Ауданымыздың 95 жылдық мерейтойына арналған шаралар әлдеқашан басталып кетті. Соның бір парасы жақында аудандық музейде де аталып өтті. Бұл жолы «Киелі өңір нақыштары!» атты батыс аймақтық сурет пен қолөнер көрмесі өзіне тек жылыойлық қылқалам шеберлері мен ісмерлерді тартып қана қойған жоқ, көршілес Қызылқоға ауданы мен Маңғыстау облысының да өнер иелерін жинады. Бір сөзбен айтқанда, көрмеге 14 жас қылқалам шеберінің 70-тен астам туындысы қойылды. Көрмеге тек суретшілер ғана емес, қолөнер шеберлері де өз туындыларын қойды.
Онда аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, қала әкімі Қадыржан Адинов, аудан ардагерлері, барша өнер сүйер қауым қатысты. Ашылуында сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебізін білдірген Гүлнафис Аязберікқызы, Қадыржан Амангелдіұлы және басқалар киелі мекен - Кең Жылыой өңірінің тек қазына байлыққа қана емес, құнарлы топырақтан нәр алған тума таланттарға да бай екендігін айрықша атап өтті. Оған көрмедегі сиқырлы қылқаламның ұшымен бейнеленген суретшілер мен қолөнер шеберлерінің жұртшылыққа ұсынған көз тоймас керемет туындылары куә бола алады.
Айта кету керек, өлкеміздің қолөнер, қылқалам шеберлері бұған дейін де аудандық музеймен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс жасап, аудандық деңгейде бірнеше шаралар ұйымдастырып қана қоймай, сол арқылы жас өрендер арасында киелі өнерді насихаттауға өз үлесін қосып келе жатқан-ды. Ал бұл жолғы көрменің ерекшелігі – Маңғыстау мен Қызылқоға өңірлерінен келген шеберлердің, сонымен бірге Жылыойдың жас суретшілерінің бұрын-соңды жарыққа шықпаған туындыларының көрермен назарына ұсынылуы еді. Рзабай Оразғалиев, Серік Мәтениязов, Қосқұлақ Қыдыровтармен бірге Ләззат Мамырова, Нұргүл Елтезерова, Нұрила Мақсотова, Нұрлан Сағынғалиев, Қуаныш Шалабаев, Бағытжан Дәумегенов, Мұрат Ысмағұлов, Хиуаз Демеуова, Еркін Қоянғалиев, Еркін Бозжігітов, Мырзатай Мәжитов, Темірхан Бәйешев секілді өнер иелерінің суреттері көрермен көзайымына айналды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты республикалық байқауға қатысып жеңімпаз атанған қылқалам шебері Ләззат Мамыроваға марапат табыстады. Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Аманкелдіұлы, Жастар ресурстық орталығының өкілі Айжан Еримова, аудандық музей басшысы Мұрат Ерісұлы ұтымды ұйымдастырған шара үшін ризашылық сезімін білдіріп, қылқалам шеберлерін арнайы Алғысхатпен марапаттады.
Көрмені ұйымдастыруға бастамашы болған қазақ өнерінің қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер және дизайнерлер Одақтарының мүшесі Серік Қамидоллаұлы. Ол шараның негізгі мақсаты мен басты міндеті жайлы түсіндірді. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Сағынбай Бектілеуов пен Маңғыстау облысынан арнайылап келген, облыстық көрмебайқаулардың дипломанты Хиуаз Сұлтанқызы да құттықтау лебізін жолдады.
Көрме туындыларын тамашалауға келген жылыойлықтар қарасы көп болды. Өйткені ол ескі музей ғимаратында тамыз айының соңына дейін жалғасты.
Ербол ҚОШАҚАНОВ