазақ өнерін әлемге танытып, көк туымызды көкте желбірету.
Байқау қорытындысымен «Қасиеттің» қос өнер ұжымы қыркүйек айында – Ташкент қаласында және қарашада Стамбул шаһарында өтетін сайысқа тікелей жолдама алды. Талантты жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, болашақтағы бәсекелі байқауларда мерейі үстем болуына тілектеспіз.
Е.АЛТАЙҰЛЫ