«Қасиетті қазына» иесі

Ақша бұлттар аспанындағы Ақкиізтоғай ақын-жазушы, ғұлама ғалымдардан кенже қалған емес. Қашанда Жылыойдың қарымды қаламгерлерінің бәрі дерлік осы қасиетті мекеннен түлеп ұшқан. Бір шумақ өлеңімен-ақ даналықтың қандай екенін жеткізіп, санамызды сан қилы қиырға самғатқан Аманқос Ершуов – сөзімізге дәлел. Тірісінде қадіріне жете алмасақ та, күні бүгін аты ұлығыланып, кітаптары баспадан қайта басылып, жаңадан түлеп, қалың жұртшылыққа ұсынылды.

Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса да даналық бар

Біреуде қарт та болса шалалық бар,-деп бір шумақ өлеңімен шығармашылықтың шыңына шалқып шыққан ақиық ақын Аманқос Ершуов – даналықпен бірге бақытты балалыққа да қалам тербеген қарымды қаламгер. Оның балаларға арналған жырлары – соның айғағы.

Өткен аптаның сейсенбі күні аудандық балалар кітапханасында Аманқос Ершуовтың үш бірдей кітабының тұсауы кесілді. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова мен ауданның белгілі ақын-жазушылары мен ақынның оқырмандары жиналды. Қызы Маржан Ершудің бастамасымен, ТШО компаниясының демеушілігімен арқалы ақынның «Бармақбайдың басынан кешкендері», «Қасиетті қазына», «Ақмешіт» атты еңбектері қайта басылып шықты.

Гүлнафис Аязберікқызы өз сөзінде ТШО компаниясына алғысын айтып, жергілікті ақынымыздың кітабы қалың оқырманға кеңінен тарайтынына қуанышын білдірді. Аманқос Ершуов туралы ақын Бүркіт Базарбаев:

- Аманқос Ершуовты ауыл ақсақалдары «кеңірдегі кең жігіт» дейтін, себебі сөйлегенде дауысы зор, ақындығында шек жоқ азамат еді. Аманқос өлең оқығанда Алматыдан келген көптеген ақындар бұғып қалатын. Неге десеңіз, тумысы бөлек сәйгүліктер бәйгеге түскенде, мақтаулы тұлпарлар болдырып қалатыны сияқты, Аманқостың поэзиясын үнсіз тыңдайтын. Негізі ауданымызда Аманқос оқуларын да өткізу керек деп есептеймін. «Қасиетті қазына» кітабының балаларға берері мол. Сондықтан, еліміздегі әр мектепте болып, барлық оқушыларға оқыту керек. Тіпті, мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Осындай бастамаларды қолға алсақ, келешекке қалдырар мұрамыз да мол болар еді,-деп өз ойымен тебірене бөлісті.

ТШО компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев:

- Бұл керемет бастама құтты болсын дегім келеді. Технологияның қарыштап дамып тұрған заманында кітаптың құндылығын жете түсінбей жүрміз. «Кітап – білім бұлағы» дегендей, кітаптан алар дүниеміз көп. Жергілікті ақындарды насихаттаудан, осындай игі бастамалардан ТШО компаниясы ешқашан тартынып қалмайды. Алдағы уақытта да тоқтап қалмай, ел игілігі үшін еселі еңбек ететін боламыз,-деді өз сөзінде.

Расымен-ақ, Аманқостың жырын оқысаңыз, жаныңыз бір жылулық табады. Өлеңнің құдіреттілігін жүрекпен сезінгендей боламыз. Ершуовтың өлеңін тек Ақкиізтоғай емес, жалпы Жылыойдың жастары жатқа білер болса, нұр үстіне нұр болар еді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, өз дара тұлғамызды көп алдында құрметтемесек, ұлылардың да шығуы екі талай. «Біреуде жас та болса даналық бар. Біреуде қарт та болса шалалық бар» деп Аманқос Ершуов жырлағандай, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін өмірдің мәнін жете ұғына білсек, қоғамда шалалық та, алалық та болмайды деп есептейміз.

Е.АХМЕТКӘРІМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT