Әлеуметтік желіде менің «Көкжиек» газетіне бұдан 21 жыл бұрын жарияланған Қален Кідібасов туралы мақалам шығыпты. Ол қаламгерге «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағы берілуіне орай басылған еді. Содан бері қаншама уақыт өтті, нешеме сең жүрді. Бүгінде «Кең Жылыойдың Қалекесі» атанған абзал жанның өзі де өмірде жоқ. Оның кеңпейіл жүрегі тоқтағалы үш айдан асып барады.
Сонау 2002 жылы жарық көрген аудан энциклопедиясының 248-бетінде оның 1932 жылғы 2-тамызда Аманкелді ауылдық кеңесінде дүниеге келгендігі жазылыпты. Одан әрі Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдағаны айтылады. Иә, ол ауданның алғашқы кәсіби журналисі болатын. Кезінде мамандығы бойынша облыстық «Социалды құрылыс» (қазіргі «Атырау»), аудандық «Коммунизмге алға» (бүгінгі «Кең Жылой») газеттерінде қызмет істеді. Тіпті редактордың орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл – екінің біріне сыйлай салатын лауазым емес. Шындығында, редакциядағы күллі салмақ соған түседі. Оны өз басынан өткергендер ғана түсінеді. Осы қызметінде жүре беруге де болар еді, егер компартия үстемдік құрған уақытта білімді жандардың бас жібі соның қолында болмаса.
Қалекеңді де аупартком аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне, кино жүйесінің директорлығына жұмсады. Екеуін де абыроймен атқарды. Жөнді көлік те жоқ, шаруаның бәрін ескі «Газикпен» атқаратын. Сонда қабағын шытпаушы еді-ау. Шаршағанын сездірмейтін. Іші алай-дүлей шығар, сыртына шығармайтын. Көбіне редакцияда бас қосатынбыз. Аудандық газеттің сол кездегі құрамы – шетінен ақын. Бірі өлеңнің басын бастаса, екіншісі жалғастырып кететін, үшіншісі түйіндеп тастайтын. Арасында Қалекең қосылып, жеңіл әзілімен араласады. Ал, Бәкең (Бақытжан Бозданов) келсе, әңгіме қыза түседі. Қолы қалт еткенде Сәкең (Сапарбек Сәрсенов) отқа май құйып кетеді. Қапшық толы қалжыңымен Төкең (Төлеш Қошқаров) жетеді. Бүгінде бұл кісілердің бәрі де жоқ. Келместің кемесімен қайтпас сапарға аттанған. Есте естеліктер қалған.
Қалекең арасында Алматыға бармақ екенін айтады. Онда мұны жан досы күтеді. Қален Кідібасов Қазақстанның Халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевпен университетте бірге оқыған. Студенттік шақтарын Алатаудың баурайында өткізген. Бозбала кезде басталған достық сезімге жарты ғасырдан аса жарықшақ түспеген. Анау жылы арқалы ақын Қалекеңе арнап өлең де жазған. Сонда досына:
Өмірім бар, көңілім жақын Қаленмен,
Сондықтан да сағынумен келем мен.
Өліп кеткен өксігі көп жылдарды
Талай мәрте өрнектедім өлеңмен,-деп сыр шертуі текке ме? Екінің біріне айтпайтын сыр емес пе бұл? Қол бұлғап кейін қалған жастық шаққа сағыныш қой. Оны тек поэзия тілімен жеткізуге болар.
Алматыға сирек келме, жиі кел,
Аңқылдаған көңілімнің күйіне ер.
Өшіп қалған оттар қайта жағылар,
Өліп қалған жандар қайта тірілер.
Кел, Қалеке, төріме шық, еркеле,
Көтеремін шықсаң-дағы желкеме.
Сендей қазақ әбден керек болып жүр,
Жетісуға, Тұмаш туған өлкеге, - деп жырлауы да Қалекеңді өзгелерден оқ бойы озық көргені ғой. Халық ақынына Алматыда жолдас та жолығар, дос та табылар. Әйтсе де, Жем бойындағы жігітті сағынуы тегін бе? Ендеше, оның кіршіксіз таза жанын бағалағаны шығар.
Ақырында,
Теңізімнің толқынында құлашта,
Көктеміме жараса қал, гүл аш та.
Қартайғанда дос көңілі жетпей тұр,
Алматыда жалғыз жүрген Тұмашқа,-деуі сағыныштың соңғы тамшысы тәрізді. Адам жасы егде тартқанда қатарын іздейтіні рас екен. Ал, жанын түсінер кісінің қасында болғанын қалауы – табиғи қажеттілік. Халқының «Тұмаш ақыны» атанып, елдің алдында жүргенімен, жалпыға жария етпейтін құпиясы ғой. Кеудеге сыймаған соң шумақтап жеткізгені де.
Сол досы өмірден өткенде Қалекең де жалғызсырап жүрді. Біразға дейін жарасымды әзілін де айтпады, жадырап та күлмеді. Әйтсе де, уақыт емші ғой, кейін Тұмаш ақын туралы естеліктерімен бөлісетін. Өзіне ғана арнаған өлеңін «Атырау» газетіне жариялады. Бір қызығы, Қалекеңнің бойында да досына ұқсастық көп еді. Сырт бейнесі де, өзін ұстауы да, сөз саптауы да келіңкірейтін. Орташа бойы мен жәй басқан жүрісі де аумайтын. Тіпті дауысы да бірдей. Қарапайымдылығы да.
