Біздің кейіпкеріміз өзгелер секілді әр салада жұмыс жасап, қызмет ауыстырып көрмеген жан. Еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің атауы тұр. Ол - бұрынғы аудандық «Ембі», қазіргі «Кең Жылой» газеті. Иә, иә, Жұмақыз Нұржанова 40 жылға тарта еңбек өтілінде редакциядан басқа жерде еңбек етпепті.
Сол кездегі бас редактор Мұңал Далбаевтың өзі атын атамай «Қара қыз» десе, Тементай Әділханов, Бисенбай Бигелдиев, Қаржау Оразбаев сынды өзімен жасы қатар журналистер «Қыз Жұма» деп еркелететін. Сондықтан да болар, ол өзіне ыстық ұядай көрінген қаламгерлердің қара шаңырағын тастап ешқайда кеткісі келмеді. Зейнеткерлікке қалғанша табан аудармастан редакцияда еселі еңбек етті.
Жұмақыз Қасымқызы Құлсары кентінде 1955 жылдың 17 ақпанында дүниеге келген-ді. 1962 жылы А.Макаренко орта мектебінің табалдырығын алғаш аттап, 1972 жылы онжылдықты бітіріп шықты. Білімін жалғастыруға мүмкіндік болмай еңбекке ерте араласты. Сөйтіп өзінің өмірлік «екінші үйіне» айналған аудандық «Ембі» газетінің табалдырығынан тұңғыш аттады. Бастапқыда үш ай сынақпен еден жуушы ретінде жұмыс жасаған қаршадай қара қыз кейін сол дәуірдің тілімен айтқанда «секретарь-машинистка» қызметіне ауысты. Міне, осы уақыттан бастап Жұмақыз Нұржанованың үлкен еңбек жолы басталды.
Аудан айнасына айналған төл басылымның беттеріндегі жарық көріп жатқан түрлі жанрдағы барлық мақалалар, ең алдымен, сол кездегі редакцияның қаршадай қара қызының қолынан өтетін-ді. Бас редактор Мұңал Далбаевтан бастап, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Сапарбек Сәрсенов, Жәрдем Тайыпов, Қуаныш Ержанов, Айтуар Өтегенов сынды тіс қаққан аға журналистер өз алдына, тіпті, сол кездің аудан басшыларының да баяндамасын машинкаға басып беретін өзі еді. Өйткені:
- Бүкіл аудан бойынша сол кездегі жалғыз қазақша машинка тек біздің редакцияда ғана болды. Газетіміз үш мезгіл шығады, әсіресе саяси науқан, мал төлдету науқаны кезінде мақала дегенің өте көп жазылады. Атаулы мерекелік күндерде демонстрацияда оқылатын материалдар редакцияға орыс тілінде келеді. Оны тілшіміз Қуаныш Ержанов қазақшаға аударады. Қасымда отырып «диктовать» етеді, мен машинкамен теріп беремін. 60-70 тізімді басып, газетке беріп үлгеретінбіз. Ол уақытта редакцияда бар болғаны үш қыз жұмыс жасадық. Есепші Балқия Құлбалиева, Айман Исмағұлова және мен, -дейді Жұмақыз апа өткен күндерін еске ала.
Аудан басшылары демекші, бірде Миллят Сабированың өзі келіп, 20 бет баяндамасын тергізді. Айна-қатесіз басылған жазбаға риза болған бірінші басшы алғысын жаудырып, 8 наурыз мерекесінде Алғыс хатпен марапаттағаны бар. Бұдан басқа, ақындар Аманқос Ершуов, Таубай Сақтағанов, Аман Жанкеев, Мейрамбай Ғазимов, Қуаныш Ержанов, Қаржау Оразбаев, Айтуар Өтегеновтердің өлең жинақтарын машинкада теріп, басып беріп жүрді. Бір сөзбен айтқанда, қаламы қарымды ауданның барша қаламгерлерінің кітабында Жұмақыз Нұржанованың қолтаңбасы бар десек, артық айтқандық емес. Редакцияға сол 1972 жылы жұмысқа орналасқан Жұмақыз апай жалғыз машинка емес, іште жүріп жұмыс талғамай, кез келген қызметке де араласып кете беретін-ді. Ауырып қалса есепшінің орнына есепші, керек болса кассир, тіпті кадр маманы боп та қызмет атқарды. Бір сөзбен айтқанда, аудандық газетке «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» Жұмақыз Нұржанова ақыры редакциядан құрметті зейнеткерлік демалысқа қалды.
Бір қызығы, бас редактор Мұңал Далбаевтың «қара қызы» толып жүрген журналист жігіттердің бірде-біреуіне бұйырмады. Өндірісте еңбек етіп жүріп, штаттан тыс тілші ретінде аудандық газетке үзбестен хабар, мақала жазып жүрген Темір Сәрсенов деген электрик жігіт «қағып кетті». Бүгінде «Кең Жылой» газетінің зейнеткері Жұмақыз Нұржанова үш перзентінен үш немере, сегіз жиен көріп отырған бақытты әже. Ал Құдай қосқан қосағы Темкең болса, редакциядан өз теңін тапқаннан кейін мақала жазуды да қойып кетіпті.
Иә, бүгінде жетпісінші көктемін қарсы алып отырған Жұмақыз Қасымқызын кейінгі ізін басқан әріптестері өзі ұзақ жыл жұмыс жасаған аудан айнасы – «Кең Жылой» газетінің оқырмандары атынан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, ұзақ өмір тілейді.
Е.ҚОШАҚАНОВ