Кітапханашылар ұсынысы

Биыл жерлесіміз, әдебиетші ғалым, ақын Қабиболла Сыдиықовтың туғанына 90 жыл толды. Осыған орай аудан көлемінде көптеген іс-шара жоспары жасақталып, алды жүзеге асты, алға қарай да қолға алына бермек.

Міне, осы мерейтой қарсаңында Құлсары қаласындағы орталық кітапхана ұжымы аудан әкімі Жұмабек Қаражановқа және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Науаровқа күтпеген ұсыныс жасады. Онда ауданның кітапханашылары өздері қызмет атқарып келе жатқан орталық кітапханаға осы жерлесіміз Қабиболла Сыдиықов есімін беруді сұраған. Онда былай делінген:

“Жылыой аудандық орталық кітапхананың аудан халқына кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетіп келе жатқанына 88 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар кітапханаға ауданға еңбек сіңірген республикаға танымал тұлғаның есімін берсе деген ұсынысымыз бар” деп басталатын ұсыныс:

«Кітапхана ұжымы Жылыойда туып-өскен, қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан республикаға танымал ақын, өлкетанушы, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ әдебиеті тарихын, жыраулар поэзиясын, Абай мұраларын зерттеп, ауыз әдебиеті үлгілерін, музыкалық фольклор жанрларын жинауға көп еңбек сіңірген әдебиеттанушы Қабиболла Сыдиықұлының есімін «Жылыой аудандық орталық кітапхана» мемлекеттік мекемесіне беруді ұсынады” деп аяқталып, аудан басшыларына жолданған. Бұл жөнінде кітапханада арнайы жиналыс өтіп, кітапханашылар мен қызметкерлер бұл ұсынысты бір ауыздан қолдаған.

Көңілге қонымды ұсынысты, әрине, аудан басшылары қолдайды деген сенімдеміз. Газетіміздің көзі қарақты қалың оқырман қауымы бей-жай қарай алмас.

Егер аудан кітапханашыларының ұсынысы қабылданып, руханият ордасына Қабекеңнің есімі берілер болса, онда бұл “ақындар ауылы” атанған Ақкиізтоғайдың ғана емес, талай таланттарды туғызған Киелі мекен – Кең Жылыой өңірі тарихындағы ерекше бір есте қалар оқиға болары анық.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521