Кейде жігіттер әзілдеп «Алматыда досыңыз бар. Соған айтып, орден-медаль алмайсыз ба?» дейтін. Әрине, астарлы сөз. Расында да қоңырау шалса немесе кезекті барғанында құлаққағыс етсе, арқалы ақынның айтқаны жерде қалмас-ау. Мұндай пендешілікке барып жүргендер аз ба? Ал, Қалекең «Тұмаш алсын» дейтін жәй ғана. Жоғарыда жүрген досының тұлғасы өзгелерден төмен болмағанын қалайтын. Расында да, Тұманбай Молдағалиев кезекті марапатқа қол жеткізгенін естігендер алдымен Қалекеңді құттықтайтын. Бұл кісі де теріс көрмейді, шын ниетімен қабылдап жатады.
Қарапайымдылық – адам бойына бітер бірегей қасиет. Рас, жалпыға емес, жалқыға. Сол аздың бірі Қалекең еді. Бірақ атқамінерлер өздері қозғалуы тиіс-ті. Әкімі ақынын іздеген ел бақытты деседі ғой. Тоқсан жастың төріне көтерілу – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Сүйегі асыл жандар ғана жетер оған. Қай елде екенін ұмыттым, 90 жасқа толғандар толығымен мемлекеттің қамқорлығында болады екен. Заңмен солай бекітілген. Жағдайы бар ма, жоқ па – бәрібір, мемлекет оның бар керегін мойнына алады. Денсаулығын қарауға арнайы дәрігер бөледі, ағзасына жағымды тағам ұсынады. Демалысын ұйымдастырады, көлікпен қамтиды. Өзге де қажетімен қамтамасыз етеді.
Рас, бізде әзірге мұндай заң жоқ. Әйтсе де, тоқсанға келген тарланды облыс әкімінің қабылдауына әкеліп, лайықты марапатын ұсынған жөн еді. Қалекең оны өзі сұрап алмас, бірақ көңілінде үміті болды-ау. Кезінде «ауданның абызы» атанған Жанаш Нұрмахановтың да 90 жылдығы аттың жалында, түйенің қомында өткен. Бола ма екен солай істеуге?
Бауыржан Момышұлы «Адамды бұзатын – атақ, ақша, арақ» деген екен. Қалекең мұның үшеуінен де ада. Тағы да батырдың айтқан «Ақсақал – тұтас бір ауылдың жыртығын жамап, айбынын асырып отыратын тұлға» дегені бар. Қален Кідібасов сондай жан-ды. Талай тығырыққа тірелген мәселенің түйінін тарқатып жіберетін. Мүмкін, соңғы уақытта кәріге балап, ешкім ақыл сұрай қоймаған да шығар. Әйтпесе, әлі де жөн сілтеп, бағыт берер қауқары бар еді. Көп сыры ішінде кеткені де кәміл. Қалекеңнің маған жезделігі де бар-ды. Мұны кейінірек білдім. Содан анау жылы апамыз өмірден өтті. Сырттай көңіл айтқаныммен, қызметтен босай қоймадым. Содан бір күні Нұрдәулет Ақназаров қоңырау шалып, Қалекеңнің мені көрмек ойы бар екенін жеткізді. «Атырау» газетінің кезекті мерейтойы да болғалы жатқан. Соның қарсаңында бір мақала жазып тастаудың да реті келе қалған. Содан жаныма журналист Рита Өтеуғалиева мен фототілші Ерлан Алтыбаевты ертіп, Құлсарыны бетке алдық. Кіреберістен Нұрекең күтіп алып, төртінші ауылға бастады.
Қалекең үйде екен, марқұмның рухына құран бағыштап, бата оқыдық. Түсінігі бар жан ғой, жұмысбасты жағдайымызды ұғып отырды. Әрі қарай мақала жөнінде емеурін танытқанымызда, жүзі шырайланып шыға келді. Жолда жанымдағыларға Қалекең туралы білетінімді кеңінен баяндағам. Бұл кейін мақаланың сапалы жазылуына оң себеп болды.
Міне, Қалекеңнің сол қонақжай үйі былтыр көктемдегі тасқында қатты зардап шегіпті. Оның төрінде кімдер отырмады, табалдырығын кімдер аттамады? Әдемі ақын Қаржау Оразбаев та осы үйден дәм татып шығып, кетерінде «қош болыңыз» деген екен. Сөйтіп, мәңгілікке қоштасыпты. Жә, осы баспана мәселесі кәрі жүректі қозғап жіберсе керек. Егделікпен ілесе келетін өзге дерттерге қосымша болғандай. Ақыры, шыдай алмады.
Заманымыздың заңғары Шыңғыс Айтматов «Дүниедегі ең қиыны – адам болып қалу» депті. Тағы да осы тұлға «Адамға ең қиыны – күнде адам болып жүру» деген екен. Қалекең мұндай бағаға лайық жан-ды. Рас, 93-ке иек артып өмірден өту – екінің біріне берілмеген меже. Әйтсе де, Жылыой бір адамынан ажырап қалғандай. Нағыз Адамынан.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
ауданның Құрметті азаматы