«Қазақтың Қадыры»

Апта басында қазақ поэзиясының абызы, сөз өнерінің қадіріне айналған Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойына орай ауданда “Қазақтың Қадыры” атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ақынның мұрасын ұлықтап, жас буынға дәріптеуді мақсат еткен шараға Атырау өңірінің әр бұрышынан жиналған қарлығаш қанат қаламгерлер қатысып, жыр сүйер қауым көрермен болды. Қазақтың қасиетті өнерін кие тұтқан қатысушылар Қадыр рухына тағзым етіп, өздерінің еш жерде жарияланбаған туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

200-ден астам өлеңі халықтың сүйікті әніне айналып, публицистикалық өлеңдері арқылы қазақ әдебиетінің шыңына шыққан Қадыр ақынның туындылары бүгінде көптің көңілінде қалып, жұрттың жүрек түкпірінен орын алуда. Оған ақынның қара өлеңдерін жатқа оқып, мүшәйраларда топ бастап жүрген көркемсөз шеберлері мен жас ақындары дәлел. Ауданымызда өткен облыстық мүшәйра додасы да сол көштің жалғасы еді. Мұнда Мақат, Құрманғазы, Қызылқоға, Махамбет, Индер мен Жылыой, сондай-ақ Атырау қаласының жастары қатысып, 2 кезең бойынша бақ сынады. Жас қаламгерлер алғашқы кезеңде Қадыр Мырза Әлінің 5 өлеңін жатқа оқып, екінші кезеңде оған арнаған сиясы кеппеген жаңа өлеңдерімен бөлісті. Оларға ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Дәулетбаева мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Нұржан Өмірбай, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Асланбек Шығыровтар төрелік етті. Әділқазылар алқасының өздері айтпақшы, олар ақынға арналған өлеңнің көркемдігіне, оны орындау шеберлігіне және өлең жолдарындағы ұйқасқа мән беретінін жеткізді. Байқау қорытындысы да соған сай әділ шығып, нәтиже қайта қаралуға жатпады.

Жыр додасының қорытындысы бойынша қызылқоғалық Нұрдәулет Жылқышы, құрманғазылық Мақсат Сұңғатов, индерлік Нұрасыл Иса мен жергілікті Жылыой жерінің жас ақыны Нұрлыбек Амандықовтар алғыс хатқа ие болса, Атырау қаласынан ат терлетіп келген Аружан Аманкелді арнайы жүлдеге ие болды. Ал ІІІ орын атыраулық Нұрай Талап пен Махамбет ауданынан келген жас ақын Ақтілек Абайқызына бұйырды. Бұл ретте ІІ орынды Мақат ауданының намысын талай додаларда қорғап жүрген Асылбек Есжан иеленіп, І орын жылыойлық Ерболат Ізденнің қанжығасында қалды. Ал жыр байқауының бас жүлдесі – Жылыой өңірінің жас ақыны, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Ерназ Ахметкәрімовке бұйырды. Қатысушылардың барлығына қаржылай сыйлықтар табысталып, жеңіс тұғырынан көрінген жас ақындарға көрермен қошеметін жаудырды.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT