Кітап – адамзаттың мәңгілік серігі, ұлт руханиятының қайнар көзі.
Сондықтан кітапхананың басты міндеті – оқырманды жаңа туындылармен таныстырып, ұлттық әдебиеттің озық үлгілерін насихаттау. Аудандық орталық кітапханадағы биылғы толықтырулар да соның айғағы.
Кітапхана қорына оқырман қауымы үшін енгізілген жаңа кітаптарды енді асыға барып оқуға болады. Өйткені кітапхана сөресіне өзгеріс енгізіліп, шығармалар қатары көбейді. Бұл рухани өмірдің жаңғыруы мен ұлт мәдениетінің дамуына қосылған тамшыдай болса да үлес екені рас.
Кітап сөрелеріне белгілі ақын Аманқос Ершуовтың «Кие» атты өлеңдер жинағы келіп қосылды. Бұл кітапта туған жерге, ұлттық рух пен адамдық қадірге арналған әсерлі жырлар тоғысқан. Ақынның әр өлеңінен даланың иісі, елге деген сүйіспеншілік пен жүрек үнін сезесің. Ал журналист, жазушы Өтепберген Әлімгерейұлының «Үстірт пен Үйшік, азау арасы» атты өлкетанушылық еңбегі де оқырман үшін құнды дүние. Бұл кітап өңір тарихының тереңінен сыр шертеді, ел жадындағы деректерді жаңғыртып, өлкенің өткені мен бүгініне тағылымдық көзқараспен қарайды. Мұндай еңбектер туған жердің қадірін ұқтырып, жас ұрпақтың патриоттық рухын қалыптастырады. Қазақ әдебиетінің ардақты тұлғасы, ҚР Мәдениет қайраткері Қадыр Жүсіптің «Жылдар жаңғырығы» атты кітабы да кітапхана сөресінен орын тапты. Бұл түрлі жанрдағы шығармалардан құралған жинақ. Автордың өмір тәжірибесі мен ой толғамы, әдеби көзқарасы осы кітаптан анық байқалады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген Ө.Озғанбай мен К.Бекмағанбеттің «Өтті жылдар, отты жылдар» еңбегі – майдангерлер мен тыл ардагерлеріне тағзым іспетті. Кітапта соғыс жылдарының ауыртпалығы мен ерлік дәуірінің ізі терең бейнеленген. Бұл кітап ұрпаққа аманат, ел тарихының қастерлі беттерін қайта жаңғыртқан туынды болып қалмақ. Кітапхана сонымен қатар бард ақын Табылды Досымовтың «Мойындату» атты жарияланбаған жазбалар жинағымен толықты. Ақынның ішкі әлемі мен замандасқа үн қатқан шынайы сезімі осы кітаптан көрініс табады. Ал ақын Нұрым Ерғалиевтің «Шіркін, дәурен» атты өлеңдер кітабы – өмірдің мәні мен өткіншілігі, жастықтың бал күндері мен адам жанының нәзік иірімдері туралы сыр шертеді. Бұл ретте жазушы Бекқайыр Аманшиннің «Өтемістен туған он едік» атты кітабы – Махамбет Өтемісұлы туралы әр жылдардағы зерттеу мақалалар мен тарихи деректердің топтамасы. Бұл еңбек ұлт азаттығы жолында атын тарихқа алтын әріппен жаздырған батыр ақынның тұлғасын жаңа қырынан танытады. Сондай-ақ кітапхана қорына белгілі сатирик Берік Садырдың «Е, бәсе» атты әзіл-сықақ әңгімелер жинағы да келіп түсті. Автордың туындылары қоғамдағы келеңсіздіктерді жеңіл юмормен жеткізе отырып, оқырманға ой салуға бағытталған. Балалар әдебиетінің өкілі П.Дүйсенбиннің «Жұмбақ жұлдыз жымыңы» атты ертегі-хикаяттар кітабы да жас оқырмандарды қуантпақ. Бұл жинақ балалардың қиялын ұштап, жақсылыққа баулиды.
Бүгінде кітапхана ұжымы жаңа әдебиеттерді оқырманға насихаттау бағытында түрлі форматтағы шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені әрбір жаңа кітап – бір әлем, ал оқырман – сол әлемнің есігін ашатын кілт иесі.
Жаңа басылымдар тек ақпарат көзі емес, ұлт рухының жаңғыру нышаны. Әдебиетке, тарихқа, мәдениетке деген қызығушылық – қоғамның рухани деңгейінің өлшемі. Сондықтан кітапхана қорындағы осындай құнды еңбектердің көбеюі Жылыой жұртшылығының мәдени өміріне тың серпін берері сөзсіз. Оқырман үшін кітап – ойдың азығы, рухтың тынысы. Ал жаңа кітаптардың келуі сол рухани тыныстың кеңеюі. Кітапхана есігі – білімге, ізденіске, өркениетке бастайтын ашық кеңістік. Сондықтан жаңа шығармалардан сусындағыңыз келсе, кітапхана төріне асығыңыз!
Жанат Байгуршимова,
аудандық орталық кітапхананың ақпараттық
библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі


