Қара сөзге қанат бітірген...

Жылыой топырағы – сөз киесін қастерлеген, өлең-жырдың мәйегін терген қаламгерлерге кенде емес. Бұл өлкенің өлеңін өрнектеген, қара сөзін қазына еткен аға буын ақын-жазушылары бүгінгі жастарға мол мұра қалдырды. Сол сара жолды жалғап, рухани сабақтастықты жаңғырту мақсатында жуырда ауданымызда «Мұқаба» атты әдеби-поэтикалық клуб өз жұмысын бастағаны аян. Жас қалам иелерінің басын қосатын бұл орта шығармашылыққа серпін беріп, ұлттық әдебиет пен өнерге жанашыр буын тәрбиелеуге бағытталған игі бастама болды.

Жас буынның әдебиетке, поэзияға деген қызығушылығын арттырып, өңірдің жас ақындары мен көркемсөз оқу шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында құрылған ұйымның ашылу кеші орталық кітапхана төрінде өтті. Оған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, сондай-ақ Жылыой ауданының Құрметті азаматтары Нұрдәулет Ақназаров, Сәулеш Шәтенова, Қонаш Қалдыоразовтар қатысып, жас қаламгерлердің бастамасына тілектестігін білдірді.

-Жылыой ежелден ақын-жыраулардың мекені ғой. Оған бүгінгі жас талапкерлер дәлел. «Мұқаба» клубының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Бұл тасада жүрген жас қаламгерлердің ортамызға қосылуына септігін тигізетін жаңа орта боларына сенемін. Біз білмейді екенбіз, ауданда артымыздан еріп келе жатқан ақындар көп екен ғой!-деді сөз басында ақын, жазушы Сәулеш Шәтенова. Одан кейін өзі де өлең оқыған ұл-қыздардан шабыт алып, сиясы кеппеген жаңа жырларын тыңдармандарға ұсынды.

Шара барысында «Мұқаба» клубының мүшелері таныстырылды. Олардың қатарында өңірде өтетін поэзия кештерінде төбе көрсетіп, қара өлеңнің қаймағын қалқып, қоржынын көбейтіп жүрген Жандарбек Саламатұлы, Махамбет Асанов, Анар Мейірова, Арайлым Бауыржанқызы, Диана Ізбасарқызы, Дәурен Рзабеков, Жадыра Қаздаева, Ерназ Ахметкәрімов, Жұлдызай Сегізбай, Арыстан Саламатов, Дәулет Мәдиев, Аманбек Хазиұлы, Нұрлыбек Амандықов сынды жас дарындар бар. Ал осы тізімнің басын біріктіріп, қасиетті мекеннің болашақ қаламгерлерін жинақтаған – Әлібек Амандықов еді. Жырдан алқа таққан жылыойлықтардың мәдениетіне үлес қосып, өскелең ұрпақтың жарқ етіп сахнадан көрінуін қалайтын ол:

-Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі «Мұқаба» ресми түрде ашылды. Жастардың қара өлеңге қызығушылығы барда осындай бір ұйымның болғанын қалайтын едім. Бұл жоспарымның жүзеге асуына көмектескен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаровқа алғысымды айтқым келеді. Өлең - жанның үні, проза - ойдың тереңдігі. Ендеше,осы рухани әлемге бірге саяхат жасайық,-деді ойын жеткізіп.

Іс-шара әдебиетсүйер қауымның қатысуымен қызықты өтті. Онда «Өлеңді жалғастыр» атты ұйқас табудан шағын сайыс өтіп, ойынға белсенді қатысқандарға орталық кітапхана ұжымы атынан сый-сияпаттар табыс етілді. Қонақтар арасынан ән айтылып, өлең оқылып, поэзия кеші ерекше әсермен қорытындыланды. Жас қаламгерлердің жүрек тербеген жырлары, тың ой мен тегеурінді талант тоғысқан көркем туындылары кеш қонақтарының көңіл төрінен орын тепті. Олардың шырайлы сөзі, шынайы сезімі мен шалқар шабыты «Мұқаба» клубының болашағының жарқын боларына сенім ұялатты. Қара сөзге қанат байлаған жастардың алғашқы қадамына куә болған жұртшылық оларға сәт сапар тілеп тарқасты. Ал руханияттың шамын жағып, жаңа есімдердің жарқырауына жол ашқан клуб — Жылыой әдебиетінің жаңа тынысын ашпақ ниетте.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT